14.03.2026, 23:00
Оқылды: 5

«Ауыл төріндегі Амал думаны» – Казталов ауданында ұлттық дәстүрді ұлықтаған кеш өтті

14 наурыз – Көрісу күніне орай Казталов ауданында ұлттық дәстүр мен халықтық өнерді дәріптеген ерекше мәдени шара өтті. «Ауыл төріндегі Амал думаны» атты театрландырылған халықтық думан концерттік бағдарламасы 13 наурыз күні Жалпақтал ауылдық мәдениет үйінде, ал 14 наурыз күні С.Садықов атындағы Казталов аудандық мәдениет-демалыс орталығында көрерменге ұсынылды.

image-14-03-26-10-13-10

Кеш шымылдығы табиғаттың қыстан көктемге ауысқан сәтін бейнелейтін әсерлі көрініспен ашылды. Сахнада боранды қыс бейнесі көрініс тауып, ақ матамен орындалған би арқылы қыстың қыспағы мен табиғаттың тылсым тынысы суреттелді. Сыбызғы үнімен сахна төріне шыққан ақсақалдың бейнесі дала тынысын, халықтың үмітін жеткізгендей әсер қалдырды. Ана, жігіт, қыз, келін және қария образдары арқылы ұзақ қыстан кейінгі қауышуға деген сағыныш, жүректегі жылылыққа деген аңсар көркем жеткізілді.

image-14-03-26-10-13-6

«Амал – жыл басы ғана емес, жүректің жаңаруы» деген мазмұндағы толғаныстар көрерменге терең ой салды. Көктемнің келуімен сахна жанданып, «Қарлығаш» би ансамблінің орындауындағы «Көктем биі» көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.

Концерттік бағдарлама барысында Наурыз мерекесіне дайындық көріністері, балалардың ойындары, ауыл әжелерінің киіз басып, ұршық иіру сияқты ұлттық қолөнер дәстүрлері сахналанды. Әжелердің халық әндерін орындауы көрермендерді қазақы ортаға жетелеп, өткен мен бүгіннің арасын жалғағандай әсер қалдырды.

Сахна төрінде ауыл ақсақалдары мен үлкендері халыққа ақжарма тілектерін арнап, Көрісу айттың мән-маңызын дәріптеді. Береке-бірлік пен татулықтың маңызы айтылып, ел амандығы мен жұрт тыныштығы тіленді.

Кештің екінші бөлімінде ауыл жастарының әзіл-қалжыңға толы көрінісі ұсынылып, серілер мен бойжеткендер арасындағы жарасымды сөз қағыстары көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сал-серілік дәстүрді дәріптеген сахналық көріністе ән мен күй, терме мен халық әндері орындалды. Жастардың алтыбақан басындағы думаны, қыз-жігіттердің ұлттық нақыштағы билері мен әндері кештің сәнін келтірді.

Бағдарлама барысында «Қарлығаш» би ансамблі, Жалпақтал балалар өнер мектебінің ұстаздары, аудан өнерпаздары мен мәдениет саласының қызметкерлері өз өнерлерін ортаға салды. Көрермендер дәстүрлі әндерді тыңдап, ұлттық би мен сахналық қойылымдарды тамашалап, мерекелік кештің әсерлі сәттеріне куә болды. Ауыл қариясы ақ батасын беріп, елге амандық, жұртқа тыныштық, әр шаңыраққа береке тіледі.

image-14-03-26-10-13-5

Кеш соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы жиналған қауымды Амал мерекесімен құттықтап, Көрісу күні – халқымыздың береке-бірлігі мен бауырмалдығын айшықтайтын ерекше дәстүр екенін атап өтті. Ол өз сөзінде бұл мерекенің адамдарды бір-біріне жақындастырып, өкпе-ренішті ұмыттырып, татулық пен сыйластықты нығайтатын маңызы зор екенін жеткізді.

Сондай-ақ аудан тұрғындарына ақжарма тілегін арнап, әр шаңыраққа амандық, молшылық пен береке тілеп, ел бірлігі мен татулығы әрдайым нығая берсін деген ізгі ниетін білдірді.

image-14-03-26-10-13

Осылайша, Амал мерекесіне арналған «Ауыл төріндегі Амал думаны» атты театрландырылған концерт ұлттық дәстүрдің қадірін арттырып, ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтқан тағылымды кешке айналды.

Ернәсіл Рысқали

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале