4.05.2017, 12:38
Оқылды: 62

Ауыл-ел ардақтайды азаматын

????????????????????????????????????

    Еңбегі алысқа танымал азамат, аймағымызда жауапты лауазымдарда болған облыс әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған, сосын Ақжайық ауданын алты жыл басқарған, «Құрмет» орденінің иегері Абай Иманғалиевты еске алуға арналып, Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта «Өмірі-өнеге, еңбегі-үлгі» атты кеш өтті.


       Ақжайық ауданы әкімі Әділ Жоламанов жиналғандар алдында А.С.Иманғалиевтың халқына адал қызметі, жұртымыздың игілігіне арналған бастамалары, рухани құндылықтарды әспеттеудегі өнегесі жайында әңгімеледі. Үлкен ауданды басқарған алты жылда ол ауылдар шежіресіне қатысты он кітап шығаруға ұйытқы болуының өзі талай нәрсені аңғартса керек.

         Әділ Тауфиқұлы марқұмның жары Орынтай Махмұдқызының атына да игі лебіз арнап, оған камзол жапты. «Абай Сәтиұлы қай салада қызмет жасаса да айналасындағы көпшілік көңілінің биік төрінен орын тапты. Бұл ауданда өткерген жылдары оның өмірінің айшықты бір белестеріне айналды, ол ақжайықтарды да ерекше сүйіп өтті. Мені жұбататыны – Абайдың жарқын бейнесі сіздердей ағайын-бауырдың жүрегінде қалғаны. Баршаңызға алғысым шексіз»,-деді Орынтай Махмұдқызы.

     Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбай Абай Сәтиұлының ғұмыр белестеріне шолу жасады. Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы АҚ басқарма төрағасы Қуат Мусин, Орал халықаралық әуежайында қызметтес болған Александр Конников, «Еңбек және әлеуметтік қатынастар» академиясының ректоры, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерер палатасының облыстағы төрағасы Қайдар Қапанов жақсының жарқын бейнесін жаңғыртып, естеліктер айтты. Сонымен қатар Қайдар Қисметұлы аудан түлектері үшін Абай Иманғалиевтің атына «Еңбек және әлеуметтік қатынастар» академиясынан бір грант, Батыс Қазақстан академиялық колледжінен бір грант бөлетіндігін жеткізді.

????????????????????????????????????

  Еске алу кеші М.Әуезов атындағы орта мектептің спортзалында Абай Иманғалиевты еске алуға арналып, аудан спортшыларының жүлдесі үшін бокстан 1999 – 2007 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі, ІІІ турнирдің басталуына ұласты. Жарысқа көршілес Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарымен қатар БҚО аудандары мен Орал қаласынан жас спортшылар қатысты.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале