Бәйтерек ауданы орталығына жақын орналасқан Зеленый ауылында былтыр мал және құс басы өскен. Әкімдік өткен жылы игерілмей жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару ісін де ойдағыдай атқарды. Біраз жылдан бері көтеріліп келген мектепті жөндеу жұмысы ойдағыдай өткізілген. Ауылды аудан орталығымен қосатын жол да жөнделді. Бұл жайт тұрғындардың көңілінен шығады. Аудан және округ әкімдерінің халық алдындағы есептке кездесу барысында да зеленыйлық ағайын атқарылған істерге ризашылықтарын білдірді.
Бұдан бөлек, әлемді әбігерге салған пандемия кезінде ауыл еріктілері маска тігіп, тегін таратса, кәсіпкерлер мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтыған. Мектепті жөндеу кезінде бірқатар ауыл тұрғыны жұмысқа тартылыпты. Тұрғындар шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды да қолға алғандығын округ әкімі Ізғали Дәулетов өз баяндамасында атап өтті.
Бүгінде Зеленый жұртшылығын дәрігердің жоқтығы алаңдатады. Аптасына екі рет келетін дәрігер аздық етеді. Ауыз су өткенімен, жаз мезгілінде тіршілік нәрі барлық ауылды қамтуға аздық ететінін де ауыл әкімі баяндамасында айтты.
Көшелерді жарықтандыру мәселесі аталған ауылда толығымен шешілген десе де болады. Бүгінде тек бір ғана көшеге жарық шамдары қойылмаған. Оның да өзіндік себептері бар. Тұрғындар мен кәсіпкерлер бірігіп, ауылдағы Заречный көшесіне жөндеу жүргізгені де көпке үлгі. Алдағы уақытта округ билігі бұндай шараларды дәстүрге айналдырмақ.
Десе де, ауылішілік көшелер әлі жөндеуді талап етеді. Оған қажетті құжаттар реттелуде. Бұралқы иттермен күресті де әкімдік жақсы жолға қойыпты. Дала өрттерімен күресуді де тұрғындардан құралған ерікті өрт сөндіру бөлімшелері ойдағыдай атқарып жүргені де көптің көңілінен шығуда.
Ауылдық округ әкім есебінен соң аудан басшысы Марат Тоқжанов сөз алып, былтыр атқарылған істерге тоқталып, әр салада атқарылып жатқан істерді алға тартты.
- Ауылдардың инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. Былтыр атқарылған қыруар шаруа биыл да тоқтамақ емес. Ауданға инвестиция тарту, тұрғындарды жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламалар бойынша әлеуметтік нысандардың жөнделуі және ұялы байланыс, интернет сапасын жақсарту бойынша атқарылатын істер көп екенін де М.Тоқжанов өз баяндамасында айтып өтті.
Сондай-ақ ол аудандағы эпидахуал әлі де қиын екенін айтып, көпшілікті сақтық шараларын мықтап ұстануға шақырды.
Шара соңында тұрғындар бағымсыз малдың егін алқабына кіріп кету жайттары алаңдататынын айтты.
- Бұл мәселе барлық ауылда, тіпті аудан орталығында да бар. Қазіргі кезде барлық елді мекендерде айыппұл алаңдары салынды. Осы кезге дейін бағымсыз мал иелеріне кешіріммен қарап, айыппұл салмаған едік. Биылдан бастап бұл іс біріздендірілді, - деді Марат Лұқпанұлы.
Сонымен қатар зеленыйлық ағайын мектеп маңын абаттандыру, аудан орталығы мен ауылды қосар жолды көктайғақтан арылту мәселелерін көтерді.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелдердің барлығы орынды екенін айтқан М.Тоқжанов аталған жайттар өз кезегімен шешілетінін жеткізді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz