Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әкімдердің халықпен кездесуінің жаңа форматы енгізілген болатын. Осы жаңа форматтағы есеп беру кездесулері ауылдық округтерде өтіп жатыр. Теректі ауданы әкімі арнайы бекіткен кестеге сәйкес 11-22 сәуір аралығында округ әкімдері әкімшілік бірлік аумағындағы елді мекендерді аралап, халықпен кездесуде. Жаңа форматқа сай, есеп беру баяндамасы қысқа да нұсқа беріледі. Жиынның басым уақыты халықтың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын талқылауға қаралған.
Өткен аптада, 12-14 сәуір аралығында Шағатай, Ақсоғым, Ақжайық, Шалқар округтері әкімдері осы үлгідегі кездесулерді өткізді.
Малды бағымға қоспағандарға айыппұл салынады
Ауыл тұрғындарымен кездесу жиындарын Теректі ауданының Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадырәлиев Абай ауылынан бастады. Округ бойынша атқарылған жұмыстарды жіпке тізген Болат Александрұлы тазалық жұмыстары және өткізілетін сенбіліктер жөнінде айтты.
Осы жерде ауылдағы басты мәселе – мал бағымы айтылды. Ірі қара бағу "Масқар" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жанынан ұйымдастырылып, мал басына 1000 теңгеден белгіленді. Мал 18 сәуірден жайылымға шығады. Бақташылықты ауыл тұрғындары Қалихан Орашев мен Нәдірхан Сұлтанов алды. Талпын ауылында да осы мәселелер қаралды. Ауылда "Нұрлы жол бастауы" АШӨК жанынан мал бағуға Есенбай Мусин ниет білдірді.
Ыждағат және Санаторий Ақжайық ауылдарында ауыз су, балалар ойыны алаңы, ауыл тазалығы мәселелері пысықталды. Тағы бір халық құлағдар болатын мәселе - тұрмыстық қалдықтарды шығару мерзімі 1 маусымға дейін.
Ақжайық ауылының тұрғындарымен кездесуде де жеке малының бағымы, ауыл арасындағы қоқысты шығару жайында айтылды.
Бірінші мәселе бойынша, жекенің малы «Лесхоз» және «Хлебзавод» бағытында өріске шығатын болды. «Лесхоз» бағытына Ғарифолла Сәрсенғалиев, ал «Хлебзавод» бағытына Нұрлан Қоспақов бақташы. Биыл ірі қара басына төленетін ақы 1000 теңгеден, ал бөлек бағылатын бойдақ малға 2000 теңгеден деп келісіліп отыр. Осы орайда бақташы Нұрсұлтан Қоспақов мал иелерінің ертеңгісін малды шығарып салып, кеште міндетті түрде қарсы алу керектігін, өлген малға жауап бермейтінін, жоғалған малды тауып беруге міндетті екенін және бойдақ малды қосқанда еркек мал піштірілмеген болса, қабылдамайтынын жеткізді.
Бұдан кейін сөз алған ауылдық полиция бөлімі бастығының орынбасары Әбдімәлік Амитов жол бойына мал жаймау, малдарын бағымға қоспағандарға айыппұл салынатынын ескертті.
Одан әрі жиынға қатысушылар көкейінде жүрген түйткілдерін бүкпесіз ортаға салды. Мәселен, ауыл тұрғыны Жаңылсын Бекесова: «Ауылдағы қараусыз қалған екі қабатты үйлерде неше түрлі адамдар жүреді. Әсіресе арақ ішетіндердің ұясына айналып бара жатыр. «Ауруын жасырған – өледі» дейді, тәртіп пен ауызбіршілік болса, ауылымыз көркейе түспей ме? - деді ашынып.
Учаскелік инспектор мал ұрлығының алдын алу үшін үй жануарын сырғалап, чип салу керектігін айтып, ауылдағы бұралқы иттер мәселесін қолға алуды ұсынды. Ол интернет алаяқтарына алданбау жолдарын айтып, халықты бейқам болмауға үндеді. Ауыл тұрғындары да өз талаптарын қойып, ой бөлісті.
Мәжілісті түйіндеген ауыл әкімі бағымсыз қалған Қазақстан көшесі тұрғындарының малына бақташы әлі іздестіріп жатқанын құлаққағыс етті. Сонымен бірге қамаусыз, қараусыз көшеде бос жүрген малдарға Лесхоз, Глубинканың қасына қора жасап қойғанын ескертті. Енді ауыл тұрғындары айып қорасына қамалған малды қалтасынан ақша шығындап шығарып алуға мәжбүр болады.
Шабындыққа жер керек
Шалқар ауылдық округінің әкімі Сабырбек Мусиннің Шалқар ауылының халқымен кездесуінде жергілікті мәселелер көтерілді.
Тұрғындар Сарыөмір ауылынан өз ауылына дейінгі 6 км жолды жөндеу қажеттігін айтады. Ол үшін жолды топырақ төгіп, 1 метр биіктету керек. Тағы бір аса қажеттілік – малға шөп жинау. Бұл орайда ауыл тұрғындары «Ибрагим» ШҚ жерінен шабындыққа жер бөлінсе дейді. Бұдан басқа ауылда шағын (модульдік) медициналық пункт құрылысын салу жайы, ауыл сыртындағы қатты қалдықтар алаңын жайластыру, үй маңын тазалау да сөз болды.
Тұрғындардың сұрақтарына округ әкімімен қатар жергілікті ветеринариялық пункт меңгерушісі А.Әжімұқанов, электр желісі шебері Р.Қазекенов жауап берді.
Шағатай округінің әкімі Оразбек Құсайыновтың халықпен кездесуінде жалпы шаруашылық жайынан бөлек екі мәселе көтерілді. Оның бірі – Қызылжар ауылына мал дәрігері керек. Ал Қоғалытүбек халқы ауылдағы мәдениет ошағы – клуб ғимаратына күрделі жөндеу қажет екенін алға тартты.
Жаңа форматта өткен кездесулер халық пен атқарушы билік ортасында «қысқа толқынды» байланыс орнатқаны сөзсіз. Әкім мінберде тұрып баяндама оқып, халық шала-шарпы тыңдайтын ресми жиындардай емес, бұл кездесулер екі жақ үшін де пайдалы. Әсіресе халықтан - сұрақ, әкімнен – жауап кезеңі шағын ауылдардағы бірқатар мәселені назарға алуға сеп болды. Осындай басқосулар кестеге сай, барлық округтерде, әр елді мекенде өтеді.
Ғазиза Рахметова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz