Уақыт өткен сайын ауылымыз гүлденіп, жасыл желек жайқала өсіп, аудан орталығы ажарлана түскендей. Сондықтан жасалып жатқан игі істерді қалың оқырманға жеткізу мақсатымен Тасқала ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбылды сөзге тартқан болатынбыз.
– Ауылға басшылық жасағаннан кейін тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып, жағдайын жасап, ұсынысына құлақ асу – біздің міндетіміз. Сондықтан жыл басында көтерілген көше жарығы, ауыз су және жол жөндеу жұмыстарын жоспарға арнайы енгізген болатынбыз. Бүгінгі таңда сол жұмыстар өз уақытымен біртіндеп жүзеге асуда. Биылдың өзінде жарықтандыру бойынша біраз жұмыс істелді. Дәлірек айтсақ, екі жылдан бері іске қосылмай тұрған Чурилин көшесіне 150 ваттық 33 жарық шамы орнатылып, іске қосылды. Сонымен қатар Жеңіс, Жамбыл, Т. Жароков, Жағалау көшелерін жарықтандыру да жоспарда бар. Одан бөлек ауыл ішіндегі істен шыққан 120 шамның орны жаңасымен алмастырылды. Абай даңғылы бойындағы электр бағандарына 240 дана әшекейлі шам орнатылатын болады. Ауылдан 12 шақырым қашықтықтағы Жігер елді мекені де жарықтандырылып, тұрғындар үшін жағдай жасалды. Сонымен қатар Бірлік ауылына да 20 жарықшам қою жоспарланып отыр. Тасқала ауылында тек жарықтандыру мәселесі ғана емес, көшелерді абаттандыру жұмысы да қолға алынған. Жаз басында 8667 дана шырайгүл (петуня), 98 раушан гүлі мен 120 дана бақытгүл (хризантема) және 450 түп қарағай отырғызылды. Бұл жұмысқа «Жасыл ел» жасағы үлкен қолғабыс етті. Олар гүлдерді суарып, арамшөптерді отап, ауыл тазалығына атсалысты. Бірлік ауылының кіреберіс және орталық көшесіне, яғни барлығы 2,5 шақырым жолға асфальт төселіп, халық игілігіне берілді. Қазіргі уақытта аталмыш елді мекендегі тұрғын үйлерге «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су тарту жалғасын табуда. Тасқала ауылында бір ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, құжаттар дайындалуда. Алдағы жылдан бастап төрт бағытта мал бағылып, оған асыл тұқымды бұқалар әкелінетін болады. Бұл тұрғындар үшін тиімді деп есептейміз. Жоспарға сай мал қамайтын екі айыппұл орны да толық жасақталып, іске қосылды. Алты балалар ойын алаңына жеңіл жөндеу жасалды. Сондай-ақ ауылға кіреберістегі мердігер «КазСтрой» ЖШС жүргізіп жатқан «Қош келдіңіз» аркасы мен Абай және Мәметова көшелерінің бойында жастарға арналған воркаут және балалар ойын алаңының құрылысы толықтай аяқтала келді. Бұл жұмысты мердігер «Energ Story KZ» жүргізуде. Астана күні қарсаңында аталмыш нысандар салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне ұсынылмақ. Жол мәселесі де назардан тыс қалған емес. Жоспар бойынша Тасқала ауылындағы Тілендиев, Сулысай, Игілік көшелері мен Сәулет шағынауданы бағытындағы қыр астында орналасқан бес үйге баратын жолға қиыршық тас төселмек. Бұл – алдағы күннің еншісіндегі жұмыстар, – деді ауыл әкімі.
Иә, бұл – тек 4-5 айда атқарылған жұмыстар. Бәрі де халық игілігі үшін. Алда да әлі ауқымды жұмыстар өз кезегін күтіп тұр. Сондықтан ауыл болып тазалыққа мән беріп, ауданымыздың гүлденуіне атсалысайық. Әр істелген дүниені көзіміздің қарашығындай қорғап, бүлдіруге жол бермейік. Тасқала жайнай берсін!
Назгүл Серік,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz