30.01.2023, 15:15
Оқылды: 59

Ауыл мен интернет қашан «қауышады»?

Былтыр Астана қаласында өткен брифингте Ұлттық коммуникациялар және цифрландыру қауымдастығының вице-президенті Жанат Асантаева «Елімізде бір мыңнан астам елді мекен тұрғындары интернетке қол жеткізе алмай отыр» деген болатын. «Цифрлы Қазақстан» деп атағанымызбен, толықтай цифрлыққа әлі де қол жеткізе алмай отырмыз. Соның ішінде шалғай жатқан ауылдар мен елді мекендердегі байланыс мәселесін шешу күн тәртібінен түспей тұр.

3

Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та өзінің халыққа Жолдауында атап өткен болатын. Заман ағымын қуып жету мүмкін болмас, дегенмен заман талабына да зер салып қойған дұрыс-ау. «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» қазіргі заманда күнделікті өмірімізді телефонсыз елестете алмайтынымыз ақиқат. Адамзат тарихында 19-ғасырдың соңында пайда болған байланыс құралы – үй телефондары өткен он жылдықта ауданның барлық ауылына жетті. Дегенмен ХХІ ғасырда өмір сүре отырып, телефон игілігін толықтай көріп жатырмыз деуге әлі ерте секілді. Интернеттің болмауы ауылдағы ағайынның үдере көшуіне себепкер болып отырғаны баршаға мәлім.

Жоғарыда аталған мәселе мазалайтын елді мекеннің бірі – Достық ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылы. Жуырда аталған ауылға ат басын тіреп, ондағы ағайынмен пікірлесіп қайтқан едік. Бізге жолыққан зейнеткер ана Ділдә Омарова ауылдың қазіргі жағдайы туралы айтып өтті.

IMG-20230130-WA0064

– Осы жерде тұрғанымызға елу жылдай уақыт өтті. Бұрын ауылда бәрі де болатын. Мектебіміз тоғыз жылдық еді. Тәжірибесі мол, талай шәкіртті тәрбиелеген жақсы мұғалімдер қызмет етті. Одан бөлек жатақхана, медициналық пункт, тіпті клубқа дейін халыққа қызмет жасап тұрды. Барлығы көшеде қазқатар тізіліп, ауылдың сәніне айналған-тын. Осыдан 3-4 жыл бұрын ауыл ортасындағы білім ошағының есігіне құлып салынды. «Мектепте бала саны қырыққа жетпейді» деген тәртіппен ақыры жауып тынды. Бірақ өткен жылы қуанышқа кенелдік. 2022 жылдың күзінен бастап мектеп жұмысы қайта жанданды. Қазір екі мұғалім бес оқушыға білім беріп жатыр. Өзімнің балаларым да, немерелерім де осы мектепте оқып, үлкен өмірге қанат қақты. Жалпы, ауылымыз тамаша жерде орналасқан. Бұлақтың суынан дәм татып отырмыз. Жері де шүйгін. Осындағы мектепке немелерімізді оқуға алдырайын десек, болашағы бұлыңғыр болғаннан кейін атааналары жібергісі жоқ, – дейді Ділдә Құрмашқызы.

Одан кейін Қанекей Ізғалиева апамыз пікірін білдірді.

IMG-20230130-WA0063

– Өзім осы мектепте білім алдым. Оқу бітіріп келген соң Ынтымақ ауылдық мектебінде зейнетке шыққанға дейін тынымсыз қызмет атқардым. Туып-өскен жерім де – осы ауыл. 38 жыл үзбей еңбек етіп, саналы ғұмырымды шәкірт тәрбиелеуге арнадым. Әу баста тәрбиешіліктен бастап, кейін мұғалім болдым. 2018 жылы тоғыз жылдық мектебімізді талапқа сай келмегендіктен, жауып тастады. Жеңіл болса да жөндеуі бар білім ордасы ауылдың сәні еді. Мектепті қайта ашу мәселесімен бармаған жеріміз жоқ. Ауыл халқының атынан біраз жерге хат жаздық. Бірақ бұл шабысымыз еш нәтиже бермеді. Өткен жылдың жазында бұрынғы Сенат депутаты Нариман Төреғалиев ауылымызға келіп, тұрғындармен кездесу өткізді. Депутаттың елге келіп, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асқанын ынтымақтықтар жақсылыққа жорыдық. Содан көп кешікпей мектеп қайта ашылып, жұмысы жанданды. Біздің тұрған жер шекара маңындағы елді мекендер қатарында. Ауыз су мен көгілдір отын үйге кіріп тұр. Тіпті үйлердің көбі қаладағыдан кем емес. Ынтымақ ауылы Орал – Саратов күре жолынан тоғыз шақырым қашықта жатыр. Жоғары жақтан кім келсе де, ұялы байланыстың жоқтығын, мектепте бала санының жетіспеушілігі мен жарық мәселесін айтып отырамыз. Аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов те ауылға жиі келіп тұрады. Барлық мәселені өз көзімен көріп, шешу жолдарын қарастырып, базынамызды жерде қалдырмайды. Қазіргі облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетовке аналық алғысымды жеткізгім келеді. Ауылымызға фельдшер аптасына бір рет келіп кетеді. Сол кезде денсаулықта кінәрәт болса, айтып қаламыз. Жалпы, мұнда жастар жағы келгісі келмейді. Себебі интернет жоқ дегенді алға тартады. Ұялы байланыс болмағасын, оларды да түсінеміз. Келесі бір мәселе – тоғыз шақырым жолымызды қыста қар басып қалады. Биік қырқаның арғы жағына түскеннен кейін ойпаңдау жер бар. Сол жерді биіктетсе, керемет болар еді. Бірақ оған жаңбыр жауса, езілмейтін ету үшін топырақ төсеуге рұқсат бермей отыр. Бізге тас жол салынбайтыны айдан анық. Қатты жел кезде электр желілері істен шығатын, былтыр электр бағаналарыауыстырылды. Ауылымызда қожалық ашып, кәсібін жүргізіп отырған жандар баршылық. Олар да қолынан келгенше елге көмектесіп жатады. Биыл өткен жылдармен салыстырғанда шүкір деуге болады. Осы ауылдың байырғы тұрғыны болғаннан кейін әр нәрсеге жанымыз ашиды. Егер көп балалы отбасы көшіп келеміз десе, бос үйлер де бар. Тек оларға жұмыс тауып беруіміз керек. Қожалық ашқан азаматтар қарамағына көмекші жігіттерді қызметке алғанымен, олар отбасымен көшіп келгісі келмейді, – дейді Қанекей Ізғалиева.

Бес жылдан кейін қалай болмақ?

Ауыл мектебін аралай жүріп, сабақ өтіп жатқан сыныпқа бас сұққанбыз. Бастауыш сынып мұғалімінің оқушыларға әлденені түсіндіріп жатқанын көрдік.

7

– Бірінші сыныпта екі оқушы, екінші сыныпта бір оқушы, ал төртінші сыныпта екі оқушы оқиды. Осы жылдың күзінде екі оқушы орта сыныпқа ауысады да, шағын орталықтан үш оқушы келеді. Шағын орталыққа немесе бастауыш сыныпқа балалар келмесе, алдағы бес жылдан кейін жағдай қиын болатын сынды. Өзіңіз көріп тұрғандай, үш сыныптың балалары бір кабинетте білім алады. Әр сыныпқа он минуттан уақыт бөлемін. Кейде, шыны керек, моральды тұрғыда шаршатады. Бірақ өзімнің сүйікті жұмысым болғасын, шәкірт тәрбиелеуге барымды саламын. Тапсырма бергенде де кезекпен жұмыстанамын. Балалардың сабаққа үлгерімі мен ынтасы жақсы. Тек ұялы байланыс орнатылып, мектепте бала саны артса деген тілек бар. Соған қоса мұғалімдер қатары толықса, бірлесе жұмыс істер едік. Бірақ бұның бәрі әзірге арман ғой. Ауданда жарыстар өтіп жатса да, бала санының аздығынан қатыса алмаймыз. Төртінші сыныптағы екі оқушым кезінде осында оқып бастаған. Кейін аудан орталығындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектепке ауысып, ауылда мектеп ашылғанын естіп, қазір қайтып келді. Негізі, орыс тілі мен ағылшын тілі пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер ауылда бар. Тек бұл мәселеде жан-жақтан қолдау керек болып тұр, – дейді жас ұстаз Аяжан Искакова.

13 (1)

Жоғарыдағы пікірлерді қуаттай түсу үшін Достық ауылдық округінің әкімі Хафиз Маратұлына жолықтық.

– Ынтымақ елді мекені тұрғындарының өзекті мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Ең бастысы – ұялы байланыс мәселесі. Жалпы айтқанда, аталған жағдайлардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі ұялы байланыс орнатылса, Ынтымақ ауылына жас мамандар жұмысқа келер еді. Көп балалы отбасыларды да бос тұрған үйлерге қоныстандыруға болады. Қазір кімге жолықсаң да, ең алдымен ұялы байланыстың баржоғын сұрайды. Шыны керек, ол – заман талабы. Тіпті осы ауылда тұратын үлкендеріміздің немерелері Орал қаласында немесе аудан орталығында білім алып жатыр. Оларды қолына алып оқытайын десе, интернет мәселесі алдан шығады. Жарық жайы да рет-ретімен шешіліп келеді. Өткен жылы бағаналар ауыстырылды. Бұрынғыдай жарық жиі сөнбейді. Мектепті жаппай, сақтап қалу үшін бала санын арттыру керек. Ол үшін ата-анасына жұмыс, балаларына интернет қажет. Сол екеуі шешімін тапса, қалған мәселені оңтайландыруға болады, – дейді Хафиз Ахметов.

Мамандар не дейді?

Ынтымақ ауылының ахуалын білген соң аудан орталығына келіп, жарықтың не себепті жиі сөнетінін білу үшін жауапты мамандардың алдына бардық.

– 2022 жылы Достық ауылдық округінің қосалқы стансасынан Ынтымақ желісіне дейін 12 бағана ауыстырылды. Әбден тозығы жеткен сымдардың орнына жаңасы тартылды. Сол желіні қайтақайта істен шығарып тұрған Ақкүтір ауылының желісі. Оның желілік сымдары әбден тозған. Бағаналары нашар. Соның кесірі Ынтымақ ауылына да тиеді. Өткен жылы ол аймаққа да барынша жөндеу жұмысын жүргіздік, – дейді аудандық электр желілері торабының басшысы Бекжан Юсупов. Жалпы, ауылға интернет желісін жүргізу не ұялы байланыс қосу оңай шаруа емес. Оның да өзіндік талабы бар. Қарапайым халықтың көкейінде «Интернетті ауылға неге әкеліп қондыра салмайды»? деген сұрақ тұруы мүмкін. Осы орайда тиісті мамандарға жолыққан болатынбыз. – Ынтымақ ауылы бойынша айтар болсақ, мемлекет тарапынан байланыс саласымен айналысатын мекемелерге жеңілдік берілді. Оларды салықтан босатып, өздерінің қызметін сапалы атқаруы үшін үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Әсіресе, шалғай жатқан ауылдардағы интернет байланысын жақсарту, оның жұмысын жеделдету бағытында біраз іс қолға алынды. «ВостокTELEKOM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің мемлекет алдындағы міндеттемесін орындау мақсатымен Тасқала ауданына қарасты бірнеше ауылға зерттеу жұмысын жүргізді. Соның ішінде Кеңжайлау және Ынтымақ ауылдарында мүлдем байланыс болмағандықтан, осы жылдың мамыр айында кеңжолақты интернет (широкополосный) қосуды жоспарлап отыр. Негізінен, олар бұл жұмысты өткен жылдың желтоқсан айында аяқтауы керек еді. Бірақ мемлекеттік сатып алу және тағы да басқа себептерге байланысты 2023 жылдың көктеміне қалдырды. Алдағы мамыр айында Ынтымақ ауылындағы үйлерге интернет өткізіп беру жоспарда тұр, – дейді Тасқала ауданы әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Бексұлтан Бисалиев.

Түйін

«Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың бес жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», – деген еді Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Ынтымақтың да өзге ауылдардан еш жері кем емес. Тек жоғарыда аталған мәселелер шешілсе, бұл ауылдың гүлденетін түрі бар. Ауыл тұрғындары атап өткендей, мұнда бос үйлер бар. Олардың бағасы да әр түрлі. Орта есеппен, 500- 800 мың теңге аралығында. Мектеп жасындағы балалары бар отбасы Ынтымаққа көшіп келеміз десе, халық құшақ жая қарсы алады. Алда интернет желісі іске қосылса, қалған мәселелер біртіндеп шешімін табар деген үміттеміз.

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале