27.05.2025, 9:45
Оқылды: 328

Ауыл жәйін «Ауыл» ойлайды

Жуырда Шыңғырлау ауданына «Ауыл» партиясының БҚО бойынша филиалының мобильді тобы арнайы іссапармен келді. Ауылдың жайын алға қойған партияның бұл жолғы сапары облыс көлемінде көтеріліп отырған бүгінгі күннің тақырыбы - қой шаруашылығын дамыту мәселелері болды.

Изображение WhatsApp 2025-05-26 в 16.12.46_492e4050

Иә, бүгінгі таңда ауылдағы ағайын үшін қой шаруашылығын өрбіту жақсы табыстың көзі. Ежелден халқымыздың ата кәсібі боп келе жатырған бұл шаруашылыққа ауылда мүмкіндік те мол. Кешегі Кеңес тұсында қой басының саны 36 миллионға дейін жетті. Бұл біздің қой шаруашылығын дамыта алатынымыздың нақты дәлелі. Ал, қазір 13 млн айналасында ғана, яғни, бұл саланы біраз төмендетіп алдық.

Осы тұрғыда ой қозғай келген аталмыш топтың бұл сапары тамыз айында облысымызда өтетін қой шаруашылығын дамыту жөніндегі Халықаралық форумға дайындықтың басы десек те болады. Келген мобильді топ мүшелері- «Ауыл» партиясы БҚО филиалының аппарат басшысы Ғайса Қапақов, филиал кеңесшісі Сатқан Төлегенов, Орал қаласындағы «Депо» базарының әкімшісі Айдарбек Жакупов аудан активі, ауылдық округ әкімдері және бөлім басшыларымен кездесті.

-Форумда қой шаруашылығын дамытудың күллі мәселелері қаралатын болады. Алдымен шопан мамандығының мәртебесін көтеру керек. Бұрынғы Кеңес кезіндегі мал баққан жандарға, шопандарға көрсетілетін артықшылықтарды реттеу, оларға құрмет көрсету, дәріптеу мен мақтан ету, таныту сынды кешенді әдістерді қалпына келтіру керек.

Қой тұқымын асылдандыру, өзге елдерден асыл тұқымды қойлар алдырып, өзіміздің Еділбай, Ақжайық мериносы сында тұқымдармен будандастыру, климатымызға икемді, өнімділігі жоғары қойлар өсіру де осы форумның басты тақырыбы болмақ. Бұл үшін форумға Түркменстан, Австралия, Бразилия, Уругвай елдерінің брендті тұқымды қой өсірушілері шақырылады.

Мысалыға, бір азамат австралияның 5 мың бас қойын Тюменьде, Новосибирскіде өсіріп отыр екен. Табиғатқа үйренген, суыққа төзімді көрінеді. Олардың қозысы 4 айда 70 келіге дейін салмақ қосады екен. Сондай-ақ, уақтысы келгенде жүндері сыпырылып өзі түсіп қалады, қырқудың керегі жоқ екен.  Міне, осындай да тұқымды қойлар бар қазір, соларды елге әкеп неге өсірмеске.?!

Қой өнімін сату, пайдалану, қой етін дайындауда шетел стандарттары бойынша жұмыстану, терісі, жүнін қолданысқа жарату (Австралияда қой жүнін арнайы өңдей отырып, тыңайтқышқа айналдыратын технология бар екен) да өзекті мәселенің бірі. Осындай тақырыптарды қозғап, ой-пікірлері мен ұсыныстарын жеткізу, ортақ мәселені талқылау үшін қой шаруашылығының адамдарын және айналысуға ынталы жандарды тауып, жинап, форумға қатыстыру керек,-дейді топты бастап келген «Ауыл» партиясы БҚО филиалының аппарат басшысы Ғайса Қапақов.

Форум нәтижесінде қой шаруашылығын дамытуға мемлекеттік бағдарламалар жасақталуы, ынталыларға мемлекеттен қолдау мәселелері шешіледі деп күтілуде.

Жиында бұдан басқа Орал қаласында жаңадан ашылған «Депо» базары туралы әңгіме қозғалды. Аталмыш базарда бұдан былай ауылдық өндірушілер үшін сауда жасауға тегін орын берілетін болады, яғни, ауылдан малының етін, сүтін-майын, басқа өнімдерін сату үшін берілетін базардағы орын тегін болмақ. Бұл да ауыл жұртшылығын сатуға, саудаға үйрету мақсатында жасалып отырған қадам. «Ауыл» партиясы ауылдың әл-ауқатын көтеру үшін олардың өндірушілік әлеуетін арттыру керек және өнімін сату, саудалауды да үйрету керек деп отыр. Сонда ғана ауыл өз өнімінің пайдасын көре де, түсіне де бастайды. Осы тұста өнімдерін «Ауылдың дәмі» деген тұрғыда брендке айналдыру, оны өтімділігін арттыру сияқты үрдістер өзінен-өзі жүре бастайды деп отыр «ауылдықтар».

«Ауыл» партиясының көтеріп отырған тағы бір бағыты «Қаладан ауылға көшу» қозғалысын қолдау. Ауылға ат басын бұрғандарға ауылдан жұмыс орындарын ашу, қандай да бір өнім өндіруші кәсіпорындар ашуға күш салу секілді қолдауларды көбейту.

Әрбір ауылда партияның бастауыш ұйымдарын ашуды да көздеп отыр «Ауыл» партиясы. Яғни, ауылды қолдау, әл-ауқатын көтеру, барлық ауылды ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруші күшке айналдыруды мақсат етеді.

Осы жиында Шыңғырлау ауданының әкімдігі мен «Ауыл» партиясы және «БатысКапиталЛимитед» ЖШС арасындағы ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев айтылған мәселелер бойынша жұмыстанып, ауылды көтереміз деген «Ауыл» партиясының ұстанымын қолдайтынын жеткізді және игі мақсатпен келген топ мүшелеріне алғыс білдірді.

Ал, Жасқайрат Айсиев, Әлібек Жупулов, Жамила Төлепова, Әли Мырзағалиев (отбасымен) сынды аудан тұрғындары «Ауыл» партиясының мүшелігіне өтіп, партия төсбелгісін тақты.

 

                                                                                                                             Қаршыға Асу,

                                                                                                                     Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале