Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданғалы бес жыл өтті. Ауданымызда бұл бағдарлама 2009 жылы Жалпақтал ауылындағы мәдениет үйінің алдына шағын арбат салудан бастау алды. «Туған жер» жобасы аясында туып-өскен ауылын түлетуге меценаттар мен мектеп түлектері іңкәрлікпен атсалысты. Олардың атқарған шаруаларының арқасында біздің аудан облыс көлемінде үнемі алдыңғы орындардан көрініп келеді.
Нақтырақ айтар болсақ, атымтай жомарттардың демеушілігімен 2009-2017 жылдары жалпы құны 150 млн теңгеден асатын 63 жоба іске асырылды. Одан бергі бес жыл ішінде 307 млн 930 мың теңгеге 165 жоба жанданды. Осы жылдар ішінде төрт фельдшерлік-акушерлік пункт, үш шағын арбат, бір бастауыш мектеп, бір шағын орталық, бір ауылдық клуб, екі хоккей айдыны, алты стрит уоркаут, төрт волейбол, баскетбол, футбол спорт алаңы мен алты саябақ демалыс орны ашылды.
Одан басқа екі музей және сегіз мектеп жанындағы өлкетану музейі жасақталып, халық игілігіне берілді. Сонымен қатар аудан орталығы Казталовтың төрінен шаңырақ, алтыбақан, қазақтың қара домбырасы композициялары, Тәуелсіздік монументтері орын алып, өзара үндескен әдемі ансамбль құрап тұр. Туған жерді түлетуге елеулі үлес қосқан Кәрім Өтеғұлов, Нұрлыбай Жолдыбаев, Самат Хасанов, ағайынды Сралиевтер, Рауан Есенғалиев, Александр Қарағойшин, Қадырбек Исмурзин, Дархан Аябалиев, Сансызбай Оразов сынды азаматтардың есімдерін мақтанышпен айтамыз. Ауыл-аймақтың өркендеуіне атсалысып қана қоймай, айналасына үнемі жанашырлық танытатын абзал жерлестеріміздің ел деп емірене еткен еңбектерін дәріптеу, жерлестердің қозғалысын дәстүрге айналдыру мақсатында облыс көлемінде алғаш рет «Туған жер – тұғырың, Туған ел – қыдырың» атты жерлестер форумы Жалпақтал ауылында оздырылды. Бұл форумға 300-ден аса жерлесіміз қатысты. Өткен төрт жылда 12 ауылдық округте «Түлектер форумы» өткізіліп, оған 12 мыңға жуық түлек тартылды. Бұл үрдіс жыл сайын жалғасын тауып, дәстүрлі түрде 15-25 мамыр күндері өткізіледі.
2018 жылы аудан орталығынан «Рухани жаңғыру» залы ашылды. Залда табыстың тайқазанын тасытқан, ел-жұртқа еңбегімен танылған азаматтармен 67 кездесу кеші өтті. Мұндай салиқалы басқосуларға келген талай көрерменнің рухани азық алғаны сөзсіз. Елбасының тәуелсіз Қазақстанды құру мен дамытудағы ерен еңбегін дәріптеуді насихаттау мақсатында Қараоба ауылында «Ғұмар Қараш ізімен» атты облыстық экспедиция ұйымдастырылды. Казталов ауылында «Көктем шуағы» халықаралық Ресей және Қазақстан шеберлерінің ұлттық қолөнер туындыларының жәрмеңкесі 2019 жылға дейін өткізіліп келді. Сонымен қатар жастарды табиғатты аялап, қорғауға шақыру арқылы жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге белсене атсалысу мақсатында халықаралық «Достық-Дружба» атты Ресей және Қазақстан жастарының саяси лагері және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылып, қыз-жігіттер асыға күтетін жыл сайынғы үрдіске айналды.
Өңірімізде аумағы 400 гектар болатын Қайыңды алқабында қызғалдақтың 11 түрі өседі. Қайыңды ауылының қызғалдақты алқабында I, ІІ халықаралық «Қызғалдақ» этномәдени фестивалі жастарды табиғатты қорғауға шақыру арқылы жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінде жыл сайын тағдырдың тауқыметіне табандылық танытып, қиындықтарға қарсы жүзген жаны жүдеу жандарға және кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Күн нұрындай көңілім, жүрегім толы мейірім» және «Жүрекке жылу сыйлаған мейірімділік» атты қайырымдылық жобалары тұрақты ұйымдастырылады. Жалпы аудан орталығында, ауылдық округтерде қайырымдылық акциясына қатысушы азаматтардың қатары жыл сайын толығып отыратыны көңілді марқайтады.
Ауданымыздың жер-су атауларынан сыр шертетін «Туған өлкем – шырайлы ақ мекенім», жергілікті сазгерлер мен ақындардың «Ән-жырым саған, туған жер!» атты кітаптарының тұсауы кесілді. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішевтің бастамасымен туған жерге, өскен өлке тарихына, мәдени құндылықтарына, Отан үшін жанын аямаған тарихи тұлғаларға арналған «Ел қорғаған қайран ерлер» атты энциклопедия жарық көрді. Қошанкөл ауылында ауыл тарихынан сыр шертетін «Менің Қошанкөлім» тарихи-танымдық, Жаңажол ауылында өлкетанушы, тарихшы, ұстаз әрі ақын Сәрсенғали Рахметовтың «Қарақоға. Қараөткел. Көмекші» атты туындыларының таныстырылымы өтті. А. Оразбаева мектебінің 150 жылдығына арналған «Мектебім – ғасырлар куәсі» атты тарихи-тағылымдық кітап жарыққа шықты. «Туған жер» арнайы жобасы аясында меценаттар мен мектеп түлектерінің қолдауымен ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында бес жылда біршама игі іс атқарылды. Ілкімді игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Тұнығымыз да, тұмарымыз да – ауыл. «Туған жерге туыңды тік» деген даналық сөзді құр ұрандатып қоймай, өскен өлкенің шаруасын шалқытып, көркейту әр перзенттің ұлы борышына айналуы керек. Туған жердің қасиетін әрқайсысымыз санамызға таңбалап сіңіріп, қасиетті рухын кейінгі толқын сезінетіндей қам-қарекет жасағанымыз абзал. Әрбір адамның жан дүниесінде өскен ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілік, құрмет болмайынша, сананың жаңғырмайтыны хақ.
Айбек Көшеғалиев,
Казталов аудандық «Рухани жаңғыру»
жобалық кеңсесінің жетекшісі