13.11.2023, 17:30
Оқылды: 36

«Ауыл аманаты» бағдарламасы халықтың табысын арттырады

Жәнібек ауданында аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисеновтың төрағылығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасын түсіндіру, іске асыру барысы, талқылау бойынша кездесу өтті.

8b2324d4-b0af-46ba-9702-48d602dff93f

Кездесуге облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев, «Aqjaiyq» ӘКК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ержан Досмақов қатысты.

 Ержан Нұржанұлы ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында жүзеге асқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының артықшылықтарын, жалпы жобаның жүзеге асу барысын ауыл тұрғындарына таныстырып, түсіндірді.

Аталмыш жоба аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті ақпарат пен түрлі мүмкіндік алды. Қазіргі таңда ауылдарда тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, қолыңнан келген кез келген кәсіпті бастап, оны әрмен қарай дөңгелетуге мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндіктерді дер кезінде пайдалану керектігін айтып, халыққа өз идеяларын да ұсынды. Атап айтатын болсақ, ауыл ішінде кілем тоқу, көрпе жасау, көкөністерді сырттан келмей, өз ауылымыздан өсіріп, сату сынды кәсіптерді қолға алуымыз керек.

9ac4347a-2513-4982-b4cd-6b2e9d4846ae

  - «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына 5-7 жыл мерзімге 2,5% жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – төмен пайызбен несие беру арқылы ауыл халқының табысын арттыру, табысы төмен халықтың және жұмыссыздар санын азайту. Биыл осы жоба аясында республикалық бюджеттен облысымызға 6,4 млрд теңге бөлінді. Шағын несие алу кезінде қарыз алушыларға қойылатын негізгі талаптарға тоқталсам. Қарыз алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі немесе ауылдық өндірістік кооперативтің ашылуы міндетті. Онымен қоса басқа кредиттер бойынша мерзімі өткен жарналардың болмауы; мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы; қарыз алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс және несиені кепілмен қамтамасыз етуі керек. Өсімдік шаруашылығындағы несие берудің мерзімі – 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласында – 7 жылға дейін беріледі.

2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өз жобаларыңызды ұсына аласыздар. Қажетті құжаттар тізімін, несие алу қағидаларын білу, жалпы толық ақпарат алу үшін ауданның және ауылдық округтердің әкімдіктеріне барып, біле аласыздар, - деді Ержан Досмақов.

Өз кезегінде Алдияр Сансызбайұлы несие алушыларға мал шаруашылығынан бөлек кәсіпкерліктің басқа да түрлері бойынша кәсіп жүргізуіне қолдау көрсетілетіндігін айтып, ет өнімдерінен бөлек құс шаруашылығы, бау-бақша дақылдарын егу, сүт өнімдерін өндіруге ұсыныс тастады. Сонымен қатар ол сүт өнімнің 80 пайызы шетелден келіп отырғандығын баса айтып, осы саланы қолға алуға кеңес берді.

  - Облысымызда, шыны керек, сүт және сүт өнімдерін өндіретін кәсіпкерлер аз. Тек облыста емес, елімізде сүт тапшы болып отыр. Қазір сүт өнімі бағыты 80% басқа елдерден келуде. Ал оның құрамы таза ма, жоқ па бізге беймәлім. Мүмкін ол химиялық қоспалардан жасалған ұнтақ шығар. Оны да білмейміз. Ол сүтті өзіміз ғана емес, балаларымыз да ішеді емес пе?! Неге осы саланы көтермеске? «Ауыл аманаты» жобасына қатысу арқылы сүтті сиыр тұқымын алдыртып, ең болмағанда табиғи сүтті өз ауылыңызда сатып, тұрғындарды таза сүтпен қамтамасыз етуге болады. Әрине, барлығы да мен айтып отырғандай оңай жасала қоятын шаруа емес. Дегенмен ауданда осы саланы бір адам болсын қолға алса, дөңгелетіп әкетуге болатын жақсы кәсіп түрі. Тек сүт бағытымен айналысу міндетті емес. Аталмыш бағдарламаны қолға алу барысында біздегі басты мақсаттың бірі – ауылдағы кәсіптерді әртараптандыру. Себебі ауданда ғана емес, облыста ет бағыты екі есе орындалып отыр. Ал бір ғана етпен алысқа бармайтынымыз анық. Сондықтан кәсіп түрлерін әртараптындыруымыз қажет, - деді Алдияр Халелов.

Кездесуде аудан тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Жиын соңында Мирболат Бауыржанұлы сөз алып, жобаға қатысуға ниет білдіріп отырған кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.

 

Айсұлу Жармұхамбетова,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале