Бөкей ордасы ауданына жұмыс сапарымен облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов арнайы келіп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған маңызды жиынға қатысты.

Аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерімен кеңейтілген кездесу өтіп, онда саланы дамытудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында айқындалған аграрлық секторды қолдау, еңбек адамдарының әлеуетін арттыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығына енгізіліп жатқан жаңа бастамалар кеңінен сөз болды. Жиынның негізгі мақсаты – мемлекеттік бағдарламалардағы өзгерістер мен жаңашылдықтарды шаруаларға түсіндіру, олардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерін тыңдап, ашық пікір алмасу алаңын қалыптастыру болды.

Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы ауыл шаруашылығы саласының қазіргі ахуалына тоқталып, өңірде жүзеге асырылатын алдағы жоспарлар туралы баяндады. Сондай-ақ маңызды бас қосуға облыстық басқарма басшылары, салалық мекемелердің жетекшілері қатысып, өз бағыттары аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары, ветеринария мәселелері, жер қатынастары, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, агронесиелеу және шаруаларды қаржылай қолдау тетіктері кеңінен талқыланды.

Шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап беріліп, бірқатар ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.
Кездесу қорытындысында сала мамандары мен шаруашылық өкілдері бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, аграрлық секторды дамыту бағытындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін жеткізді.

Содан соң ауданға арнайы келген делегация мүшелері аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген сұрақтарға заң аясында тиісті түсіндірмелер берді.
Ақсәуле Алжанова
Суретке түсірген Әділет Абдиров,
Бөкей ордасы ауданы