Ғаламтор байланысы адам өмірінде маңызды орын алатын қажеттілікке айналғалы қашан. Ұялы байланыс үлкен қалалардан алыстағы ауылдарға да жеткеніне біраз болды. Бірақ байланыстың осы түрі Шыңғырлау ауданына қарасты Қарағаш сынды шағын ауылдарға жетуі мұң болып, жылдар бойы айтыла-айтыла жауыр болған мәселе еді.
Еліміздің ұлық мерекесі қарсаңында мемлекеттік «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ұялы байланыс желісі Қарағаш ауылдық округінде іске қосылды. Алыспен хабар алысып тұруға үлкен мүмкіндік беретін байланыс жұмысын жолға қоюға ат салысқан "Кар-Тел" ЖСШ өкілдігіне, аудандық электр желісінің директоры Н.Серғалиевқа, "Шыңғырлаукомтехсервис" директоры М.Ирмекбаевке, "Qareket engineering" ЖШС директор С.Кумашевқа, аудандық маслихат депутаты Ж.Мұхамбетовке ауыл жұртшылығы шын көңілден шыққан алғыстарын жеткізді.
- Ортақ іске бір кісідей үлес қосып, ауылдастарын қуантуға асыққан жерлестер көмегі де ұшан-теңіз болды. Көптен күткен бұл күні өз үлестерін қосқан барлық ауыл азаматтарына разылығымызды білдеріміз, - дейді Қарағаш ауылдық округінің әкімі Еділ Бекжанов.
Ауыл іргесіндегі ұялы байланыс станциясына қуана көз тастаған жұртшылық бұл қызмет алдымен қашықтықтан оқу кезінде қиындық көрген оқушылар үшін үлкен жеңілдік әкелеріне сенімді.
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz