Бүгін Тасқала өңіріне Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев жұмыс сапарымен келді. Алдымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыс көлемінде күн тәртібінде тұрған төрт мәселе бойынша әңгіме өрбіді.
Аталмыш жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Умралиев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бисенғали Хайруллин, аудан әкімінің міндетін атқарушы Талғат Шакиров және жергілікті кәсіпкерлер мен сала мамандары қатысты.
Аталмыш жиында төрт мәселе қаралды. Ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту, ветеринарялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жер қатынастарын дұрыс пайдалану және табиғи ресурстарды оң бағытқа қою туралы мәселелер талқыланды. «Облыс орталығымен іргелес жатқан Тасқала ауданы барлық шаруашылықтары қазіргі таңда оң бағытта қолға алынып отыр. Өңіріміз бойынша мал шаруашылығымен айналысатын 10 мың шаруа қожалықтары болса, соның ішінде 489 асыл тұқыммен айналысатын шаруашылық тіркелген. 2023 жылдың қантардағы есеп бойынша, ірі қара мал – 37 мың, ұсақ мал – 75 мың, ал жылқы 16500 басты құрап отыр. Яғни әр жылды салыстырсақ 9,8 пайызға ірі қара малы, 9,2 пайызға қой, ешкі - 1 пайызға өсім бар. Жылқы 3,6 пайызға өсім байқалады. 5579 тонна ет өткен жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға артып отырғандығын көрсетеді. Сүт өнімінің көлемі 1,2 пайызға өсіп отыр. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын 33 шаруашылық тіркелсе, қызыл ақ басты ірі қара малымен 22 шаруашылық айналысуда. Бес асыл тұқымды қой шаруашылығымен, ал 4 шаруашылық асыл тұқымды жылқы малымен айналысып отыр. Егіс алқабын жүргізу жұмыстарыда мемлекет тарапынан бірнеше бағдарламалар іске қосылуда. Өсімдік шаруашылығы бойынша барлығы 751 млн тг субсидия төленсе, Тасқала ауданының шаруашылықтарына 6,6 млн қаражат бөлінген. Бұл биылғы жылы да қарастырылуда. Ағымдағы жылы субсидияның жаңа бағыттары іске қосылуда. Шаруа қожалықтарды қолдау бағытындағы біркелгі жұмыстар атқарылып келеді»,- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Наурызбай Қарағойшин.
Одан кейін трибунаға көтерілген облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов ең өзекті деген мәселелерге тоқталды. «Ең өзекті мәселе бұл – бруцеллез ауруы. Тасқала өңірінде бұл аурудың түріне шалдыққан малдар баршылық. Соңғы 4-5 жылдың ішінде Тасқала мен Бәйтерек аудандарында бруцеллездің көрсеткіші жоғары. Бұның басты себебі малдың қозғалтқышы қарқынды. Яғни малдың сатылы мен ауыстыру мәселесінен осындай аурудың түрлері көбеюде. Содан кейін малдың уақытылы тексерілмеуі. Әсіресе жекелерде көптеп кездеседі. Малдың қан алу кезінде ауру табылса, оны жасырып қалу фактілері бар. «Ауруын жасырған өледі» демекші, жасырғаннын арты жақсылыққа апармайтыны көрінеді. Содан кейін жылқы малында іш тастау көп. Яғни құлындардың өлі туылуы. Бұл да жақсы емес.
Бағып отырған ақ адал малдарыңыздан төл ала алмайсыздар. Пневманияға шалдыққан жылқы 90 пайызға дейін түсік тастайды. Ол үшін іш тастаған малдың алғашқы 4-5 күн ішінде қан алынып, оны лобораторияға жөнелту керек. Олар аурудың түрін анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Иттерді өздеріңіз білетіндей өлтіруге болмайды. Оларға кострация жасау арқылы есепке алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Иттерді үйде байлап ұстау қажет. Көшеде босып жүрген иттерді қанғыбас иттер қатарына жатқызамыз. Сондықтан әр адам иттерді байлап ұстау қажет», - дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов.
Сонымен қатар облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Умралиев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайталану, реттеу басқармасы бастығының орынбасары Бисенғали Хайруллин өз салалары бойынша түсінік бере кетті. Бисенғали Хайруллиннің айтуынша, Деркөл өзенін тазарту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы жасауға қаражат бөлінгенін атап өтсе, Жайықбай каналын қайта жаңғырту жұмыстарына қаражат қарастыру бағытында жұмыстанып жатқанын жеткізді. Аталмыш жиында сөз алған сала басшылары өздерінің бүгінгі күнге дейін атқарып жатқан жұмыстарын тізбектей кетті. Мәселелер айтылып, оның шешу жолдарына да тоқталып өтті. Жиын соңында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Талғатұлыда келген жұмыс сапарының мақсатына тоқтала кетті.
«Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылық саласын дұрыс жолға қою бағытында көптеген істер атқарылып жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылуда. Оған 6,4 млрд тг қаражат облыс деңгейінде бөлінді. Жақын арада аталған қаражатты игеру жұмыстарын сіздермен бірлесіп жасайтын боламыз. Тасқала ауданы бойынша екі ауылдық округтан 7 елді мекен іріктеліп, таңдалып алынған еді. Алдағы уақытта осы аталған елді мекендер бойынша қарқынды жұмыстар жүргізетін боламыз. Бұл дегеніміз ауыл халқы үшін жақсы мүмкіндік бойын деп тұр. Жақында Тараз қаласын барып «Ауыл аманаты» бағдарламасының қалай жүргізіліп жатқанын көзімізбен көріп келген едік. Онда сүтті бағыттағы өнімдерді алу кооперация арқылы жүргізіліп жатыр. Облысымыз бойынша 112 мың тонна сүт өнімдері қажет болса, қазіргі таңда біз соның тек 28 мың тоннасын қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл дегеніміз 25 пайызын құрайды. Орта және кіші кәсіптерді дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Жеміс ағаштарын егу бағытында да олқылықтар бар. Көршілес елдерден ағаш көшеттерін әкелгенімізбен біздің табиғатымыз бен ауа райымызға сай келмей жатады. Болашақта осының барлығы ескерілу керек. Бау-бақшаны дамыту бағыты мен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін дамытуды жоспарға енгіздік. Жер мәселесі де өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Игерілмеген жерлерді кері қайтару және еңбек етемін, жердің игілігін көремін деген шаруаларға әрдайым қолдауға дайынбыз», - дейді облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаев.
Жиналыстан соң облыс әкімінің орынбасары Ержан Талғатұлы Ақтау ауылындағы «MID SU»ЖШС салып жатқан ауыз су шығаратын заводтың құрылысымен танысты. Сағатына 2000 бөтелке су шығаратын завод жұмысы шілде айында іске қосылмақ. 10 адамды жұмыспен қамтитын аталмыш завод күніне 16000 бөтелке су шығармақ. Одан басқа «Теміржан» шаруа қожалығының егістік алқабында болып, көктемгі далалық жұмыстарымен танысты. Ақтау ауылына кіреберістегі бұлаққа да ат басын бұрды.
Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаев Бірлік елдімекеніндегі «Su+» ЖШС-нің жұмыстарымен танысты. Серіктестіктің орынбасары мекеменің жұмысымен таныстырып, мүмкіндік болса жарық мәселесін шешіп беруді сұрады. Оның айтуынша жарық сөнген сайын, жұмыс тоқтап, жұмыс процесін қайта бастау біршама уақыт алады. Сонымен қатар осы елдімекенде орналасқан «Taskala-Et ВКО» бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Аталмыш серіктестік бұқашықтарды бордақылау және ірі қара мал етінің өндірісімен айналысады.
Темірболат Тоқмамбетов,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz