19 тамыз аудан орталығында сенбілік өтіп, оған аудандағы бірқатар мекемелердің қызметкерлері мен тұрғындар қатысты. Сенбілік барысында ауыл азаматтары Казталов ауылы көшелеріндегі, мекеме аулаларындағы және саябақтардағы шашылған қалдықтар мен жөн-жосықсыз өскен арамшөптерді жұлып, тазалық жұмысын жүргізді. Аудан орталығындағы тротуарлардың үстіндегі мал жапалары тазартылды. Жиналған қоқыс пен шөп үйінділері ауыл әкімшілігінің автокөлігінің тіркемесімен және трактор тіркемесі арқылы ауыл шетіндегі қоқыс полигонына шығарылды.
Сонымен қатар сенбілік барысында ауыл көшелерінде орнатылған қоқыс контейнерлері тазартылды. Контейнерлерді тазалау барысында өкінішке орай, ауыл тұрғындарының қоқыс жәшігіне мал өлекселерін салу фактілері және қалдықтарды жәшік ішіне салмай, оның айналасына қойып кету жағдайлары ұшырасты.
Жалпы ауыл тазалығы баршамызға ортақ іс деп қарастырар болсақ, мұндай сенбіліктердің өткізіліп тұруының ауыл келбеті үшін маңызы зор.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Ерлан Аронов – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы.
Ауыл тазалығы, оның көркі мен сәні әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңайынан басталады емес пе? Аудан орталығында тұратынымызды көпшілігіміз ұмытып кететін болуымыз керек. Жан-жағыңызға қарасаңыз үй иелерінің жекеменшік баспанасының ауласы мен маңайын абаттандыруға құлықсыздығының, ал көпқабатты пәтерлердің жан-жағына қоқыстарын қалай болса солай лақтыра беретіндігінің куәгері боласыз.
Тазалығымен ерекшеленген қандайда бір көрініс жанға жылу береді. Жанымызға рахат, көңілімізге шаттық сыйлайтын тазалық шараларына алдағы уақытта да белсене қатыссақ нұр үстіне нұр болар еді.
Ержалғас Ишанов – аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшының міндетін уақытша атқарушы.
Таза үй, таза ауыл кімге болса да ұнары анық. Десек те, таза жерді ластап, шашып, бүлдіретін де өзіміз. Сол себепті осындай сенбіліктердің аудан, ауылдарда көптеп өткені дұрыс. Себебі сенбілік жұмысына қатысу арқылы аудан тұрғындары ауылды ластамауға үйренеді. Кім өзі жинап, тазалаған жерді, қайта ластағысы келеді?! Әрине, ешкім ластамасы анық. Сондықтан әр мезгілде сенбілік жұмысы жалғаса берсін.
Дархан Жалиев – Казталов ауылдық окургі әкімі аппаратының бас маманы.
Сенбілік - халықты игілікті іске шақыру. Әр адам өз үйін әдемі, ауласын таза ұстаса ауылдың тазалығы мен көркіне көрік қосар еді.
Алайда, сенбілік барысында біз куә болып жатырған кейбір жайттар көңіл қынжылтады. Тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған контейнерге мал, ит өлекселерін салу, қоқыстарды жәшікке салмай оның айналасына тастап кету әлі де тыйылар емес. Сонымен қатар бүгін біздер Мерғалиев көшесінде орналасқан қоқыс контейнері маңынан тұрмыстық қатты қалдық, ескірген үй жиһаздарын (диван, кресло) жинап, тиеп алдық. Осы орайда ауылдастарыма айтарым, контейнерге тұрмыстық қатты қалдық, ағаш бұтақтары, мал өлекселерін тастаудан тиылсақ, ондай дүниелердің бәрін тікелей қоқыс полигонына жеткізіп тастауға тырысайық.