Жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі ел болып тойланады.
Бұл орайда айтулы мерекені Жәнібек ауданы болып атап өтіп, қызметкерлердің ешбірін бөліп-жармай, бәріне бірдей құрмет көрсетілді.
Мереке жәрмеңкеден басталды
Орталық алаңнан табылған жұрт жәрмеңкеден керегін алып, мәре-сәре боп жатты. Тау, Ақоба, Күйгенкөл, Талов, Қамысты, Жақсыбай, Жәнібек ауылдарының тұрғындары атсалысқан жәрмеңкеден барлығы табылды.
Ет, сүт, көкөніс өнімдері арзан бағада сатылған күн жәнібектер үшін ерекше болды. Еттің келісі мың сегіз жүз, қайнатылған құрт екі мың, сары май алты мың, ірімшік мың теңгеден лезде өтіп кетті. Одан өзге картоп, пияз, сәбіз бен исі аңқыған жеміс-жидектер алғызбай, қоймады. Оның үстіне ауыл әкімдері сатып алушылардың көңілін тауып, етті таңдауға көмектесіп, өздері салып берді. Аудан әкімі Тимур Шиниязов әр ауылдың ұсынған өнімдерін аралап, өте жоғары баға берді. Содан соң асыл тұқымды малдар қойылған көрмеге барып, шаруа қожалықтың жетекшілерімен танысты. Бір ғана салмағы алты жүз келі болатын абердин-ангус сиыры елдің ауыл шаруашылығына деген қызығушылығын оятты. «Хайруш» шаруа қожалығының жетекшісі Алтын Нұрғалиева шаруашлықтың жайын егжей-тегжейлі түсіндіріп, аталған сиырдың артықшылықтарын айтты. Мұнымен қызық бітпеді. Ауыл шаруашылығына ең қажет дүние – техника. Көрмеден орын алған техникалар ауыл жұртшылығын аң-таң етті. Жер жыртуға арналған техникалардың маңызын «Әлем» шаруа қожалығының жетекшісі Ескендір Елемесов жеткізді. «К-747МСт1» маркалы тракторды нұсқаған ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіпті дамытуға таптырмас құрал екенін айтты. Жәрмеңке мен көрме сүйсіндіргені соншалық бір сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалдық. Аудан басшысы Тимур Серікұлы қолдауға әрдайым дайын екенін баяндап, әр кәсіпкердің пікірін тыңдады.
Өз иесін тапқан марапаттар
Орталық алаңда құрылған сахнаға қарай жақындаған жәнібектіктер концерттің басталуын асыға күтті. Далда орындалған асқақ әндер ауданды рухқа бөледі. Аудан әкімі Тимур Шиниязов сахнаға көтеріліп, құттықтау сөз сөйледі.
- Мерекенің ауданымыз үшін маңызы айрықша. Мемлекет тарапынан берілетін үздіксіз қолдау шаралары жаңа жетістіктерге қол жеткізу үшін мүмкіндіктер туғызып отыр. Аудан шаруалары мал басын асылдандыру және ауыл шаруашылығы техникалары үшін инвестициялық субсидия алуға жетіз жүз миллион теңгеге жуық өтінімдер тапсырды. Бүгінгі таңда ауданда төрт жүзден астам шаруа қожалықтары мен өңдеу кәсіптері қызмет жасауда. Тұңғыш рет республика көлемінде селекциялық жұмыстар бойынша «Әлем» шаруа қожалығы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ғалымдарымен еліміздің және ТМД елдерінің табындарында кең таралған «Самұрық» зауыттық ізінен қазақтың ақбас тұқымы мен асыл тұқымды жылқылар үлесін арттыру бойынша ғылыми жұмыс жүргізді. Соның арқасында «Көшім» тұқымының «Заманторы» зауыттық аталық ізі тіркелді. Осындай сарқылмайтын еңбек сүйгіштігін бейнелейтін бейнелейтін ауыл шаруашылық саласының басшыларына және ардагерлеріне, өндіріс озаттарына, саланың дамуына үлес қосып жүрген барлық жандарға ерекше алғысымды білдіремін, - деді аудан әкімі.
Құттықтаудан кейін «Саят» шаруа қожалығының жетекшісі Р.Насеновке, «Ерлан» шаруа қожалығының жетекшісі Б.Айтқалиевке және «Атаев» жеке кәсіпкерлік жетекшісі Е.Атаевқа облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатын, «Шмит» шаруа қожалығының жетекшісі М. Кенжеғалиевке, «Абдраман» шаруа қожалығының жетекшісі А.Әбдіревке, «Байсал» шаруа қожалығының жетекшісі Т.Осатовқа облыс әкімі орынбасарының алғысхатын табыстады.
Сонымен қатар аудан басшысы ынталандыру мақсатында бірнеше аталымды хабарларды. Оның ішінде «Үздік шопан» «Сағын» шаруа қожалығының мүшесі А.Сағынғалиевке, «Үздік жылқышы» «Бәри» шаруа қожалығының мүшесі Б.Бәриге, «Үздік бақташы» жақсыбайлық жеке тұрғындардың ірі қара табыны бақташысы Р.Пайдинге, «Үздік механизатор», «Марал» шаруа қожалығының механизаторы Б.Тарғыновқа, «Үздік асыл тұқымды мал өсіруші» «Ерсұлтан» шаруа қожалығының жетекшісі К.Пайдинге, «Үздік ветеринар» Қамысты ауылының мал дәрігері Е.Шукешовқа, «Үздік жас фермер» «Талғат» шаруа қожалығының жетекшісі Т.Тайлановқа, «Ауыл шаруашылығының үздігі» А. Соналиевқа берілді.
Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz