Редакциямызбен байланысы бар әрбір жан біз үшін қадірлі. Соның ішіне аға буын өкілдеріне деген құрметіміз бөлек. Соған орай редакциямыздың бір топ қызметкерлері ауданымыздың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, газетіміздің жанашылары болып табылатын Майдан Жұбандықов пен Амангелді Мыңбаев ақсақалдарға арнайы барып көрісіп қайтты.
Көшім ауылында тұратын Майдан ағамыз газетіміздің штаттан тыс тішісі болып табылады. Газетіміздің әрбір санын қалт жібермей қарайтын ол кісі бізге мақала-материал жазып қана қоймай, тілшілердің жазу өрнегіне мән беріп отыратыны да қуантады.
-Газетті 8-сыныптан бастап оқи бастадым. Ол кезде Тасқала ауданында тұрамыз. Әкем үйге газет алып келетін. Өзі оқып болған соң маған «мына газетте тамаша мақала бар, оқышы» деген соң басылымды қолға алатынмын. Осылайша газет оқуға үйреніп кеттім. Артынан газетке тырнақ алды туындыларым шыға бастады.
«Ауыл тынысы» газетінің 85 жылдық мерейтойына орай ауылдық округтардағы оқырмандармен кездесуді Белестен бастағаныңызды оқып қуанып қалдым. Себебі, Зеленов аудандағы еңбек жолым сол кездегі Росташидан басталған едім. Кеңшарда партиялық бағытта жұмыс істедім, мектепке жетекшілік еттім. Артынан аудандағы ірі шаруашылықтың бірі – Ульянов кеңшарына жұмысқа жіберді. Пария хатшы етіп. Жастық жашығым негізінен осында өтті. Одан соң қазіргі Егіндібұлаққа жолдады. Ұжымшар төрағасы ретінде. Осы қос ауылда болғанда мен туралы, біздің ұжым жөнінде аудандық «За коммунизм» газетіне біраз мақалалар шықты. Ульяновта жұмыс істеген кезде ара-тұра өзім де еңбек адамдары, әріптестерім туралы жазып тұрдым. Сол кезде жазған мақала-материалдарым негізінде артынан кітаптарым жарық көрді. Жалпы менің мақалаларымның көптеп жарық көруіне Мақсот Ержанов көп үлес қосты. «Ауыл тынысының» мерейтойы құтты болсын! - деді Майдан Зайноллаұлы.
Ал Зеленый ауылында тұратын сексеннің бел ортасына келген Амангелді Мыңбаев ағамыз - Тайпақ өңірінің тумасы. Молдавияда ауыл шаруашылығы институтындағы тәлім алып жүріп өзімен бірге оқыған молдаван қызы Лидияға үйленіп, жолдамамен Орал өңіріне келеді. Алғашында Приурал ауданына қарасты Краснов кеңшарында екеуі зоотехник болып еңбек етеді. Артынан Зеленов ауданының Ульянов кеңшарына ауысады. Міне, аудандық газетпен байланыс осы кезден басталған. «1973 жылы «За коммунизм» газетіне мен жайлы алғаш мақала шықты, - дейді Амангелді Мыңбайұлы. - Ол кезде Ульянов кеңшарының фермалық зоотехнигі болып еңбек етіп жүрдім. Біздің №1 бөлімше сүт өндіру бойынша ауданда бірінші орын алған еді. Бөлімшеміз жөнінде көлемді мақала жарық көрді. Ал бір жылдан соң облыста үздік болдық.
Сол үшін маған ВАЗ-2103 маркалы автокөлік берді. Осының бәрі аудандық газетке жазылды. Артынан осы Зеленныйдағы «Путь коммунизма» ұжымшарына келдік. Мұнда да біз туралы аудандық басылымға аз жазылған жоқ. Шаруашылығымыз сүрленген шөп дайындау, мал табынының өз басынан өсіп-өнуі бағыттары бойынша алдынғы қатарда болды. Әсіресе мал табынын өз төлі есебінен өсіру бағытында қарқынды жұмыстар жүрді. Облыста топжарып, республикаға танылдық. Сол үшін біраз марапат алдық. Мен 1979 жылы Алматыға, бір жылдан соң Мәскеуге барып, үлкен жиындарда ұжымшар жетістігі бойынша баяндама жасап келдім. Міне, осының бәрі «За коммунизм» газетіне шықты. «Сельские вести», «Ауыл тынысы» атанған кезде де газеттің бетінен түспегеніміз рас. Өзім спортты жаныма серік еттім. Осы бағытта да көп жазылды. Өнегелі отбасы ретінде де шығарды. Сол үшін біздің аудандық газетке деген құрметіміз ерекше. Бізді аға тұтып, әлі де құрмет көрсетіп келе жатқан редакция ұжымына алғысымыз шексіз».
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы