Таяуда Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтанның төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласын дамыту, іскерлік тәжірибе алмасу, кәсіптік бағдар беру бағытында жиын өтті.
Кездесуге арнайы келген Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің өкілдері AgroTech HUB жобалық кеңсесінің басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ізімғали Жұбантаев, ғылыми қызметкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Амангелді Тұрабаев, «УСХОС» ЖШС «Суарылмайтын егіншілік және жемшөп өндірісі» бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Төлеген Булеков ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге өз бағыттары бойынша ғылыми-практикалық қызмет көрсетті.
Аталған оқу орнының студенттер контингентін қалыптастыру орталығының директоры Бейбітжан Рахымғалиев аудан орталығындағы Мұхит атындағы орта мектебінің базасында жоғары сынып оқушылары ата-аналарымен жиын өткізді.
Мал шаруашылығының селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстары, егіншілік және жемшөп өндірісі, мектеп түлектерінің жоғары білім алуға алдын ала бағытын айқындауы талқыланған жиында ауылдық округ әкімі аппаратының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласына жауапты мамандары, шаруа құрылымдар жетекшілері ғылыми-практикалық қызмет көрсетушілермен өзара пікір алмасты.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz