12.01.2018, 11:36
Оқылды: 30

Ауыл тұрғыны ерекше мойынтақ жасап шығарды

Ақжайық ауданының Мерген ауылында тұратын Берікжан Елемесұлы деген азамат түнде жарыққа шағылатын материалдан малға мойынтақ жасауды қолға алыпты. Оның айтуынша, мұндай құрал тәуліктің қараңғы кезінде жолдағы қауіпсіздікке септеседі, яғни автокөліктердің малға соқтығысуын болдырмауға мүмкіндік береді.

– Жолдарда көліктердің малды қағып, мұның салдарынан дау-дамай туып, тіпті адам өліміне соқтырып жүрген оқыс оқиға аз ба? Бұл мені де қатты алаңдатады, жанымды ауыртады. Өткен күзде осындай дүние жасау жайында ой келген-ді. Мақсатым – мал иелеріне өзіндік көмегімді көрсету, жолдағы қозғалыс қауіпсіздігіне үлесімді қосу. Алғашқы даналар қолымда бар, - дейді Берікжан біз барып жолыққанда.

Мойынтақтың ұзындығы 110 см. төзімді материалға көмкеріліп іс машинасымен тігілген, шығыршығы бар. Ірі қараның, жылқының мойнына түйіп байлауға да, өзіңіз қалаған басқа амалмен де бекітуге болады. Жарық сезгіштігі түнде кем дегенде 500 метр қашықтықтан байқалады.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале