26.11.2019, 17:07
Оқылды: 25

Ауыл азаматының айшықты істері

Ақболат Сырымұлы 1959 жылы Жаңақала ауданының Мәстексай ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Сырым Сапаров тарихшы, ұстаз, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Өңірге танымал, ауылдың кәрі-жасына түгел сыйлы адам. Өте шебер ағаш ұстасы болған. Ол кісінің қолынан шыққан кейбір заттар ауылдық музейде сақтаулы тұр. Осындай адамның балалары да еңбекқор болмауы мүмкін емес.

janaqala saparov (3)

Ақболат аға 1976 жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1981 жылы тәмамдады. Еңбек жолын Мәстексай ауылындағы С.Меңдешев атындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінен бастап, мектеп директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Өз ісіне әркез жауапкершілікпен қарауы, білімі мен білігін сарқа жұмсауы ауыл басшыларының көзіне түсіп, комсомол ұйымының хатшысы да болды.

-Жастық жалын мен ерік-жігерімізді ортаға салып, қолымыздан келгенінше біраз істерді атқарысып жүрдік. Ағаларымыз, ауыл басшылары қайда жұмсаса, сол жерден табылатынбыз. Ол уақыттағы үлкендер кесіп бір-ақ айтады, сенің көзқарасыңды сұрау, ойыңды білу деген оларда болмайтын. Біз де ешқашан оларға қарсы келіп көргеміз жоқ. Айтылды бітті, тапсырма орындалуы тиіс. Себебін кейін білдік, қиыннан қиыстырып, жол тауып, нағыз еңбектің тіл үйіретін тәтті дәмін білуге үйреткен екен. Сол бір алтындай асыл қайран ағалардың, біразы қазір жоқ.

janaqala saparov (1)

Иә, егемендіктің алғашқы жылдары ауыр басталғаны ешкімге жасырын емес. Ауыл ауыз суды жерден өнетін құдықтан тасып ішеді. Барлық жұмыс тек қолмен атқарылады, үйді жылыту мен тамақ пісіру үшін пешке от жағылады. Бір қызығы, осыншама жұмысты ешкім ауырсынбайтын. Сол күндердегі ауыл адамдарының бірлігі, қонақжайлылығы, еңбекқорлығы бұл күндері жанды еріксіз тербейді. Осы қасиеттер қазіргі жастарға да жұғысты болса ғой, шіркін!-деп толғанады Ақболат аға.

Біздің кейіпкеріміз сол жылдары, яғни, елдің бәрі коммерциялық бағытқа бет бұрғанда совхоз директорының коммерциялық іс бойынша орынбасары және ауылда мұнай базасы меңгерушісі қызметін қоса атқарады.

-Бұл уақыт еліміздің кәсіпкерліктің алғашқы баспалдағына бет бұрған кезі болатын. Ауылда жүріп-тұратын көлік аз. Жүргізушілер машинаны күні-түні уақытпен санаспай жөндей беретін. Жетіспеген құрал-саймандарды өздері тауып салып, көлігін жүргізу үшін жанын салып, жанталаса жұмыстанатын. Машина ескі, құралдары мүлде жоқ, қаладан сатып алуға ақша да болмайтын. Бірнеше айлап еңбекақы берілмейтін. Кешкілік жарықтың өзі уақытпен ғана берілуші еді. Сол жылдары өзіммен бірге жұмыстас болған жүргізушілер Жасқайрат Қуанышқалиев, Асқар Жәрдемов, Марат Меңдіғалиев, Қанат Құшанов, Нұржан Сисенғалиев, Асхат Тұрмұқашевтар шам жарығымен көліктерін жөндеп, қарайған шаруаны атқара беретін. Бір таңқаларлығы бір-біріне өздерінің жеке құралдарын бере беруші еді. Уақытпен санаспайтын ауыл адамдарының дархандығына, еңбекқорлығына, жан біткеннің қатесін кешіре алатын кеңдігіне дәл қазір қайран қаламын.

Біраз уақыттан соң, мен ауылдық кеңес хатшылығына ауыстырылдым. Тек мекеме жұмысымен ғана емес, ауылдағы ел-жұртқа қатысы бар мәселелерге үнемі араласып жүретінбіз. Жалпы сол кездегі ауыл тұрғындарының бірлігінің көрінісі болу керек, ақсақалдарымыз қонақта отырып-ақ күрмеуі қиын мәселелерді «Соны ойластырсаңдар қайтеді, осы істі шешетін уақыт болды емес пе?» деп бір жағынан ақыл айта, бір жағынан талап ете сөйлеп отырушы еді. Сондай аталар мектебінің сүзгісінен өтіп, көптің алғысын алған кездерімді бұл күнде ризалықпен еске аламын, - деп те тебіренді Ақболат аға әңгіме арасында.

Алпысты алқымдаған кейіпкеріміздің тұлғасы сырт көзге әлі де қайратты көрінеді. Күні бүгінге дейін ұйқысынан ерте ояну қанына сіңген қасиет. Қай мезгілде жатса да, ерте оянып кітап оқу, қолдағы аз ғана малды қарау, аула тазалығы оның дағдылы ісіне айналған.

2001 жылы отбасы жағдайына байланысты аудан орталығына қоныс аударып, «Мұнай өнімдері» мекемесіне басшылық жұмысқа шақырылады. Алғашқы кезде ұжым атынан садақа-сый таратқанда таңқалушылар да, күлгендер де болыпты. Соған қарамай демеушілік жұмыстарын жалғастыра берген. Соның ішінде ерекше көңіл қуантатыны – аудан орталығындағы мешітке ұжым атынан қомақты қаржы бөліп, кілем мен жиһаздар сыйлағандығы. Әрі жұмысқа алынған жастардың отбасын құрып, үйлі болуына ұжым тек тілекші болып қана қоймай, қолдау да танытады екен.

Қазіргі уақытта Ақболат Сырымұлы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты мекемесіне қарасты «Жалтыркөл» мемлекеттік табиғи қаумалының инспекторы қызметін атқаруда. Ол туған жеріміздің табиғатын қорғауға, өзен-көлдерінің тартылып кетпеуіне, бар байлығымыз - қасиетті қара жердің құнарын жоғалтпауы үшін мүмкіндігінше тер төгіп келеді. Отбасы атынан жоғары сынып оқушыларына 2011 жылдан бері әкесі Сырым Сапаров атындағы шәкіртақы тағайындаған.

Ақболат аға тек жақсы басшы ғана емес, үлгілі әке, парасатты жан. Өмірлік жары Ақмарал Сапарова екеуі екі қыз, бір ұл өсірді. Жан жары қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, жоғары санатты ұстаз болса, тұңғыштары Айым М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дан неміс және ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығын алған. Қазіргі таңда ол «Белес Агро» ЖШС мекемесінде қызмет атқарса, БҚМУ-дан ағылшын тілі және аударма ісі мамандығын меңгерген кенжесі Ерген де мұнай-газ саласында жүр.

Шыңғыс Ромашев

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале