Жергілікті жердегі мемлекеттік қызметтегі лауазымның бірі – ауыл әкімі. Бұрын ауыл әкімдерін сайларда аудандық мәслихаттың депутаттары дауыс беретін еді. Президенттің ұсынысымен елімізде 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізіліп, жергілікті тұрғындар дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Сондықтан әкімдікке үміткерлердің іскерлігі мен елге жаны ашитындығын жақсы білетін тұрғылықты халық қателеспесі анық.

Дұрысында жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының салығы төртінші деңгейлі бюджетке түссе, ауылдық әкімдіктердің қолы ұзарып, сайланған ауыл әкімдері қаржы сұрап ауданға немесе кәсіпкерлерге жиі баруға мәжбүр болмас еді. Бүгінге дейінгі бұл жағдай – ауылдың өз бюджетімен өмір сүре алмай отырғанын көрсетеді.
Алдағы шілде айында Көктерек ауылдық округінде әкім сайлауы өтпекші. Осы күнге дейін ауылдық әкім қызметін жемісті атқарған Бақытжан Есенғалиевтің сайланған мерзімі аяқталуына орай жергілікті тұрғындар өз әкімдеріне оң баға беріп, округ бойынша бірқатар маңызды істердің уақытылы жүзеге асқанын алға тартуда.
Бақытжан әкімнің мерзімді уақыт ішінде атқарған жұмысына қысқаша тоқталатын болсақ, Көктерек ауылына техникалық су жүргізіліп, орталық «Түлектер саябағы» қоршалды. Көктерек ЖОББМ жанындағы интернат күрделі жөндеуден өтті. Ауылдағы әлеуметтік нысандар мен мекемелерге көгілдір отын тартылып, балалар ойын алаңы жаңартылды. «Мамай» суландыру қорына су шығарылып, қол жетімді арзан бағамен шөп тасымалданды. Маусымдық мерзімге арналған өрт сөндіру бекеті ашылды. «Қаладан-ауылға» бағдарламасы бойынша 10 үй салынып, орталық екі көшеге көше жарығы тартылып, әкімдік ғимараты мен орталық зират қоршалды. Округ орталығындағы шағын футбол алаңы күрделі жөндеуден өтсе, Саралжын ауылына шағын футбол алаңы салынды. Сатыбалды, Еламан, Саралжын, Оразғали ауылдарына газ жүргізілді. Саралжын ауылына 60 орындық мектеп салынып, Сатыбалды ауылына байланыс мұнарасы орнатылды. Оразғали ауылындағы әлеуметтік нысандарға газ кіргізіліп, КВМ ауыз су қондырғысы орнатылды. Көктерек ауылында 90 орындық жеке бөбекжай ашылып, жеке наубайхана іске қосылды. Бүгінгі таңда Сатыбалды, Саралжын ауылдарындағы әлеуметтік нысандарға газ кіргізу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта жоспарланған істер кезең-кезеңімен өз жалғасын таба бермек.

-Туған ауылымыздың өсіп өркендеуі жолында қолдан келген жұмыстарды атқаруға тырыстық. Шынымды айтсам, ауылдық округке әкім болу оңай шаруа емес екен. Себебі, ауыл әкімінің сөзін көптеген адамдар жүре тыңдайды. Ауылдағы аяқталмаған нысандар мен кез келген шаруаларға ауыл әкімін кінәлі етіп шығаратын жандар да кездеседі. Ал жергілікті тұрғындар болса, көбіне ауыл әкімдері жұмысына салғырт қарайды деп есептейді. Тіпті, жоспарлы жұмыстар кешіксе де әкімдер атына сын айтылады. Дегенмен, мемлекет тарапынан өңірімізде ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, ауыл әкімдері білікті маркетолог, қаржыгер, сарапшы мамандардың дәрісін тыңдап, ауыл әкімдігінің табысын еселеу жолдары туралы семинарларға қатысып жүр.

Онда олар өздері басқарып отырған округтің әлеуметтік-экономикалық ахуалын дәл анықтау үшін жергілікті жердің скринингін жүргізуді меңгеріп, қолдағы мәліметке бастапқы талдау жүргізу, тұрғындар өндірген тауарды өткізу тізбегін құру, кооператив ұйымдастыру, бизнес жобаға кететін қаржыны есептеп шығару сияқты қажет дағдыларды жүргізе алады. Сондықтан соңғы кездегі қолға алынған ауыл әкімдерін сайлау жүйесі халықтың билікке деген сенімін арттыратынын көрсетуде. Тұрғындар өз ауылының болашағына бей-жай қарамай ауыл әкімін таңдау сәтіне белсенді қатысып жүр. Тек әкім сайлауына кандидат ретінде тіркелушілердің белсенділігі әлі күнге төмен. Үміткерлер саны тым аз. Уақыт өте ауыл әкіміне деген сенімділік жоғарылай береді деп есептеймін, - дейді Көктерек ауылдық округінің әкімі Бақытжан Есенғалиев.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы