Бүгінде ауылдық жерлерде кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетуге мүмкіндік беретін тиімді жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, шағын кәсіпкерлікті қолдауға, ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған. Арзан пайыздық несие мен қолжетімді қолдаудың арқасында көптеген азаматтар өз кәсібін бастауға мүмкіндік алып отыр.

Шыңғырлау ауданында 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациясына 10 өтінім 127 млн. 450 мың теңгеге тапсырылды. Бүгінгі таңда 3 жобаға несие берілді (16 млн. 681 мың теңге), 1 жоба мақұлданды (18 млн), 3 жоба қаралуда (26 млн. 100 мың теңге).
1 жобаға несие беруден бас тартылды (31 млн. 450 мың теңге), 2 тұлға несие алудан бас тарты (19 млн. 245 мың теңге).
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Елдос Оразғалиев: «Шыңғырлау ауылдық округі бойынша 2 жоба жеке кәсіпкер «Амиргалиева» құс шаруашылығын дамыту, жеке кәсіпкер «Баекеев» кілем жууға арналған құрал жабдықтар сатып алу,Ақшат ауылдық округі бойынша 1 жоба жеке кәсіпкер «Алтын қазына» қонақтардың көрпелерін (ұлттық көрпе) және матрацтарды тігумен жүнді бастапқы және қайталама өңдеу цехын ашу мақсатында алды. Әрбір қолдау алған жоба – ауылдың дамуына қосылған үлес. Алдағы уақытта жоба арқылы ауыл тұрғындары өз кәсібін одан әрі дамытып, елдің экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қосады деп сенеміз. Жобаның жемісті болуы – ауылдардың көркейіп, халықтың әл-ауқатының жақсаруына кепіл болары сөзсіз», - деп атап өтті.

Жоба аясында аудан тұрғындары өздерінің кәсіпкерлік қабілеттерін іске асыруға мүмкіндік алып отыр. Аталған бағдарлама арқылы несие алғандардың бірі Зульфия Серікқызы Амиргалиева,құс шаруашылығын дамыту үшін,Оренбург қаласынан Ломан Браун тұқымды 300 бас тауық сатып алды. Ағымдағы жылы "Ауыл аманаты" бағдарламасы басталғанда ол құжаттарын жинап, жобасын ұсынып,жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.
Зульфия Серікқызы– алты баланың анасы, әрі Л.Қылышев атындағы мектепте биология пәнінен ұстаз болып қызмет атқаратын маман. Оның кәсіпкерлікке бет бұрып, табысты іс бастауға деген ынтасы ауыл жастарына үлгі боларлықтай.
Зульфия мектептегі жұмысын да жауапкершілікпен атқарып,өз кәсібін де дамытуда. Жолдасы Тынымжан Ғалиұлы да бастаған кәсіптерінің берекелі болуы үшін,құстардың жайлы орындарын әзірлеп жатқанын тілге тиек етті.Еңбекқор жандардың алға қойған жоспары көп.
Еңбек етем деген жандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар да жетерлік.
Осылайша шағын ғана шаруашылық біртіндеп отбасылық бизнеске айналары анық.

Алғашқы нәтижелер де жоқ емес.
Кәсіпкердің айтуынша, үй жұмыртқасына деген сұраныс жоғары. Үй жұмыртқасы – әрдайым қажет өнім. Жеке кәсіпкеріміз алғашқы айдан-ақ жұмыртқа сатуды жолға қойып, тұрақты жеткізу жүйесін де жоспарлап отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі артықшылықтары:
- Жеңілдетілген несие – төмен пайызбен берілетін қаржы ауыл кәсіпкерлеріне үлкен мүмкіндік береді.
- Ауылдағы кәсіпті қолдау – жастардың қалаға көшуін азайтып, ауылда жұмыс орындарын көбейтеді.
- Өндіріс көлемін арттыру – мал және құс шаруашылығы, өсімдік өсіру, өңдеу кәсіптері дамиды.
- Табысты арттыру – ауыл отбасыларының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
- Жергілікті өнімнің көбеюі – нарықта экологиялық таза, отандық өнім үлесі артады.
Зульфия секілді ауыл тұрғындары үшін бұл бағдарлама жаңа өмірлік кезеңнің, жаңа мүмкіндіктердің бастауы. «Ауыл аманаты» тек қаржылай көмек емес, ауыл экономикасын қайта жандандыратын тиімді құралға айналып отыр.

Үй құстары шаруашылығын дамыту – үлкен инвестицияны қажет етпейтін, бірақ тұрақты табыс әкелетін сала. «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында ауыл кәсіпкерлері өз армандарын жүзеге асырып, тұрмысын жақсартуға нақты мүмкіндік алып келеді. Зульфия Серікқызының табысты жобасы – соның дәлелі.
Светлана Байтенова,
Шыңғырлау ауданы