14.02.2024, 17:30
Оқылды: 44

«Ауыл аманаты»: 72 миллион кері қайтарыла ма?

«Ауыл аманаты» жобасын үкіметтің ауылға деген қамқорлығы деп түсінуіміз керек. Негізгі мақсат - ауылдастардың табысын арттыру, шаруасын түзеу.

IMG_7492

- Былтыр Сырым ауданынан «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ-ға «Ауыл аманаты» жобасы аясында 141 үміткер сұраныс беріп, оның 125-сі мақұлданған. Бүгінгі таңда 111 кәсіпкердің несие қаржылары тиіп, өздерінің бизнес – жоспарларын жүзеге асыруға кіріскен, – деп ақпарат берді аудан әкімдігінің қабырғасындағы жиында аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысының м.у.а Г. Хангужина.

IMG_7488
Талдауларға сүйенсек, халық негізінен мал басын көбейтіп, шағын өндіріспен айналысуға құрал-жабдықтар сатып алуға ниет білдірген. Қалған 14 ұсыныс та комиссияның тиісті келісімін алған, қаражат аудару жұмысы сәл кешеуілдеуде.

IMG_7500

Жоба өзінің негізгі мақсатын ақтап та жатқан секілді. Сырым ауданынан 2023 жылы «Ауыл аманаты» аясында 875,7 миллион теңге қаржы құйылады деп жоспарланса, соның 796,6 миллион теңгесі қолға тиген. Оған сүтті бағыттағы 513 бас ірі қара. Оның ішінде - 76 бас асыл тұқымды, 437 бас тауарлы сүтті сиыр, 49 бас етті бағыттағы ірі қара, 2 943 бас қой сатып алынған.

Үй жануарларының ішінде 5 мың бас қаз бағу үшін алынған несие биыл кәдеге жаратылады. Жоба ауылдағы шаруалардың техникалық базасын да жетілдіріп жатыр. Қолдау қаражат аясында бір дана трактор, бір дана реферижатор көлігі және құрал-жабдық әкелініп отыр.

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов ең бірінші кезекте жобаның мақсатты жүзеге асуын қадағалауды талап етті.
- Елімізде ауылшаруашылық және кәсіпкерлік саласындағы бастамаларды қолдау шаралары жылма – жыл дәстүрлі түрде жүзеге асып келеді. Халық «Үкімет ақша беріп жатыр, алып қалайық!» деген ниетпен емес, жобаларға жеке бизнесін ашу, табыс табу, жанұясының кірісін арттыру мақсатында қатысуы керек. Ауылдардағы әріптестерімнен «Ауыл аманаты» жобасының түпкі мақсатын түсіндіруді, берілген қаражаттардың мақсатты игерілуін қадағалауды сұраймын, – деді аудан әкімі.

Иә, судың да сұрауы бар дегендей, әр тиынның артында есеп бар. Мәселен, несиені алып, мал басын сатып алып, бірақ қаражатты мақсатты пайдаланғаны туралы есепті бере алмаған 11 кәсіпкер 72 миллион теңгесін үкіметке кері қайтаруда.

«Ауыл аманатының» Сырым ауданының ауылшаруашылық саласына берген серпіні сол - 7 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ашылды.  139 жұмыс орны пайда болды.

Кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, «Ауыл аманаты» Сырым ауданында жүн түту цехын, кілем, палас жуатын қызмет орынын ашуға, ет саудасының саласы ретінде үш тоңазытқыш сатып алынып, мұздатқышы бар «Hyundai» автокөлігі қызмет көрсетпек.

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 миллиард 73 миллион теңгеге несие алуға ниет білдіріп отыр.

Б. Шерім,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале