Газеттің 85 жылдық мерейтойына орай ауылдық округ оқырмандарымен кездесу жиыны жалғасуда. Кезекті келелі басқосу Атамекен ауылында жалғасын тапты.
Округ әкімі Фархат Үмбетқалиев ауылдық мәдениет үйіне мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар қауымы, «Ақтілек» әжелер ансамблі, ауылдық мәдениет үйі және кітапхана қызметкерлері мен тұрақты оқырмандарды жинап басылымның тарихы, көтерілетін өзекті тақырыптар турасында ой бөлісті.
- Құрметті газет ұжымы, оқырмандар, ауыл тұрғындары! Сіздерді ауданымыздың айнасына айналған «Ауыл тынысы» газетінің 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! 85 жыл – бұл тарих, қатталған шежіре. Осы жылдар ішінде газет туған өлкенің тыныс-тіршілігін қалт жібермей, халықтың үніне айналды. Газет беттерінде ауданымыздың жетістіктері, мемлекеттің бағдарлама игілігі мен қарапайым еңбек адамдарының табыстары тұрмысы көрініс табуда. Бұл осы басылымда еңбек ететін барлық тілшілер, фото тілші және редактордың тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында газет оқырманның жүрегіне жол тауып, ауданның дамуына үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел игілігіне адал қызмет ете беріңіздер! Оқырмандарыңыз көбейіп, газетіңіздің беделі артсын! Мерейтой құтты болсын! ,-деді Фархат Мәлікұлы.
Ал мектеп директоры Жанаргүл Нұрмұханбетова зиялы қауым өкілдері педагогтер қызметіндегі басылымның маңызына тоқталып, газет оқу үрдісі, ондағы мақаланы саралау дағдысы әкесінен бойына дарыған құнды адами қасиет екенін айтып, қатысушыларды мерейлі датамен құттықтады.
Өз кезегінде зейнеткер, тұрақты газет оқырманы Клавдия Осмольская басылымның атауы өзгеріп, жаңғырып, жаңарған жылдарының куәгері болғанын тілге тиек етіп, ауылдағы қарапайым еңбек адамдарының тағдыры туралы мақалалар, олардың арасындағы өзінің жерлестерінің жетістіктерін көріп, қуанып отыратынын жеткізді.
Аудандық «Ауыл тынысы» газетінің бас редакторы Сәкен Әбілхалықов оқырман пікірі, олармен кері байланыс шығармашылық ұжымның басты назарында екенін айтып, 85 жылдық мерейтой аясындағы жоспармен бөлісті. Бұл бағыттағы ұсыныс-тілектерге ашықтығын, бүгінгі шараның да осындай емен-жарқын жүздесуге арналғанына тоқталды.
Кездесу барысында «Ақ тілек» әжелер ансамблі мен жергілікті көркемөнерпаздар әсем әннен шашу шашты.
Гүлжаз Баделова
Бәйтерек ауданы