16.05.2024, 17:47
Оқылды: 99

Ауруын жасырған алысқа бармайды

Адамның басты байлығы – оның денсаулығы деп айтамыз. Десек те құдайдың берген нығыметіне жүрдім-бардым қарап, дененің моральдық және физиологиялық жағдайына аса мән бермегендіктен,  кейде тіпті бойымызды ауру дендеп, әбден асқынғанда барып, аурухана жағалаймыз. Дәрігерлерден көмек күтеміз. Шыны сол. Тез сауығып кетпесек, асқындырып алсақ - дәріге, дәрігердің біліктілігіне күмән келтіріп жатқанымыз. Ал сауығып кетсек, ауырғанымызды тез ұмытып, сақтанбаймыз, уақытылы қаралып, күтінбейміз. Әйтсе де бұл жолы басқа мәселенің бетін қозғауды ұйғардық.

 жп мед

Шыңғырлау ауданындағы халықтың денсаулығы туралы айтсақ, біздің аудан  тұрғындары ең көп жиі ауыратын халық ретінде облыста көш соңында тұр екенбіз. Аурудан сауықтыру көрсеткіші де көңіл бірлейтіндей емес. Цифрлармен сөйлесек: небары 13 мың халқы бар ауданымызда 5000-ға жуық тұрғын денсаулығындағы кінәратымен есепте тұрады екен. Солардың ішінде 3000-ы бала болса, оның 300-і диспансерлік тіркеуде тұр. Жоғарыда көрсеткен емханаға түрлі ауруымен тіркелген 5000 адамның ішінде инсультпен, инфаркт, өкпе қабынуы,  созылмалы ішек, бауыр, бүйрек, омыртқа, тері ауруы, нерв жүйесі тағы басқамен де емделіп жүрген тұрғындар. Соның ішінде ішкілікпен, нашақорлықпен тағы басқа ауруымен тіркелгендер де бар. Айтқандайын, адам баласы өзі тіленіп алатын созылмалы ауру түрлері бар. Мысалы алкоголизм және нашақорлық, оған қоса әлемді жаға ұстаттырған АИВ/ЖИТС.

АИВ/ЖИТС- бұл ауру түрі әлеуметтік жағынан нашар қоғамда, тіпті, экономикасы қарқындап дамыған үлкен алпауыт елдерде де көптеп кездеседі және оның санын нақты басып ешкім айта алмайды. Қорқыныштысы сол, осы бір «сұрап алған» немесе байқаусызда жұқтыру нәтижесінде пайда болған аурудың біздің ауданымызда да тіркелгендігінен де хабардармыз. Оның жыл санап азаймайтындығы да алаңдатады. Сол себепті арнайы мекемелер, соның ішінде аудандық аурухана, емханамыз  аурудың түрін, ауырғандар есебін жүргізіп, алдын алу - профилактикалық түсіндіру жұмыстарын да өткізіп отырады.

Сұрап алған ауру деп ішкіліктен айыға алмай, ол созылмалы дертке ауысып кеткендердің де ауруын айтқан түріміз. Алкоголизммен есепте тұрғандар саны қазіргі күні 39, оның сыртында  үйінен шықпай, көзге түспей, көрпе астында жатып ішетіндерді қосып санасақ, одан әрі көбейері сөзсіз.

Сонымен қатар бүгінгі заманның тағы бір қауіпті дерті, бұл-нашақорлық, әзірге «көз көріп, қолға ұсталып, ауруы меңдеп есеңгірегенде» дәрігердің алдына құлайтын нашақорлар саны бүгінде - 4 адам. Ал ғасыр дерті саналатын «СПИД» немесе ЖИТС жұқтырып,онымен ауыратындар санымен қоса, жұқтыру қаупімен де елеңдетіп отырғаны жайы бар.

Ал бей-берекет тірлік пен жеке бастың гигиенасын сақтамау, аморальдық өмір салтымен жүрген ерлер мен әйелдердің ара-қатынасынан туындайтын аурудың сорақы түрі ЖИТС ауруымен, өкінішке орай шыңғырлаулық тұрғындардың есепте тұрғандары бүгіндері белгілі тәртіп бойынша ем алып жатыр. Әйтсе де, емдік шараларын үнемі қабылдау қажеттілігі бар жандардың әлі де өз мойындарындағы жауапкершілікті терең сезінбеуі байқалады. Емханаға бірде келіп, бірде келмей жүріп алатындықтары өз алдына, ауруға байланысты шарттарды орындаудан бас тартатындары да кездесіп қалады екен. Себеп-салдары да көп.

ЖИТС ауруын жұқтырған бір келіншектен сөз тартқанда білгеніміз, жолдасы ұзақ уақыт бойы көршілес тұрған Ақсай қаласында жұмыс жасаған. Үй болған соң-аяқ табақ сылдырламай тұрмайды. Сондай бір кездері жолдасы үйден кетіп, көрші қаладағы басқа бір әйелмен тұрып жатқандығын хабарлаған. Бірақ, аз уақыт өтер-өтпестен жолдасы белгісіз аурумен, ауырып, үйге оралған. Арада жыл өткен соң әйелден де ауру белгілері табылып, осындай жағдайды басынан өткерген. «Міне, бұл бір ғана мысал. Ал қайдан, қалай ауру келгенін білмейтіндері қаншама? Сол себепті тұрғындар өз денсаулығына, отбасының денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарау қажет деп айтып, түсіндіріп жүреміз.

- Өкінішке орай, көп жағдайда бұл санаттағы аурулар ауруын жасырады немесе өздіктерімен емделуге тырысады. Ал бізге әбден асқынғанда немесе жағдайлары күрт төмендегенде ғана келеді, - дейді дәргерлер.

Ал «ащы сусынның» құрсауынан шыға алмай жүргендердің де өз айтары бар. Қызу отырыстардан кейін басы зеңіп, көзі қарауытып,тамырлары кеуіп, «бас жазатын» бір стакан арақ іздейтіндері сондай, жанұшырып ақша іздеп, болмаса үйдегі, түздегіні сатып, бір шишаға қолдары жетеді. Сөйтіп ішкілікке құмар өмірі қайтадан жалғасын тауып, бұның нағыз «ауру» екендігін мойындағысы келмейді.

Айсұлу Амангелдіқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале