Бүгін Бөкей ордасы ауданы әкімдігінде өткен келелі жиында осындай пікір айтылды. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен өткен бұл жиынға облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Табылғали Сапаров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев, осы басқарманың бас маманы Қайыржан Өміралиев, облыс жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Жұматай Ашықпаев, «Ақжайық ӘКК» АҚ басқармасының «Ауыл аманаты» жобалары несиелеу бөлімінің басшысы Азамат Ахметов,«ҚазСуШар» ШЖҚ РМК облыстық филиалының бас гидротехнигі Қайрат Жұлқашев, «ECO Club» ЖШС директоры Бауыржан Сабановтар арнайы кеп қатысты.
Бұл аталған азаматтар облыс әкімінің өкімімен құрылған ауыл шаруашылығы мәселелеріне қатысты жұмыс тобының мүшелері. Аталмыш топтың мақсаты да айқын. Ол – агроөнеркәсіп кешендегі қордаланған мәселелерді зерделеп, ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, бұрынғы мен қазіргі заманауи технологияларды ұштастыра отырып саланы көтеру. Жұмыс тобының көшпелі отырысында да осы мәселе жан жақты қаралды.
Алдымен облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Рүстем Зұлқашев:
- Ауданымыздың экономикалық дамуының басты локомотиві - мал шаруашылығы. Дегенмен, мал басы шамадан тыс көбейіп кетті. Жер-Анамызға да түсіп отырған жүктеме үш есеге еселенген. Соңғы жылдары климаттық өзгерістер де мал шаруашылығына кері әсерін тигізуде. Оған қоса саны жыл санап артқан киіктің де кесірі бар. Осы жайттарды ескере отырып, Бөкей ордасында пилоттық жобаны қолға алуды жөн көріп отырмыз. Мойындауымыз керек, уақыт өтсе де мал шаруашылығының мәдениетін, жаңа технологиясын қалыптастыра алмай отырмыз. Неге импорт ет қымбат, сапалы? Неге біздің ауыл шаруашылық өнімдеріміз бәсекеге қабілетсіз? Осы мәселелерге жауап іздесек, ауылшаруашылығына жаңаша бетбұрыс жасау керектігін түсінеміз, - деді.
Бұдан кейін сөз алған аудан басшысы мал шаруашылығының өзекті мәселелерін қамтыған баяндама жасады.
- Ауданымыздың негізгі экономикалық бағыты - мал шаруашылығы. 2024 жылдың қорытынды мал санағы бойынша ауданымызда 106432 ірі қара, 100441 қой мен ешкі, 39799 жылқы, 1189 түйе, 4453 құс тіркелген. Қазірдің өзінде қолдағы бар мал басына жайылым тапшылығы 859,0 мың га жерді құрайды. Мал басы саны өсіп, жайылымдық жер тарлық етуіне байланысты аудандағы әскери полигон аумағын келісімді түрде пайдаланылуда. Ауданда өсірілетін малдың басын тұрақтандырып, 113,0 мың бастан, соның ішінде аналығын 65,0 мың. бастан асырмау шектеу жөнінде түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді.
2024 жылғы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 13 млрд. 544 млн. теңгені құраса, осы салаға тартылған инвестиция көлемі 1 млрд 363 млн. 74 мың теңгені құрады, - деп мәлімдеді аудан әкімі.
Айтпақшы, ауданымызда 562 шаруа қожалық жұмыс атқаруда. Оның 52-і асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Асыл тұқымды шаруашылықтарының бағымында 14196 ірі қара, 2836 қой, 446 жылқы, 258 түйе бар.
Жұмыс тобы төрағасының орынбасары Табылғали Сапаров:
- Бағдарламаны сынаудан бұрын мақсатын, маңызын дұрыс түсінгендеріңіз дұрыс. Мінсіз ештеңе жоқ, кемшін тұстары болуы мүмкін. Кеңесе отырып, келісім жасайық. «Келісіп пішкен тонның келте болмасы» анық. Бүгінгімен өмір сүрмеуіміз керек. Қолда бар малды сатып, жақсы үй алып, қалаға қоныс аударып кету бар да осы атақоныста ата кәсіппен табысын еселеп қалу бар. Міне, осы санаттағылар мал шаруашылығының келешегін бүгіннен бастап ойлаулары керек. Қолдау бар, қаржы қаралып отыр. Қанатқақты жоба деп басқа аудан емес дәл осы Бөкей ордасынан бастағалы отырмыз. Мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек, - деді өз сөзінде.
Өзекті мәселені талқылаған отырысқа қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, жұмыс тобымен ауданның агроөнеркәсіп мәселелерін жетілдіруді талқыға салды.
Ұлпан Әнуарқызы
Суретке түсірген Әділет Абдиров