Казталов ауданының денсаулық сақтау саласы жыл сайын жақсы көрсеткішке ие болып келеді. Оған аудандағы қос аурухана – Казталов аудандық ауруханасы мен №2 Казталов аудандық ауруханасы ұжымының еселі еңбегі арқасында жетіп отыр. Бұдан басқа сыртқы факторлардың да қолдауы бар. Жуырда Жалпақтал ауылында орналасқан №2 Казталов аудандық ауруханасының жұмысымен таныстық. Құдайы қонақты жылы қарсы алған аурухана басшысы міндетін атқарушы Жұмажан Алданыш биыл атқарылған жұмысты бүге-шүгесіне дейін баяндап, аурухананың тыныс-тіршілігін таныстырды.
№2 Казталов аудандық ауруханасында үш дәрігерлік амбулатория, төрт фельдшерлік-амбулаториялық пункт, 19 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетеді. Аурухананың емдеу аймағында 14 212 аудан тұрғыны бар. Оның ішінде 0-14 жас аралығындағы балалар – 3796, 15-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер – 587, ересектер – 9826, 65 жастан асқан 976 адам аталған аурухана қызметіне жүгінеді. Аудан медицинасына сенім артқан тұрғындарға 21 дәрігер, 121 орта буынды медицина қызметкері қызмет көрсетеді. Қай өңірде болмасын, қайсыбір саланы алып қарасақ та, кадр мәселесі күн тәртібінен түспейді. Ауыл десе, ат-тонын ала қашатындар қатары артып, туған жерге туын тігер азаматтар азайып бара жатыр. Кіндік қаны тамған жерден түлеп ұшқан азамат «Елге пайдам тисін» деген ниетпен туған елге азды-көп қызмет етсе, халық алғысын арқалар еді. Жұмажан Жұмабекұлымен сұхбатымыз да кадр мәселесінен басталды.
– Ауруханамыздағы кадр мәселесі жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде оңтайлы шешімін тауып отыр. Күні кеше бір жалпы тәжірибелі дәрігерді, бір неонатолог-реаниматолог, бір кинезиотерапевт, бір фармацевт, бір лаборант және жеті орта буынды медицина қызметкерін жұмысқа қабылдадық. Сондай-ақ Жаңажол, Қарасу, Көктерек, Қараөзен, Ақпәтер ауылдық округтерін акушермен қамтамасыз етіп отырмыз. Мамандарымыздың да ауыл медицинасын дамытуға үлес қосуға ниетті екенін ескерген жөн. Мәселен, неонатолог-реаниматолог маман облысымызда жоқтың қасы. Бір ғана маманның өзі облыстық перинаталдық орталықта қызмет етеді. Біздің шақыртуымызбен өңірге келген маманға да сұраныс болды, дегенмен дәрігердің өзі туған ауылында еңбек етуді жөн санады. Неонатолог-реаниматолог алты жасқа дейінгі балаларды қарайды және осы мақсатта арнайы «Педиатрлық кеңес» кабинетін аштық. Кинезиотерапевт маман жұмысының нәтижесінде де тұралап қалған бірқатар медициналық құрылғы іске қосылып, халық сұранысы қанағаттандырылуда. Дегенмен кадр тапшылығы мәселесі бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Қазіргі таңда ауруханаға УДЗ дәрігері, жалпы тәжірибелі дәрігер, екі дәрігер-хирург, невропатолог, нарколог, реабилитолог, анестезиолог-реаниматолог, профпатолог мамандары қажет. УДЗ дәрігері мен профпатолог маманды өзіміз дайындап, оқытудамыз. Мысалы, жуырда УДЗ маманына бір дәрігерімізді арнайы оқыттық. Ол бұл бағытта тәжірибесінің аздығына байланысты тек науқастың ішкі құрылысын, бүйректі, несеп қуығын түсіре алады. Жүкті әйелдерді түсіру бағытын алдағы уақытта оқып, үйренетін болады. Жалпы, ауруханамызға келген мамандарды баспанамен қамту мемлекеттік бағдарламалар арқылы, жергілікті атқарушы органның қолдауымен оң шешімін тауып келеді. Бұл өз кезегінде мамандарымызды да жігерлендіреді, – деді аурухана басшысы міндетін уақытша атқарушы Жұмажан Алданыш.
Ыбырайша айтар болсақ, «қойға шапқан аш қасқырдай» қызметіне кіріскен неонотолог-реаниматолог, кинезиотерапевт мамандармен де әңгімелестік. Бірі жоғары білімін туып-өскен өңірде кәдеге жаратқысы келсе, бірі алғашында мейіргер қызметінде болып, қосымша жоғары білім алып, білікті дәрігер ретінде халыққа қызмет көрсетуде.
– Адам баласының өмірінде таңдаған мамандығының маңызы зор. Менің бала арманым қиялға жетелеп, қиялым өңіме айналды. Ес білген шақтан балалар дәрігері болуды армандап, орта мектепті тәмамдаған соң Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетте жоғары білім алдым. Оқыту жүйесіне сәйкес алдымен бакалавр, кейін интернатураны аяқтап, резидентурада білімімді жетілдіріп, неонотолог-реаниматолог мамандығын игердім. Білім алудағы басты мақсат – халыққа сапалы қызмет көрсету. Соның ішінде шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен панасына алған, кіндік қаным тамған өңірге қызмет етуді мақсат еттім. Адам әрекет қылса, мақсатына жетеді емес пе? – дейді Алтынкүл Болатқызы.
Ал Астана медицина университетінен «Кинезиотерапия» мамандығы бойынша денсаулық сақтау бакалавры дәрежесін алып шыққан Нұртас Жәлелов жоғары оқу орнында оқуына кадр тапшылығына байланысты халыққа қажет қызмет көрсетілмеуі себеп болғанын алға тартты.
– 2016 жылы оқу бітіріп, алғашқы еңбек жолымды мейіргер болып бастадым. Қызметте жүргенде тұрғындардың маман жоқтығынан тиісті ем-дом қабылдай алмайтынына қынжылатынмын. Намысым қайрап, мақсат құрып, жоғары білім алуға бел байладым. Университет дипломын алған соң да туған жеріме қайта оралдым. Елге қызмет ету – мен үшін абырой, – деді ол.
Кадр мәселесінің оң шешімін тауып жатқаны көңілге қуаныш сыйлады. Туған жердің перзенті елге қызмет етуі жастарға деген сенімді арттырды. Әйтсе де маман бар, ал қажет медициналық аппарат жоқ болса, жығылғанға жұдырық емес пе? Себебі медициналық құрал-жабдықтардың тапшылығы сапалы қызмет көрсетуге кедергі. Алайда біз нысанаға алған ауруханада маманның жоқтығынан қолданылмайтын құрылғылар қатарына жаңа медициналық жабдықтар сатып алынған.
– Ауруханамыз 38 төсек-орынмен қамтамасыз етілген. Атап айтар болсақ, пульмонологиялық реабилитацияға – 1, хирургия бөліміне – 7, поллиативті көмек көрсетуге арналған – 1, фтизиопульмонологиялық 1 төсек-орын, гинекология бөлімінде – 7, балалар бөлімінде – 6, инфекциялық бөлімде 3 төсек-орын бар. Сонымен қатар күндізгі стационар дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-амбулаториялық пункт, медициналық пунктті қоса алғанда, 60 төсек-орынмен қамтамасыз етілді. Бұрынғы тәжірибеге еті үйренген үлкендеріміз «Төсек-орын неге аз?» деген сауал қойып жатады. Біз бұл заман талабына сай, әлемдік тәжірибеде емханада емделуге емес, өзіне-өзі қызмет көрсетуге дағдыланғанын түсіндіреміз. Ертеректе науқаста ауру белгісі байқалса, емханаға жатқыза беретін болған.
Ауруханамыздағы медициналық құрылғыларды тізбектеп отыру қажет емес деп ойлаймын. Биыл ауруханаға рентген аппаратын, парафин қыздырғышын, түрлі ауруды анықтау мақсатында ферритин, гликозилденген гемоглобин, простат-спецификалық антиген, прокальцитонин, тропонин I, С-реактивті белок, Д-димер сынды қан талдауын алуға арналған Getein-1100 аппаратын, Холтер бойынша артериалды қан қысымы және ЭКГ-нің тәулікті мониторингі құрылғысы мен несеп анализаторын алдық, – деді Жұмажан Жұмабекұлы.
Ол «Су жаңа рентген аппараты неге істен шықты?» деген сауалымызға да жауап берді. Сөзіне сүйенсек, рентген аппаратының істен шығуына стабилизатордағы ақау себеп болған. Рентген аппараты жұмыс істеп тұрғанымен, стабилизатор істен шығып, электр қуаты бармаған соң рентгенге түсіру мүмкін емес. Ал электр желісінің 90 пайызы ескірген аумақта электр қуаты да әлсіз болып, стабилизатор жұмысына кері әсерін тигізген. Дегенмен құрылғы қалпына келтіріліп, үш апта бұрын іске қосылған. Әйтсе де аурухана басшысы «Стабилизатор жұмысын бақылауда ұстап, мамандардан кеңес алып отырамыз» дейді.
Жалпақтал, Жаңажол, Қараөзен, Көктерек, Талдыапан, Талдықұдық, Ақпәтер, Қарасу ауылдық окрутері орталықтары мен елді мекендерінде медициналық қызмет көрсететін ауруханаға қатысты тұрғындардың да сұрағы бар. Дертіне шипа іздеген тұрғындар «Жалпақтал аудандық ауруханасына білікті мамандар неге келмейді?», «Ауруханамызда ота неге жасалмайды?», «Ауруханада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме?», «Балаға берілетін сүтті алып тұруға не кедергі?» деген сауалдарын әлеуметтік желілерде ашық айтып, редакция тілшілеріне де жолдап жүр. Ел аманатын арқалап, Жұмажан Жұмабекұлына сұрақтарды қойдық. Бұл сауалдардың жиі қойылатынын тілге тиек еткен аурухананың бас дәрігері ауданымыздың үнпарағы арқылы мазмұнды жауап берді.
– Біз халықтан ештеңені жасырмаймыз. Барлығын ашық айтып, халықпен кері байланысты жетілдірудеміз. Облыс, аудан әкімдерінің халықпен кездесу жиындарында және өзімнің жеке қабылдауларымда сіз атап өткен сауалдар жиі қойылады. Бәріне жан-жақты талдау жасай отырып, жауап береміз. Мәселен, дүниеге келген балаға бір жасқа дейін берілетін сүтті алайық. Жыл басында сүт тапшылығы болды. Себебі жыл басында жүзеге асырылған процестердің орындалуы кешеуілдеп, бірнеше айдан соң жауапты мердігер ауруханамызға сүтті жеткізді. Сүт бар, бірақ бәріне бірдей беріле бермейді. Өйткені бұл жұмыс «Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №75 бұйрығымен жүзеге асырылады. Бұйрықта көрсетілген негіздемеге сәйкес балаға сүт беріледі. Тегін дәрі-дәрмектерді беру де осы жүйеге ұқсас. Жыл басында қажет дәрі-дәрмектер мен санын анықтап, өтініш береміз. Дәрі келген соң есепте тұрған науқастарға рецепт бойынша берілетін болады. Дәрігердің қабылдауында болмаған, рецепті жоқ адамға дәрі берілмейді. Ал дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Ауруханамызға білікті мамандарды шақырту мен ота жасау мәселесіне тоқталар болсақ, халық айтса, қалт айтпайды. Бізде жыл басынан бері небәрі үш ота жасалды. Ота жасауға арналған бөлме, құрал-жабдықтар бар. Бірақ дәрігер-хирург, дәрігер анестезиолог-реаниматолог мамандардың жоқтығынан ота жасалмайды. Аталған мамандар табылып, ауруханада қызмет істеймін десе, қуана қарсы алып, халыққа тегін ота жасау мүмкіндігін ұсынамыз. Дегенмен маман жоқ деп сылтауратпай, ота қажет науқастарды облыс орталығына және Казталов аудандық ауруханасына жолдама арқылы жібереміз. Әріптестерімізбен өзара іс-қимыл мен түсіністіктің арқасында мәселені шешіп жатырмыз. Сонымен қатар емделушілерімізге медициналық кеңес беру үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен жұмыс нәтижесінде білікті мамандардың келіп, тұрғындарды қабылдап жүргенін де жоққа шығара алмаймыз, – деді бас дәрігер. Сұхбат барысында сондай-ақ скрининг, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және коронавирус індетіне қарсы аурухана тарапынан атқарылып жатқан жұмыс жайы да баяндалды.
– Халыққа МӘМС жүйесі, скринингтің тиімділігі жөнінде түсіндіру жұмысын үнемі жүргізіп отырамыз. Коронавирус індетімен күрес жұмысын жетілдіру мақсатында ақпарат беріп, тұрғындар денсаулығын бақылауда ұстаймыз. Бірқатар дерекке тоқталып өтсем. Коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауырғандар саны 2021- 2022 жылдары 410 адамға жетіп, 80 адам ауыр симптомды түрімен ауырып, алты адам көз жұмды. Сол жылы 57 адам реабилитациядан өтті. 2022 жылы 78 науқас індет жұқтырды, өлім тіркелген жоқ. Реабилитациядан өткен науқастар саны 13 адамды құрады. Ал індетке қарсы екпе салу да қарқынды жүргізіліп, І компонентпен 5351, ІІ компонентпен 4874 адам екпе алса, 2361 адам ревакцинацияланып, 543 адам 4-кезең бойынша қайта екпе алды. Скрининг бойынша да айтарлықтай көрсеткішіміз бар. МӘМС жүйесі бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-шаралар жоспары нәтижесінде азаматтардың бұл тұрғыда түсінігін арттыруға жұмыстанып жатырмыз, – деді ол.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ауруханада серпіліс бар. Мамандармен тілдесіп, халықпен де жүздесіп, біраз ақпаратқа қанықтық. Халықтың да аурухана жұмысына көңілі толады. Тек аурухананың материалдық жағдайы оң шешімін тауып отырса, нұр үстіне нұр. Басты міндет – халыққа сапалы қызмет көрсету болуы керек. Бұл қай ұжымның болсын, басты қағидасы болуы шарт. Маман тұрақтап, жабдықтар жаңартылып отырса, қызмет көрсету сапасы да артады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz