3.05.2024, 17:19
Оқылды: 29

Ауыл ажары - адамға мақтаныш

Ауыл ажары адамға мақтаныш қой, Шыңғырлаудың көктемгі көркі көз тартып тұр. Жасыл желегін жая түскен теректер, саябақтар, гүлзарлар ауданның шырайлы келбетін паш етіп-ақ тұр. «Таза Қазақстан» айлығына үн қосқан шыңғырлаулықтар көше-көшелерде белсенді тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауданның басты көшелерінде тым қатты бой алып, сәнсіздене бастаған, сондай-ақ электр және байланыс сымдарына тиіп тұрған теректердің бұтақтары қырқылып, техникамен шығарылып жатыр. Бұл да көше сәнінің тартымды, тәртіпті болуына сеп болары сөзсіз.

image-03-05-24-11-41-2

Жуырда ауданның кіреберіс шет жағына 200 түп сұңғақ бойлы көктерек көшеттері егілді. Бұл шараға барлық аудан мекемелері мен ұжымдары атсалысып, халық қалаулылары, ауданның құрметті азаматтары мен жасы үлкен қариялары қатысты. Үлкендер игі іске баталарын төгіп ырзалық білдірсе, аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев көп еккеннен сапалы еккен дұрыс, отырғызылған әрбір көшет бой алу керек, суғарылу керек, міндетті түрде өсіп шығарылуы тиіс деген талап қойды. Бұл талап бірауыздан мақұлданып, көшеттер егілген аймақ қоршалды. Қоршалған аумақ қасына көлемді су ыдысы қойылған. Алдағы күндерде бұл көшеттер тамшылатып суғару әдісі бойынша суарылатын болады. Ал, әзірге жергілікті округ әкімшілігі тапсырмасымен арнайы су тасушы көлік пен жұмысшылар суғарып тұр.

WhatsApp Image 2024-05-03 at 16.11.29

Жерлестерімізді, көшеттерді еккен мекеме - ұжымдарды өз көшеттеріңізге қамқорлықпен қарауға шақырамыз. Арагідік түбін қопсытып, қарап қоюларыңыз сұралады.

Шыңғырлау ауданы орталығының солтүстік бетінде белгісіз зират бар. Белгісіз делінетіні, бұл зиратта бір кездері «халық жауы» нәубетіне ілініп, жазықсыз жаза тартқандар жерленген дейді ел ішінде. Биыл бұл зиратқа да 19 түп сұңғақ бойлы көктерек көшеттері егілмек. Бұл да аудан ажарына үлес және өткендер рухына тағзым болар еді.

Асу Тұран, 

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале