2.11.2025, 12:30
Оқылды: 85

Ауыл тарихы газет бетінде

Аудандық төл басылымды егіндікбұлақтар да сенімді серік санайды. Кезінде ұжымшар болып құрылған ауылдың өсіп-өркендеуі әр жылдары газетке тұрақты шығып тұрды. «Ауыл тынысы» Егіндібұлақтың бүгінгі тынысынан хабардар етіп келеді.

IMG-20251102-WA0001
Бұл туралы газеттің 85 жылдық мерейтойына орай Егіндібұлақ ауылында ұйымдастырылған кеште айтылды. «Аудан айнасы – «Ауыл тынысы» тақырыбында өткен мерекелік кешті ашқан ауылдық округ әкімі Ринат Ескендіров азаттықтың ақ таңы атқаннан соң газетке жетекшілік жасап, «Ауыл тынысы» атануын алуға, басылымның жаңаша дамуына үлесін қосқан Мақсот Ержановтың осы ауылда өсіп-өнгенін егіндібұлақтықтар мақтан тұтатынын жеткізді.

- Қазіргідей сандық технология дамыған заманда газет оқитындар қатары бұрынғыдай қалың еместігі белгілі. Дегенмен де газеттің орны бөлек. Мемлекет басшысы атап өткендей, ақпарат – қуатты құрал. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды. Бүгінгі таңда халықты адастырғысы келетіндер жалған ақпарат тартуға құмар. Ал оған әсте жол беруге болмайды. Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі. Күнделікті газет-журналды үнемі қадағалап отырған жан ұтпаса, ұтылмасы анық. Мемлекеттік сипаттағы республикалық, облыстық басылымдармен бірге ауданымыздың төл газеті «Ауыл тынысынан» да көп мағлұмат алуға болады. Мұнда пайдалы ақпарат аз емес. Осыны түсіне білген жерлестеріміз газетке жазылуға өзіндік үлестерін қосып келе жатқанына қуаныштымыз,-деді Ринат Маратұлы.

IMG-20251102-WA0002
Осынау іс-шараға арнайы қатысқан «Сенімді болашақ» аудандық мүгедектігі бар жандар ұйымының жетекшісі Арман Айтбаев қай заманда болмасын газет адам баласы үшін қажет дүние екеніне тоқталып, басылымға баянды да ұзақ ғұмыр тіледі.

IMG-20251102-WA0008
Бұл рухани кешті жоғары деңгейде ұйымдастырған ауыл кітапханашысы Данагүл Алхамова газет тарихына арналған көрмемен таныстырған соң қырық жылдай ауыл кітапханашысы болып еңбек еткен, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүрген Татьяна Шапошникова сөз алды. Ол газет «За коммунизм», «Сельские вести» аталған тұстардағы жарық көрген мақала-материалдар туралы естелігімен бөлісті. ХХІІ партсъез атындағы ұжымшар болған қазіргі Егіндібұлақ туралы, ондағы еңбек адамдары жөнінде шыққан репортаж, очерктер жөнінде әңгімеледі. «Мен кітапханашы болып келген бойда ауылымыз туралы аудандық басылымға шыққан мақалаларды жинауды бастадым,-деді Татьяна Ильична.- Сөйтіп ауылға электр жарығының тартылуы, жолдың салынуы, үйлердің, әлеуметтік нысандардың бойкөтеруі, ұжымшар, артынан кеңшардың жеткен жетістіктері, жерлестеріміздің маңдай терлерінің ақталып, түрлі атақ атып, абыройға бөленуі туралы біраз материал жинақталды. Солардың негізінде альбом жасақтадым. Бұл альбомнан-ақ ауылымыздың тарихын көруге болады».
«Ауыл тынысы» газетінің бас редакторы Сәкен Әбілхалықов осындай әсерлі кеш ұйымдастырғаны үшін ауылдық округі әкімі аппараты, кітапхана, мәдените үйі ұжымдарына ризашылығын білдірді. Содан кейін редакциямен жақсы байланыстағы тұрақты оқырмандарға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады.

IMG-20251102-WA0010
Кеш барысында ауылдың жас өнерпаздары әсем ән айтып, әдемі би билеп, жиналғандарды бір серпілтті.
Айта кету керек, осынау іс-шарадан соң ауыл кітапханашысы Данагүл Алхамова Егіндібұлақ ауылдық округына қарасты Алмалы елді мекеніне барып, газет мерейтойына орай ақпараттық сағат өткізді. Онда газет тарихы, басылымның бүгінгі тынысы туралы айтып, оқырмандарымен әңгіме-дүкен құрды. Содан соң кітапханашы жылдағы дәстүрі бойынша өз есебінен бір топ алмалылықтарды «Ауыл тынысы» газетіне жаздырды.

Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале