Республика күніне орай Бөрлі аудандық ауруханасында ашық есік күні өтті. Шарада тұрғындарға тар бейінді медицина мамандарына қаралуға мүмкіндік туды. Әсіресе, травматолог, оториноларинголог, невролог, онколог, маммолог, офтальмолог, УДЗ және ЭКГ мамандарды күні бойы қабылдады. Тұрғындар бұндай шаралардың жиі өткізілуі тиіс деп санайды.
Сонымен қатар емхананың бірінші қабатында пациенттер қан қысымын өлшетіп, қант мөлшерін тексертіп, дәрігерге дейінгі кабинеттен өту үшін жолдама алды.
- Бүгін күні бойы дәрігерлер емханаға келген пациенттерді қабылдады. Шараға тұрғындар өте көп келіп, белсенділік танытты. Қазіргі кезде ауданда онкологиялық аурулар мен қан айналымы жүйесінің аурулары көптеп кездеседі. Бұл үлкен мәселе. Өкінішке орай, өлім жағдайы да тіркеліп отыр. Бұл ең алдымен біздің пациенттеріміздің уақтылы скринингке өтпеуі, тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекті алу үшін емханаға келмеулері осындай қиын жағдайды тудырып отыр. Сондықтан тұрғындарды өз денсаулықтарыңызға салғырт қарамай, уақтылы тексерістен өтуге шақырамын, - дейді аудандық аурухана директорының орынбасарының міндетін атқарушы Гаухар Тукубаева.
Ашық есік күндері тек мереке қарсаңында емес, қайырымдылық айлығы саналған қазан айында әр сенбі күндері өткізіліп келеді.
Әр аптада қандай дәрігер қабылдайтынын аудандық ауруханаың facebook парақшасынан білуге болады.
Ал мереке қарсаңызда өткізілген ашық есік күніне барлығы 117 пациент барып, денсаулығын тексертті.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz