ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауында еңбекқор тұрғындарды мемлекет тарапынан ынталандыру туралы айтты.
– Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет, - деген еді Президент.
Міне, Сырым ауданы бойынша бағдарламаның аясында «тауар несиесін» беру жұмыстары қарқынды жүзе асуда. Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиевтің айтуынша, аудандағы ірі шаруашылық өкілдерінің қолдауымен әлеуметтік осал топ санатына жататын 9 жанұя келісімшарт арқылы сиыр мен қой алыпты.
Бұл тәсіл ауданда 9 округ бойынша жүзеге асқан. «Тауар несиесін» беруді барлық округ бойынша ұйымдастыру қажет.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында Сырым ауданына биыл 369, 5 млн теңге қаражат бөлінді.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы