10.11.2020, 16:44
Оқылды: 32

Ауыл көркейсе, ел өркендейді

Күздің жаймашуақ күнінде Тасқала ауданы Қосшы ауылдық округіне сапарлап шықтық. Жолшыбай мыңғырған мал мен үйірімен шапқан жылқы қазақтың кең байтақ даласына ерекше сән беріп тұрғандай. Күре жолдың оң жағы мен сол жағынан кездесетін қыстақтардың қысқа дайындығы алыстан байқалып тұр. Бірнеше шақырымды артқа тастап, автокөлікпен жүйткіп келе жатқанымызда әлгі қыстақтардың бірінің маңынан қойша жайылып жүрген күркетауықтарға көзіміз түсті. Жақындап барып қожалық иесі Қалқаман Сатиевтен шаруашылығы жөнінде сұрап білгенбіз.

Оян мектебі

Күркетауықтан пайда көп

«Күркетауықты биыл жүздің үстінде ұстап отырмын. Өткен жылғылардың әрқайсысы 16-17 келі ет берді. Бұл күркетауықтың БИГ-6 деген тұқымы. Осы жылы Орал қаласынан сатып алдым. Әр келісін 2000 теңгеден өткіздік. Сонда бір күркетауықтың бағасы 36 000 теңге құрайды. Он күндік балапан кезінде біреуін 3000 теңгеден сатып алдық. Мамыр айынан бастап асырап отырмыз. Қараша айының ортасынан бастап арнайы жемдеуге қоямыз. Содан бір ай уақыт жемдеп әрі қарай сатуға шығарамыз. Ол кезде қорада ұстаймыз. Қазір сыртта жайылып жүргендіктен онша семіре қоймайды. Себебі оның күш-қуаты жүрісіне кетіп қалады. Ал енді бір жерде тұрып жем жесе, онда нәтиже беретіні анық. Қазірдің өзінде күніне үш мезгіл жемдеймін. Оның үстіне 200-ден астам қаз бар. Оларды да жемдейміз. Асырау кезінде аса қиындық әкелмейді. Таныстарымыз да сатып алып жатады. Бұлардың төс етінде 7-8 келі таза ет болады. Сосын одан керемет кәуап жасалады. Күркетауықтың семіргені бірден белгілі. Олар одан сайын әдеміленіп, жылтырай бастайды. Көктем кезінде көк шөппен аса талғаммен азықтанады. Өткен жылы аздап асырап едік, биыл оның санын көбейттік, – дейді «Сатиев» шаруа қожалығының басшысы Қалқаман Сатиев.

Қалқаманның шаруашылығы

Мектеп түлектеріне ауыл риза

Ауыл орталығына келгенімізде қысқа қамданып жатқан ауыл адамдарын көрдік. Бірі ауласына шөп түсіріп жатса, енді бірі айналасын жинақтап жатыр екен. Осы орайда аталмыш ауыл мектебінің директоры Данияр Сейткереев биылғы жасалған жұмыстарымен бөлісті. «Бұл жылы ауылымызда біраз шаруалар жасалды. Соның бірі мектебіміздің қабырғасына жарықшамдар орнатып, мектеп ғимаратына өзгеріс енгіздік. Әуелі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу арқылы осы ауылдың мектебін бітіріп кеткен түлектеріне хабарлама жасадық. Содан 1991 жылы бітірген мектеп түлектері бірігіп аталған шаруаға араласты. 1974 жылғы азаматтар мен азаматшалар өздерінің шын ниеттерін білдіре отырып қаражат жинап, түнгі уақытта мектеп ғимаратына сән беретін жарықшамдар алып берген болатын. Ауылдастар атынан алғысымызды білдіреміз. Бұйырса, жақын арада мектебіміздің логотипін де түн қараңғысында жанып тұратындай етіп жасаймыз, – дейді Оян жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Данияр Сейткереев. Бұл да жағымды жаңалық. Мектеп түлектерінің ауылға бір бүйрегі бұрып тұратындығы ауылдастарын қуантуда.

Көптен күткен жаңалық

Ауыл әкімі Мұхтар Таңатжаннан ауыл тұрғындарының көгілдір отынмен қаншалықты қамтамасыз етілгені жөнінде сұраған едік. Ол жаз айларында бірнеше үйге көгілдір отын жеткізілгені жөнінде айтып берді. Қуанышты бөліскіміз келіп, көгілдір отын өткізілген үйлердің біріне барып төбе көрсеттік. «Биылғы жазда керемет жаңалыққа кенелдік. Жалпы, ауылға көгілдір отын келгеніне он бес жылдай уақыт өтсе де, ауылдың осы

бөлігіне көгілдір отын жетпеген еді. Біз үшін көптен күткен арман болатын. Көршілеріміз де қуанып жатыр. Осы орайда айта кететін нәрсе, көгілдір отынның үйімізге кіруіне септігін тигізген Әскер Избанов деген азамат болатын. Қалтамызға соғатындай жағдай жасап, осы жақтағы тоғыз үйді көгілдір отынмен қамтамасыз етті. Қазіргі таңда шаңырағымыз жып-жылы. Алдымыз қыс болғасын бұл да жылдар бойы ойда жүрген шаруа еді. Ол да сәтімен шешілді, – дейді Қосшы ауылдық округінің тұрғыны Еркебұлан Мақсотов.

Игі істердің барлығы ауыл үшін

Биылғы жылы жалпы Қосшы ауылдық округі әкімі аппаратының бюджеті 19 млн 703 мың теңгені, барлық жоспарланған жұмыстар уақытында аяқталып, қаржы игерілуі 99,9 пайызды құрады. І жартыжылдығында округ бойынша түскен салық көлемі – 579 878 теңге құрайды, соның ішінде транспорт салығы – 350,0 мың теңге, жер салығы – 200,0 мың теңге, мүлік және жер салығы – 29 878 теңге. Қосшы ауылдық округінің аумағы 85 089,7 га. Ауылшаруашылық мақсатында пайдаланы латын жерлер 57 105 га., соның ішінде егістік 255 га., жайылым 48 417 га, шабындық 8 291,5 га, басқа жерлер 141,1 га. Қордағы жерлер – 8935,7 га. Елді мекендер жерлері – 18 983 га. Ауылдық округте 2 елді мекен бар: Оян және Кеңжайлау ауылы. Оян ауылында 126 және Кеңжайлау ауылында 20, барлығы 146 аула бар. 132 аула қосалқы шаруашылық ұстайды.

Еркебұлан Мақсотов

Ауылшаруашылық жұмыстары

Статистикалық есепке сәйкес 2020 жылдың 1 шілдесіне округте 4813 ірі қара мал, 12 137 қой, 1 591 ешкі, 1 737 жылқы, 2 573 құс бар.

Округте 42 шаруа қожалығы және 10 жеке кәсіпкер тіркелген. 2020 жылы Қосшы ауылдық округі бойынша атаулы әлеуметтік көмек 5 отбасыға, оның ішінде 31 адамға тағайындалды. Тұрғын үй көмегін алатын отбасылар жоқ. 2020 жылы жалпы 38 адам жұмысқа орналастырылса, тұрақты жұмысқа 21 адам тартылды. 2020 жылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарына 5 адам қатысты, ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7 адам мемлекеттік грант алып, шаруаларын жүргізуде. Ауылдық округ әкімі Мұхтар Таңатжанұлы алдағы жылы да бірнеше жұмыстар жоспарда тұрғанын айтты. Көңіл тоятындай жаңалықтарды санамызға тоқып алып аудан орталығына кері қайттық. Көліктің жылдамдығымен ілесе бұрқыраған ақ шаңдақтар ояндықтардың сәлемін жеткіз дегендей әсер қалдырды...

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале