Бүгін Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың қатысуымен Батыс Қазақстан облысы коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз мәслихаты өтті. Аудан әкімі баспасөз мәслихатында аудандағы ауыл шаруашылығы саласының даму барысы мен аталған бағыттағы ауқымды жұмыстарды баяндады.
Аграрлы ауданның егістік көлемі соңғы 4 жылда 224 мыңнан 254 000 гектарға ұлғайған. Биыл да аудан диқандары жұмыс жоспарын артығымен орындап егіс көлемін 254 635 гектарға жеткізіп отыр. «ҚазАгроҚаржы» АҚ сынды лизингтік компаниялардың қолдауы, субсидиялау бағдарламалары нәтижесінде жалпы сомасы 10,4 млрд. теңгеге 516 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары сатып алынған. Егіс даласындағы еңбек үдерісін іркілтпеу мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін ауқымды көмектің бірі – арзандатылған жанар-жағар май. Байқау қорытындысы бойынша ауданға «Нефтэк» ЖШС оператор ретінде анықталып, бір литр жанар-жағар май құны 212,0 теңгеге белгіленген.
- Бәйтерек – көкөніс, соның ішінде картоп және басқа да бақша дақылдарын өндіретін ең ірі аудан. Картоп өндіруші кәсіпкерлер аудан мен облыс тұрғындарын қамтамасыз етіп қана қоймай, өз тауарларын өңірден тыс аймақтарға да шығаруда. Көкөніс өсірушілер ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысып, халыққа нарықтық бағадан төмен құнмен табиғи өнімдерін ұсынуда. Сондай-ақ жыл сайын Елордада өтетін облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде олар астаналықтарға да төл өнімдерін жеткізеді. Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының ауытқуын азайту үшін ауданда жылыжайларды дамыту ісі жүйелі жүруде. Қазіргі таңда жалпы аудан бойынша барлығы 114 277 тонна астық, 25 445 тонналық көкөніс қоймалары жұмыс істеп тұр. Бүгінде бос жер көлемінің азаюына, соңғы жылдардағы қуаңшылыққа байланысты аудан шаруалары суармалы егіс алқаптарын іске қосу жолында жұмыстануда. Бұл мақсатта бес жылда суармалы егістік алқаптарын – 12 000 гектарға жеткізу жоспары жасақталып, бекітілді,- деді аудан басшысы.
Аудан негізінен өсімдік шаруашылығына бағытталғанына қарамастан асыл тұқымды мал өсіру ісі де қарқынды дамып келеді. Бәйтерек өңірдің сүт белдеуі аймағында орналасқандықтан асыл тұқымды сүтті бағыттағы бұқалардың жетіспеуіне байланысты аудандық бюджеттен бөлінген 6 556 000,0 теңгеге сосуд Дьюара құрылғылары сатып алынып, 22 ауылдық округке таратылды. Әр ауылдық округте құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне арнайы белгіленген дистрибьюторлық компаниялар асыл тұқымды сүтті бағыттағы ұрықтарды тегін береді. Қазіргі таңда ауданда 20562 бас аналық мал тіркелген. Оның 9246-сы сауылып, тәулігіне 50 213 литр сүт өндіріледі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидия, лизинг тағы да басқа қолдауды қарапайым еңбек адамының да алуы үшін жан-жақты түсінік жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде ауыл тұрғындарын біріктіріп ет, сүт, өндіретін, бал-арасын өсірумен айналысатын 34 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, еңбек көрігін қыздыруда. Күні бүгін «Ауыл аманаты» пилоттық жобасымен барлығы 1 590,72 млн теңгеге несие алуға 216 адам ниет білдіріп отыр. Ауданда агроөнеркәсіптік кешеннің серпінді саласы құс шаруашылығын дамытып, балық өсіру кәсібін ширатуға да ден қойылған.
Ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдер спектрі нәтижесінде өндіріс көлемі артып, аудан экономикасы жыл санап алға басуда.
Нұрсәуле Әбілпейісова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz