25 шілде күні округ әкімдерінің сайлауы өтеді. Нақтырақ айтсақ ауыл әкімдерін енді бұқара сайлайды. Бұл науқанның жөні бөлек, жосығы ерек болғалы тұр. Бұрын-соңды мұндайды өткізіп көрмеген едік. Содан шығар, көкейде күдік те бар, үміт те басым. Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Меңдешовпен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Нұрлан Құмарұлы, осы округ әкімдерінің сайлауы жөнінде не айта аласыз?
- Бұл - еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз. Осылайша Қазақстанда тағы да бір жаңа саяси тәжірибе енгелі отыр. Ол - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау заңнамасына өзгерістер енгізу туралы заңға қол қоюы. ҚР сайлау туралы заңының 13-1 тарауы Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлауын қарастырады. Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, Қазақстанның 25 жасқа толған кез келген азаматы сайлана алады. Осы 13-1 тараудың 113-1- бабында 1) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің заңда белгіленген өкілеттік мерзімінің аяқталуы;
2) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы немесе заңда белгіленген жағдайларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қайта ұйымдастырылуы сайлауды тағайындауға негіз болып табылады делінген.
113-2-бабында, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне қойылатын талаптар да берілген.
Қазақстан Республикасының азаматы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін осы Конституциялық заңда, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті тиісті аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы ұсынған құжаттар негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді делінген. Осы заңға сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайланады. Қазір елімізде 2 345 әкімшілік-аумақтық бірлік бар. Оның ішінде биыл 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Соның ішінде біздің Қаратөбе ауданынан да 3 ауылдық округ бар. Олар, Жусандыой, Сулыкөл, Аққозы ауылдық округтері. Сайлау туралы заңға сәйкес осы округтерге үміткерлер өз құжаттарын ұсынып, 7 үміткер, соның ішінде Жусандыой және Аққозы ауылдық округіне біздің көшбасшы партиямыз «Nur Otan» партиясынан екі үміткер ұсынылып, тіркеуден өтті. Жусандыой ауылдық округі бойынша екі, Сулыкөл ауылдық округі бойынша үш және Аққозы ауылдық округі бойынша екі жерде сайлау учаскелері орналасқан.
- Ауыл әкімдерін сайлау механизмін қалыптастырып алсақ, тап сондай әдіспен аудан, облыс басшыларын да сайлай беруге болады. Мұны саяси науқанды әділ әрі ашық өткізудің іргетасы ретінде қабылдауымыз керек пе? Әлеуметтік желіде осы сайлау жөнінде не бір қанқу сөздер айтылуда. Бұған не дейсіз?
- Расымен де ауыл әкімдерінің сайлауы туралы неше түрлі әңгімелер әлеуметтік желіде де, БАҚ-да да қызу талқылануда. Өзіміздің «Орал өңірі» газетінде жерлесіміз, облыстық мәслихат депутаты, ғалым ініміз Жаңабек Жақсығалиевтің «Халық ауыл әкімдерін сайлағаннан не ұтады?» атты мақаласы жарияланды. Осы мақалада халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға толыққанды жауап берілген деп ойлаймын. Себебі, әкім болудың, халқына жақын болудың біз үшін символына айналды деп айтуға негіз болатын Мақаш әкімнен бастап мысал келтіріп, халық айтса қалып айтпайды деген қазақи ұғымдарға сүйене отырып, бүгінгі күнге әкеліп ұштастырған өте ұтымды, тұшымды, сөзге тоқтай алатын қазақтың санасына жететіндей дәрежеде жазылған мақала деп есептеймін. Әкім сайлауынан кейінгі, халық өзі сайлап алған әкімдерінен не күте алады, халықты жаңа бастамаларға жетелейтін, соңына ерте алатын әкім болуы үшін не кедергі деген секілді күрмеуі күрделі, түйіні тарқатылмаған, жауабы сан қырлы мәселелерді де жіпке тізіп беріпті. Сондықтан да, халық болашақта жаңа саяси өзгерістен, басқарудың жаңаша формасын күтіп отыр деп айтуға болады. Ескіліктен арылып, жаңа форматта ауылдың дамуын көргісі келеді. Біз, ауылдың әлем өркениетінің көшінен қалмай, әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін енгізіп, қазақи қалпымызда дамудың даңғыл жолына түсуіміз керек деп есептеймін.
Халқыма өз таңдауын дұрыс жасап, ауылдың дамуына өз үлесіңізді қосыңыз дегім келеді. Бізде кейде сайлаушыларымыздың сайлауға баруының өзі көңіл көншітпей жатады. Әлемнің кейбір елдерінде сайлаушы дауыс беруге бармаса жауапқа тартылады екен. Бізде өз еркі ғой. Дегенмен де ауылдың тағдыры бәрімізді алаңдатуы тиіс деп санаймын.
Үміткерлерімізге сәттілік тілеймін!
- Расымен де, сіздердің атқаратын қызметтеріңіз ел игілігі үшін маңызды. Мемлекет істерін басқаруда сіздердің үлестеріңіз зор екенін ескеріп, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Сұхбатыңызға рахмет, Нұрлан Құмарұлы!
Әңгімелескен Маралбек Болатбекұлы,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz