«Ауыл аманаты» жобасы аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған облыстық жұмыс тобы Бәйтерек ауданында болды.

Облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов жетекшілік ететін аталмыш жұмыс тобы Мичурин ауылында жиын өткізді. Оған аудан әкімі Марат Тоқжанов, ауылдық округ әкімдері, түрлі бөлім мен құрылым басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшілері қатысты.

Жиында айтылғандай, былтыр ауданда аталмыш бағдарлама аясында 26 адамға жалпы сомасы 353,9 млн теңгеге несие берілді. Оның ішінде 12 жоба ірі қара малын (жалпы сомасы 108,5 млн теңге), 8 жоба техника мен құрал-жабдықтар сомасы 171,7 млн теңге) алуға қатысты. Қалғандары қайта өңдеу, өсімдік шаруашылығына, құс, ұсақ мал ұстау бойынша.
Өткен жылы «Тауарлы несие» аясында да жұмыстар жүргізілді. 3 ауылдық округтегі әлеуметік осал топқа жататын үш отбасыға жалпы сомасы 1,2 млн теңгеге болатын 3 бас ірі қара малы, 5 бас қой тауарлы несие ретінде берілді.

Биыл да бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасатын болады. Қазіргі уақытта құны 1 040,5 млн теңгеге өтініштер келіп түсті. Бәйтеректіктер негізінен ірі қара малын, құс, ауыл шаруашылығы техникасын алу және шағын бизнес ашу үшін осы бағдарламаға иек артып отыр.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптар берілді.
Қуаныш Қали,
Бәйтерек ауданы