27.04.2023, 20:56
Оқылды: 37

«Ауыл айнасынан» қол үзбеген жерлесіміз

Суреттегі жерлесіміз Серік Жүсіпбекұлы Жәрдемалиев облыс жұртшылығына жақсы таныс. Қасиетті Казталов топырағында дүниеге келген ардақты азамат 40 жылға уақыт Жаңақала ауданында тұрады. Кезінде (1984 жылы) жолдама арқылы Қамыс-Самар еліне қоныс аударған жас маман ұзақ жылдар білім саласында жемісті еңбек етіп, бүгінде Жаңақала ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген сыйлы жан.

IMG-20230427-WA0014
Биыл есімі дүйім жұртқа танымал Серік ағамызбен танысып, әңгімелесудің сәті түскен болатын. Сол уақытта Серік Жүсіпбекұлының Казталов ауданында болып жатқан барлық жаңалықтардан хабардар екенін ұқтық.

IMG-20230427-WA0011

Өмірден оқығаны мен тоқығаны мол ағамыз бір сөзінде Казталов аудандық «Ауыл айнасы» газетіне жазылып, әр нөмірін үзбей оқитынын айтқан болатын. Енді міне, соның дәлеліндей, Серік Жүсіпбекұлы төмендегі суреттермен қоса елге деген жақсы тілегін жолдап отыр.

— Туған жері десе, жүрегі езілмейтін адам жоқ шығар?! Ел жақтан жаңалық болса, әркез құлақ түріп жүреміз. Шүкір, Казталов ауданы жақсы дамып, жылдан-жылға көркейіп келеді. Соңғы уақытта әлеуметтік желі арқылы Казталов ауданының барлық жетістіктерін оқып жүрмін. Дегенмен, әлеуметтік желі бір бөлек, газет - бір бөлек әлем. 2018 жылдан бастап туған жерімнің төл басылымына жазылуды ұйғардым. Содан бері «Ауыл айнасы» газетінен қол үзгенім жоқ. Әр нөмірін мұқият оқып, тігіп қоямын. Туған жердің хабаршысының бір нөмірі уақытында келмей қалса, ауылдағы «Қазпоштаның» мазасын алатын да мен. Барлық жерлес азаматарды 90 жылдан астам тарихы бар Казталов аудандық «Ауыл айнасы» қоғамдық-саяси газетін қолдап, жазылуға шақырамын!

Қайрат Жақып,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале