Ауыл – маңдай тер мен адал еңбектің мекені. Соңғы жылдары ауылдық жерлерде кәсіпкерлікке бет бұрып, өз ісін дөңгелетіп отырған іскер азаматтар қатары артып келеді. Әсіресе, нәзік жандылардың кәсіп бастауға деген ынтасы ауыл экономикасына тың серпін беруде. Солардың бірі – Казталов ауданы Жаңажол ауылының тұрғыны, еңбекқорлығы мен іскерлігі үйлескен кәсіпкер Динара Сағындыққызы Сапарғали.

Динара кәсіпкерлік жолын үлкен қаржыдан емес, өзіне деген сенім мен адал еңбектен бастады. Алғашында үй жағдайында донер дайындап, ауыл тұрғындарының тапсырысын орындаумен шектелген шағын іс уақыт өте келе сұранысқа ие болды. Дәмі тіл үйіретін тағамдар мен сапалы қызметке разы болған тұрғындардың сенімі кәсіпті кеңейтуге жол ашты.

Осылайша қарапайым бастама берекелі іске айналып, бүгінде Жаңажол ауылында «Dinara's food» атты шағын кафе тұрақты жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда бұл орын тек тамақтану нүктесі ғана емес, ауыл тұрғындарының бас қосатын, қуаныш пен мерекені бірге атап өтетін жайлы ортасына айналған.
Бұл бизнес нысанында шағын банкеттер, отбасылық мерейтойлар, түрлі жиындар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, тұрғындар тапсырыс арқылы суши, пицца, донер, бургер, фри сынды жылдам тағамдармен қатар, наубайхана өнімдерін – торт, пирог, беляши, пирожки, самса алдыру мүмкіндігіне ие. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен қолайлылық, себебі аудан немесе облыс орталығына сабылмай-ақ, қажет тағамды өз ауылынан таба алады.

Бүгінде Динара Сағындыққызы кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарап, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға қосылған нақты үлес. Тұрақты табыс пен жұмыс орны бірнеше отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп отырғаны анық.
Кәсіпкердің айтуынша, іс бастаудағы ең басты қағида – қорықпау және тынымсыз еңбек ету.
— Мінсіз жағдайды күтудің қажеті жоқ. Ең бастысы – ниет, жауапкершілік және еңбек. Егер адам өз ісіне шын ниетпен кіріссе, нәтижесі міндетті түрде болады, — дейді ол.

Динара Сағындыққызының еңбек жолы мен табандылығы ауыл жастарына, әсіресе қыз-келіншектерге үлгі. Оның тәжірибесі ауылда да табысты кәсіп жүргізуге болатынын дәлелдеп отыр.
Осындай іскер, еңбекқор жандар – ауыл экономикасының дамуына серпін беріп, елдің әлеуетін арттыратын негізгі күш. Динара Сағындыққызы сынды кәсіпкерлердің еңбегі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосып, елдің ертеңіне деген сенімді нығайта түсуде.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы