15.01.2026, 15:45
Оқылды: 70

«Ауыл айнасы» — 95 жыл: Еңбектер бағаланған күн

95 жыл – бұл бір ғана газеттің емес, тұтас бір өңірдің тарихы. Бұл – еңбек пен адалдықтың, шындық пен жауапкершіліктің жолы. Аудандық газет талай қаламгердің шығармашылық мектебіне айналып, жас журналистердің қанатын қатайтқан қасиетті ұя болды. Оның әр бетінде ауыл тағдыры, еңбек адамының бейнесі, руханият пен мәдениет, білім мен парасаттың ізі жатыр. Мемлекет басшысының «Түркістан» газетіне берген сұхбаты – ұлттық баспасөзге берілген биік баға, қалам иелеріне артылған зор сенім екені анық.

WhatsApp Image 2026-01-15 at 15.36.51

Мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға жиналған көпшілік экраннан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Түркістан» газетіне берген сұхбатының бейнеүзіндісін тамашалады.

– Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желі адамның ойлау, танымдық қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін көрермендер назарына «Ауыл айнасы» газетінің 95 жылдығына байланысты өткізілген іс-шаралар мен басылым тарихын бейнелейтін деректі бейнероликтер ұсынылды.

Сахна төріне көтерілген Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов аудандық төл басылымның терең тарихына тоқталып, газеттің дамуына үлес қосқан азаматтарды аудан халқы атынан құттықтады.

— Қадірлі жерлестер! Құрметті баспасөз саласының ардагерлері мен қаламгерлер!

Бүгін біз аудан тарихында айрықша орны бар, ұрпақ сабақтастығын, рухани құндылық пен азаматтық жауапкершілікті тоғыстырған тағылымды сәтте бас қосып отырмыз. Баршаңызды ауыл өмірінің шынайы шежіресіне, халықтың үніне айналған «Ауыл айнасы» қоғамдық-саяси газетінің 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Сонымен қатар Асланбек Ахметоллаұлы «Ауыл айнасы» редакциясы ұжымына су жаңа автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Газеттің мерейтойлық шарасын облысықа танымал журналист, ақын Жандос Хамза жүргізіп, орақты қызыл тілімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Шара барысында редакция ұжымына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның атынан жолданған құттықтау хаты мен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің құттықтау хаты табысталды.

Мерейтойлық жиын марапаттау рәсімімен жалғасты. Аудандық газеттің дамуына сүбелі үлес қосқан журналистер мен сала ардагерлері аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Атап айтқанда, ақын, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Мәдениет және білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» және Ы.Алтынсарин медальдарының иегері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, «Казталов ауданының құрметті азаматы», Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы, «Коммунист» газетінде қызмет атқарған ардагер журналист Дариға Ғазезқызы Мұштанова, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, «Коммунист» газетінің тілшісі, «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарған Сырымбек Жәрдемғалиұлы Тұяқов, «Коммунист» газетінің редакторы, ақын, журналист, Қазақ журналистикасының қайраткері, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мусағали Сабырғалиұлы Тасқалиев және бірқатар редакция ардагерлері марапат иегерлері атанды.

Сондай-ақ «Жалпақтал өңірі», «Ауыл айнасы» газеттерінде қызмет атқарған Қайрат Ғизатоллаұлы Шаманаев, Ақтоты Бақытжанқызы Арекенова, Айша Сүлейменқызы Құлмұхамбетова, Роза Халесқызы Мырзағалиева, Болат Оразұлы Бекешев, Марал Қайырлықызы Саматова, Рабиға Құлқайырқызы Кенжина, Гүлнәр Сүйешқызы Алғазиева, Фатиха Дәулетова сынды сала ардагерлеріне де құрмет көрсетілді.

Журналистика саласында еңбегі еленген қаламгерлерге облыстық деңгейдегі алғыс хаттар мен атаулы сыйақылар табысталды.

Шарада «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Қыдыр Харесұлы Абдрахмановқа Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің алғыс хаты табысталды. алғыс хаты мен Темірғали Жазбаев атындағы арнайы бір реттік сыйақы табыс етілді. Сыйақыны редактордың қызы Алмагүл Темірғалиқызы ұсынды.

«Ауыл айнасы» газетінде тілші қызметін атқарған, қазіргі таңда штаттан тыс тілші ретінде еңбек етіп жүрген Миржан Маратұлы Қарабалинге Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің алғыс хаты табысталды.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадыралиевтің алғыс хатымен ұзақ жылдар бойы газеттің штаттан тыс тілшісі болып қызмет атқарып келе жатқан Лаура Әдиетқызы Бердіғалиева марапатталды.

Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысының алғыс хатымен «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Гүлнұр Сәуірғалиқызы Бөлешова марапатталып, оған Мәжит Жаданов атындағы арнайы бір реттік сыйақы сертификаты табыс етілді.

Осы басқарманың алғыс хатына «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Жұлдыз Асқарқызы Талапова да ие болды. Әріптесімізге ұстазы Серік Жұмағалиев атындағы арнайы бір реттік сыйақы сертификаты табысталды.

Алғыс хаттар легі мұнымен тоқтаған жоқ. «Ауыл айнасы» газетінің жауапты хатшысы Әсем Болатқызы Халиуллинаға Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысының алғыс хаты және Ибат Салыхов атындағы арнайы бір реттік сыйақыны Ибат Салыховтың ұлы Жеңіс Салыхов табыс етті.

Сондай-ақ жоғарыдағы алғыс хатқа ие болған газет редакторы Қайрат Есімғалиұлы Жакуповқа Зәкария Оразаев атындағы арнайы бір реттік сыйақыны Зәкария Оразаевтың ұлы, аудандық газетте қызмет атқарған, бүгінде «Жайық Пресс» медиахолдингі ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрбек Зәкарияұлы Оразаев табыстады.

Газеттің торқалы тойына Батыс Қазақстан облысы аудандарының ішкі саясат бөлімінің басшылары мен аудандық газеттің редакторлары келіп қатысты. Олар өз кезегінде сахна төріне шығып, құттықтау тілектерін жеткізді.

Мерекелік шара аудан көркемөнерпаздарының орындауындағы тамаша әндермен, мың бұралған билермен әдемі өрілді.

 

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале