20.01.2021, 12:32
Оқылды: 40

Ауылда ынта мен ұмтылыс жетерлік

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын халық алдында есеп беру кездесулерін өткізеді. Осы орайда, желілік кестеге сай өткен аптада ауданымыздың шағын елді мекендерінен басталған ауыл әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жиындары енді округ орталықтарында ұйымдастырылды. Аудандағы Қарағаш, Ақшат, Алмаз, Ақтау, Ардақ, Ащысай, Ақбұлақ және Шыңғырлау ауылдық округ әкімдері өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады. Есептік жиындарға ауыл тұрғындарымен қатар, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, мекеме, ұйым басшылары, еңбек ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты

42B6DFA3-3433-49A2-BE0A-A33B9BA573C8

Қарағаш ауылдық округінде есептік кездесу басталмас бұрын ауыл тұрғындары және аудан орталығынан барған мекеме, бөлім басшылары ауылдық мәдениет үйінің кіре берісінде жасақталған қолөнер, кітап көрмесі мен ауылдың тыныс-тіршілігі көрсетілген стендтерді тамашалады. Әр көрмені өз сала мамандары жете түсіндіріп, қосымша ақпарат беруі – дәстүрлі есептік жиынға жаңа әсер бергендей болды. Жиын барысында округ әкімі Еділ Бекжанов округ көлемінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, баяндама жасады. Жалпы округ бойынша 29 шаруа қожалығы, 17 жеке кәсіпкер және 2 ауылдық тұтыну кооперативі тіркелген екен. Округ бойынша 2 негізгі, 1 бастауыш мектеп, 1 ФАП, 2 ФП және 3 ауылдық клуб тұрғындарға қызмет етеді. Учаскелік полиция инспекторы Бекежан Елесбаев та қоғамдық тәртіп туралы қысқаша баяндады.   

Жиын барысында ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар түйінді мәселелер де көтерілді: ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза ауыз су тарту, мектепті 11 жылдыққа ауыстыру қажеттілігі алға тартылды. Бұл мәселелер бойынша аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова толық жауап бере отырып, алға қойылған нақты міндеттермен бөлісті.  

Алмаз ауылдық округінде жалғасқан есептік кездесуде округ әкімі Сағындық Қалниязов өткен жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасай келе, 2021 жылға арналған негізгі міндеттер туралы баяндады. Баяндама барысында слайд көрсетіліп, көрсеткіштер халық назарына ұсынылып отырды. Жиын соңында сөз алған ауыл тұрғыны Ж.Тоқпаев ауылдың кіре берісіндегі 10 шақырым жолды жөндеу, Ғ.Қайырғалиев шаруа қожалықтары иеліктеріндегі жер көлемдерін белгілейтін қалақтар орнату, Н.Айбергенов жерлестерді тазалыққа шақыру мақсатында қоқыс жәшіктерін қою секілді ұсыныстарымен бөлісіп, тиісті жауаптарын алды. 

Алмаз ауылдық округінен бастау алған есептік кездесу 1400-ге жуық тұрғыны бар Ақшат ауылында жалғасты. 2020 жыл ақшаттықтар үшін жағымды істерге толы жыл болды. Себебі өткен жылы есептік кездесуде көтерілген мәселелердің бірқатары орындалып, ауыл тұрмысы жақсара түсті. Мәселен, 2020 жылғы есептік жиында ауыл тұрғыны Ж.Байқатов мектепке күрделі жөндеу жүргізуді, ал А.Бисманов спорт кешенін салуды сұраған болатын. Нәтижесінде А.Тихоненко атындағы орта жалпы білім беретін мектебі заман талабына сай күрделі жөндеуден өтіп, спорт кешені болмағанымен, салауатты өмір салтын ұстанамын деушілерге хоккей қорабы, футбол алаңдары салынып, қолданысқа берілді. Сонымен қатар ауыл ішінде көше мен балабақша да жөндеуден өткізілді. Ақшат ауылдық округінің әкімі Мәди Сатыбалдиев осы тектес атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Округ әкімінен кейін учаскелік полиция инспекторы Б.Елесбаев ауылдағы қоғамдық тәртіп пен құқық бұзушылыққа қатысты мәлімдеме жасады. Ақшат ауылдық округі бойыншы өткен жылы 4 қылмыстық іс қозғалып, оның барлығы да ашылған.  

24EAC404-1527-40BD-9172-04825E9CA7FC

Ақтау ауылдық округінде округ әкімі Мұрат Тасболатов 2020 жылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндап, өткен жылдың табысты аяқталғанын айтты. Ауылшаруашылық саласында мал басы өсіп, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде несие алушылырдың қатары көбейді. Бұл жиында да округ әкімі өткен жылы көтерілген мәселелердің толыққанды орындалғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, Ақтау ауылына кіре беріс көпірді жөндеу жұмыстарын жүргізуге техникамен көмек көрсету, ауылға таза ауыз су кіргізу, ұялы байланыс орнату ұсыныстары бүгінде орындалыпты. Дегенмен ауыл тұрғындары ауыл арасындағы жолдарды тегістеу, жарық шамның қуатын күшейту мақсатында қосымша транформаторлар орнату қажеттігін айтты.  

Дәл осындай есептік кездесу Ардақ ауылдық округінде де өтіп, округ әкімі Саида Бркенова әр салаға кеңінен тоқталып өтті. Округ басшысы атқарылған жұмыстарды кеңінен саралай келе, алдағы 2021 жылда атқарылатын жұмыс жоспарларына тоқталды. Баяндама барысында слайд көрсетілді. 

Ащысай ауылдық округі мен Ақбұлақ ауылдық округтерінде де округ әкімдері 2020 жылы атқарылған жұмыстар барысын кеңінен баяндады. Ащысай ауылдық округі бойынша барлық мал басы бойынша көрсеткіштері артып отырғанын тілге тиек еткен ауыл әкімі Досхан Шотпанов келер жылы жүзеге асуы тиіс жобалармен таныстырды. Ал Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Ерлан Айшуақов жылдық қорытынды ақпаратпен қатар, округ көлеміне инвесторларды тарту жұмысымен бөлісті. Ауылдық округ тұрғындары көше кезген қараусыз иттерді жою, қыс мезгілінде жолдарды қардан аршу секілді мәселелерді көтеріп, атқарылған жұмыстарға шынайы алғыстарын білдірді.   

Ең соңғы Шыңғырлау ауылында өткен есептік кездесуде Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ғұсман Жұмағазиев округ бойынша 2020 жылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндап, әр саланың көрсеткіштеріне тоқталып өтті.  Мәселен, округ бойынша ірі қара – 9015, ұсақ мал – 13086, жылқы - 1333-ті құрап отыр. Ғұсман Ғұмарұлы ағымды жұмыстармен қатар спорт алаңын, жаяу жүргіншілер жолын салу, ауыз су өткізу, су ұңғымасын қазу, бөгет салу секілді алға қойған болашақ жоспарларымен бөлісті.  

466B5045-4D0D-46AA-9CE8-2649862E88AD

Барлық ауылдық округтерде өткен жиындарда аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жыл бойы тындырылған жұмыстарға кеңінен шолу жасап, алға қойылған нақты міндеттермен бөлісті. Әлия Биғазықызы аудан бойынша көгілдір отынмен қамту 100 пайызға, тұрғындардың таза ауыз сумен қамтылуы 85 пайыздан 94 пайызға көтерілгенін, жаңа асфальтті жолдардың қатары көбейіп, күрделі жөндеуден өткен әлеуметтік маңызы зор нысандардың саны артып отырғанын тілге тиек етті. Өткен жылғы есептік кездесулерде барлығы 78 мәселе көтерілсе, оның 45-і жүзеге асып, 9-ы жартылай орындалған. Қалған 24 ұсыныс мазмұнына қарай қаражаттың және уақыттың қажеттілігіне орай болашақ жоспарға енгізілген. Мәселен, Қарағаш, Ақтау, Ардақ ауылдарына ұялы байланыс орнату, Ақбұлақ ауылына мәдениет үйін салу, Шыңғырлау ауылдық мәдениет үйін жөндеу, елді мекендерге таза ауыз су жеткізу секілді халық сұраныстары іске асырылды. Жиын барысында тұрғындардан түскен ұсыныстарды аудан басшысы сараптай келе, көтерілген мәселелердің шешілу жолдары аудан бюджетінің мүмкіндігіне қарай қарастырылатынын баса айтты.  

569459A7-3506-469A-80B4-F6C8605DF5A8

Жалпы барлық округтердегі тұрғындардың көкейде жүрген көп сұрақтары шешімін таба бастағандықтан да болар, олардың ертеңгі күнге деген сенімдері нық, қолы жыбырлағанның аузы жыбырлайтынын да түсініп отыр. Еңбектенуге, өз кәсібін ашуға, қорасын малға, ауласын құсқа толтыруға деген ұмтылыстары ерекше. Алдағы күнде ынта мен бірлік ұштасып жатса ауылдың да келешегі кемел болмағы ақиқат екендігіне көздері жеткен тұрғындар талпынысына тек сәттілік тілейміз.

 Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале