21.05.2025, 11:00
Оқылды: 401

«Ауыл» партиясы – ауыл мәселесімен

​Бөкей ордасы ауданында шекара маңы халқын тұрақтандыру, ауыл жұртшылығының әлеуметтік- экономикалық  жағдайын жақсарту, ауыл экономикасы, ауыл шаруашылық өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі талқыға салынған жиын өтті. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың  төрағалығымен өткен жиынға «Ауыл» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы аппаратының басшысы Ғайса Қапақов, филиал кеңесшісі Сатқан Төлегенов, «Депо» базарының әкімгері Айдарбек Дакуповтар арнайы кеп  қатысты.

IMG-20250519-WA0099

​Өз кезегінде сөз алған  Ғайса Қапақов:
- «Ауыл» партиясы  ешқандай партияға бәсекелес емес. Елдің проблемасы неше партия болса да жеткілікті. Басқа партиялардан артықшылығы сол, «Ауыл» партиясы елдің өзегі, атажұртымыз ауылдарды сақтау, нарық  талабына сәйкес дамыту мәселелері бойынша жұмыс жасайды. Бұйыртса,  тамыз айында Қазақстан бойынша алғаш рет халықаралық «Auyl fest» атты қой шаруашылығының форумын жоспарлап отырмыз. Орал қаласында өтетін форумға Қытай, Бразилия, Аустралия, Уругвай, Ресей және тағы басқа елдер қатысып, өздерінің өнімдерін ұсынбақшы.  Форум аясында қой шаруашылығын қалай дамытамыз, оның болашағы қандай болмақ деген сұрақтарға жауап іздейміз.  Форумда қой етінен, жүнінен жасалған заттардың үлкен көрмесі ұйымдастырылады деп күтілуде. Біздің аудан аралап, өздеріңізбен кездесудегі мақсатымыз да осы, форумға дайындық жұмыстары,- деді ол.

IMG-20250519-WA0097
​ Ғайса Қапақовтың айтуынша, биыл облыс орталығында «Депо» базарының құрылысы қолға алыныпты.  Он мың гектар жерге базар салынып, тауардың барлық түрі сатылатын болады. Ауылдардан келетін тағамдарға бөлек павильон салынады. Бұл павильонда  аудандардың ауыл шаруашылық өнімдері  сатылатын болады. Айта кету керек, павильондар  тегін беріледі.

IMG-20250519-WA0091
Жиын барысында қос тарап, яғни  аудан әкімдігі мен «Ауыл» партиясы облыстық филиалы өзара меморандумға қол қойды. Бұдан өзге де «Қаладан ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, аудан бойынша жұмыссыздықты азайту жолдары да талқыланды.IMG-20250519-WA0095 Ғайса Қапақов өз тәжірибесінен мысалдар келтіріп, ауыл шаруашылық өнімдерінің саудасын жолға қою мәселесіне кеңірек тоқталды.
​Күн тәртібіндегі соңғы мәселе ауданда «Ауыл» партиясының бастауыш ұйымын құру турасында да айтылды.
​Жиынды қорытындылаған аудан басшысы аталған мәселелер шекара шебіндегі аудандар үшін маңызды екенін,  мәселені шешу үшін нақты ойластырылған, жүйелі іс-шаралар қабылдануы керектігін айтты.

Ұлпан Әнуарқызы
Суретке түсірген Әділет Абдиров

Бөкей ордасы ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале