Төрт түлікті бағу оңай шаруа емес. Далада жайылған малда бағыт не уақыт деген жоқ. Ауызға оңай болғанымен, көп еңбектену керек. Дегенмен бейнеттің зейнеті де жоқ емес. Қазіргі уақытта атакәсіппен айналысқандардың бәсі жоғары болып тұр. «Еңбектің наны тәтті» демекші, мал баққанның нәтижесі де жаман емес. Мемлекеттің де қолдауын пайдалануға болады.
Иә, несібесін мал шаруашылығынан іздегендерге «Ауыл аманаты» жобасының берері көп. Өз кәсібін енді бастаған немесе дамытқысы келген ағайынға өте төмен пайызбен несие алуға мүмкіндік бар. Тек, кепілге қоятын дүниең болсын.
Жуырда Казталов ауданының Талдыапан ауылдық округінде болып, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып жатқан «Шафхат» жеке кәсіпкерлігінің жұмысымен танысудың сәті түсті. Талдыапан ауылының тұрғыны Нұрым Жәнібек жолдасы Меңсұлудың атына кәсіп ашып, бағдарламаға қатысқан. Төмен бағамен алынған несиеге 23 етті бағыттағы бұқашық сатып алған. Мал азығы да қоса алыныпты. Нұрым бұқашықтарды бордақылауға қойып жатыр. Қыстан аман шыққасын бұқаларды етке тапсырады. Мал бордақылау үшін де қажырлы еңбек керек.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz