Ауылдықтарға шапағатын төккен «Ауыл аманаты» жобасы көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Іс қылам дегендер қолдарына қаражат тиіп, жұмысын бастап та кетті. Нәтижесі де айтарлықтай. Шыңғырлау ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 76 тұрғын қатысты және несиеге қол жеткізер жандар жобасы әлі де қаралмақ. Бүгінгі таңда «Aqjaiyq» ӘКК мекемесіне тапсырған 76 адамның 489,6 млн теңгеге құжаттары мақұлданып, 68 адамға несие қаражат алынды. Нақтырақ айтсақ, екі адам – АШӨК-тен, ал 66 адам – жеке кәсіппен айналысушылар. Ынталанып, бизнес жобаларын қорғап шығып, несиеге талпынудың нәтижесінде оларға жалпы көлемі 459,1 млн теңге көлемінде несие берілген. Сегіз адамның құжаты 30,5 млн теңгеге мақұлданды.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рүстем Еслямовтың айтуынша, аталған жоба аясында ауданға, соның ішінде 34 жеке кәсіпкерге 245,4 млн теңге қаражатқа 310 асыл тұқымды симментал және Қызыл дала (Красная степная) тұқымды ірі қара аналық және 2 бұқа мал әкелінді. Соның ішінде «Шыңғырлау – Агро» АШӨК – 34 бас аналық, 1 бұқа - 27 млн теңгеге, «Chingirlau MILK» АШӨК мүшелері 38 бас аналықты 39,1 млн теңгеге сатып алып келді.
Жер-жерден сатып әкелінген мал бастары ереже, талаптарға сай қабылданды. Сондай-ақ «Aqjaiyq» ӘКК, ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары, аудандық ветеринарлық стансасы мал дәрігерлері ауданға келген асыл тұқымды ірі қараларға таңбалау жұмысын жүргізді. Бүгінгі күнде 178 ірі қара таңбаланған. Сонымен қатар бес жеке кәсіпкер 55 бас тауарлы ірі қара малын, 9 жеке кәсіпкер 448 бас қой сатып алды. Оның 25 басы асыл тұқымды деп тіркелген. Мал басын асылдандырамын деушілерге Үкімет тарапынан қолдау көмек айтарлықтай көп. Мысалыға айтсақ, бүгіндері 27 жеке кәсіпкер асыл тұқымды мал сатып алғаны үшін субсидияға да қолы жетіп, 40,8 млн теңге көлемінде қаражат алды. Қолжетімді несие талай тұрғындардың жұмыстарын жеңілдетіп, жаңа бизнестерін дамытуға септігін тигізіп отыр.
Атап айтсақ, «Ермағамбетов» ЖК 7,2 млн теңгеге несие алып, фаст-фуд пунктін ашу үшін дүңгіршек, «Светлана» ЖК 8,5 млн теңгеге ұңғыма құдық қазу жабдығын сатып алып, кәсібін бастады. Ал ЖК «Сүйіндікова» 8,6 млн теңге көлемінде несие алып, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге және престеуге арналған жабдыққа тапсырыс берді. Кәсіпкер тапсырыс берген жабдықтар келген соң жұмысын бастайды. «Мұқанова» жеке кәсіпкерлігі 2,7 млн теңге несиесіне өзінің жеке учаскесіне 30 алма және 10 алмұрт отырғызған болатын. Ендігі көктемде күтіп, баптап, алғашқы өнімін алмақ, ал қалған қаражатқа ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр. Ерікті негізде 10 жеке кәсіпкер несие алудан бас тарту туралы өтініш жазды. Босатылған қаражат несие алуға кезекте тұрған басқа қарыз алушыларды қаржыландыруға бағытталады.
Айсұлу Арыстанқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz