31.03.2026, 10:45
Оқылды: 11

«Ауыл аманаты» оңтайлы бағдарлама

Ауылдың әл-ауқатын арттыру – ел дамуының негізгі тіректерінің бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы ерекше. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын көбейтіп, кәсіп ашуына кең жол ашып, тұрмыс сапасын жақсартуға нақты мүмкіндік беріп отыр. Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды.

image-30-03-26-02-59

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мелекеттік бағдарламасына барша бұқара қатты мүдделілік танытып отыр.

Соның айқын дәлелі Ақшат ауылдық округінде қолға алынған жаңа кәсіптің бірі.

Ауданымыздың Ақшат ауылдық округінің тұрғыны, көп балалы отбасы Қожаниязов Асланбек «Алтын қазына» жеке кәсіпкерлігін ашып, ауыл экономикасына тың серпін беріп отыр. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3 миллион 800 мың теңге көлемінде жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие рәсімдеп, жүнді бастапқы және қайталама өңдеу цехын іске қосты. Бүгінде бұл цехта ұлттық нақыштағы қонақ көрпелер мен матрацтар дайындалып, ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынылуда.

Бұл кәсіптің ерекшелігі ауылда бұрын кәдеге аспай, босқа рәсуа болып келген қой жүнін тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен жаңалық. Енді олар жүнді далаға тастамай, өңдеуге өткізіп, одан дайын өнім алуға жол ашылды.

Жеке кәсіпкердің жұбайы Динара Черниязова бұл істің қалай басталғанын былайша әңгімелейді:

- Біздер “Шошқалы” қыстағында жанұямызбен қой бағамыз. Жазғы демалыста ұлдарымыз да бізге көмекші болады. Қой қырқамыз, бірақ жүнін ешқайда өткізе алмаймыз. Босқа рәсуа болып жатты. Жолдасым екеуміз ақылдасып, кәсіп ашуға ниет білдірдік. “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы несиеге қол жеткізіп, жұмысымызды бастап жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Осындай қолдау білдірген аудан әкіміне алғысымыз шексіз, – дейді ол.

Ауыл тұрғындары да бұл бастаманы қолдап отыр. Ақшат ауылының тұрғынының бірі Айна Темірғалиева өз пікірінде:

«Бұрын жүнді қайда өткізерімізді білмей, көбіне тастауға мәжбүр болатынбыз. Енді ауылымызда осындай цехтың ашылғаны біз үшін өте тиімді болды. Ескі көрпелерімізді жаңартып, сапалы, таза өнім алып отырмыз. Ауылдастарымыз үшін өте қажет әрі пайдалы іс. Осындай кәсіп көбейсе, ауылымыз одан әрі дамиды», – деп,ризашылығын білдірді.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы да бұл жобаның маңыздылығына тоқталып өтті:

- «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты әрі тиімді жоба. Ақшат ауылдық округіндегі “Алтын қазына” жеке кәсіпкерлігінің ашылуы аталған бағдарламаның нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұл жоба тек бір отбасының табысын арттырып қана қоймай, ауылдағы шикізатты тиімді пайдаланып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған.Алдағы уақытта осындай жобалар саны артып, ауыл экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деді бөлім басшысы.

Асланбек пен Динараның бастамасы – тек бір отбасының кәсібі ғана емес, тұтас ауыл үшін пайдалы екені даусыз.Цехтың жұмысы арқылы бір жағынан ұлттық бұйымдар өндірісі жанданса, екінші жағынан отбасы үшін қосымша табыс көзі пайда болуда. Сонымен қатар, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану арқылы экологиялық тұрғыдан да оң нәтиже беруде.

«Алтын қазына» цехында өндірілетін көрпелер қазақы дәстүрді жаңғыртқан сапалы өнім. Әсіресе қонақ көрпелердің сұранысы жоғары. Бұл ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заман талабына сай өнім шығарып отырған кәсіптің айқын көрінісі.

Жалпы алғанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына тек қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың кәсіпкерлік қабілетін дамытуға, өз ісін бастауына және ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға зор үлес қосып отыр. Осындай игілікті істердің нәтижесінде ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрмыс деңгейі артып келеді.

image-30-03-26-02-59 (1)

Ақшат ауылдық округіндегі бұл бастама өзгелерге үлгі болатын жарқын жоба. Еңбекқорлық пен мемлекеттік қолдаудың үйлесімі ауылдың өркендеуіне жол ашатынын дәлелдеп отыр. Осындай табысты істерді насихаттау өңірдің дамуына серпін беретін маңызды қадамдардың бірі.«Ауыл аманаты» – оңтайлы бағдарлама, 2,5%-бен, бірінші жылға арналған жеңіл­дікпен және ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен несие беріліп отыр.Себебі жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері елімізді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің бір көрсеткіші.

Ауыл - елдің алтын бесігі. Сол бесіктің берекесін арттырып, қиындықтардан қорықпай кәсіп ашып,тұрмысын түзеп жатқан осындай азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

 

Светлана Байтенова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале