11.09.2025, 17:45
Оқылды: 385

Ауыл тұрғындары бірлік көрсетуде

Шыңғырлау ауданы Ащысай ауылдық округінде ауыл тұрғындарының бірлігімен, ұйымдасқан іс-әрекетімен маңызды шаруалар қолға алынуда. Соның бірі – елді мекен ішіндегі электр желілеріне қауіп төндіріп тұрған ағаштарды кесу жұмыстары. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған игі қадамдардың бірі.

WhatsApp Image 2025-09-11 at 18.49.23

Электр сымдарына жақын өсіп кеткен ағаштар жел кезінде қауіп төндіріп қана қоймай, жарықтың үзіліп қалуына да себеп болатын. Осы мәселені дер кезінде көтеріп, ауыл азаматтары бірігіп шешім қабылдап, жауапты мекемелермен бірлесе жұмыстар атқаруда.

Ащысай ауылдық округінің әкімі Жасқайрат Айсиев бұл жұмыстар жайында: "Тұрғындардың қауіпсіздігі – басты назарда. Ауыл азаматтары бір-біріне қолдау көрсетіп, осындай ортақ іске белсене кірісіп жатыр. Бұл – нағыз ауызбіршіліктің көрінісі. "Ауылына қарап, азаматын таны" дегендей, біздің ауылда елге жаны ашитын азаматтар баршылық", – деді.

Ауылдың дамуы – ел дамуының маңызды бөлігі. Ол үшін барша қоғам болып күш біріктіріп, ауылды жаңартып, болашағына бағытталған қадамдар жасауымыз керек.

WhatsApp Image 2025-09-11 at 18.50.29

Ауыл тұрғыны, зейнеткер  Маржан Шерер  өз пікірінде:

- Ағаштарды кесіп, сымдар мен бағаналардың маңын тазарту – өте орынды шешім. Бұл жұмысқа белсене кіріскен жастарға алғысымыз шексіз. Қауіпсіздік үшін жасалған шара бәрімізге қажет, – деп атап өтті.

Көптің күшімен игі істер жалғасын табары сөзсіз. Ащысайлықтар ендігі кезекте көшелерді жарықтандыру, абаттандыру бағытындағы жұмыстарға да бел шеше кірісуге ниетті.

Ауылдың тірлігі – бірлікте. Осындай ынтымақ пен ортақ мүддені ту еткен ауылда өмір сапасы да, елдің берекесі де арта түсері анық.

С. Өсәлім, 

Шыңырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале