7.06.2021, 15:31
Оқылды: 39

Ауылдан адам көшкенмен...

Еліміздің экономикасы, негізінен, өндірістер мен ауыл шаруашылығына тікелей байланысты. Ауылда өсірілетін төрт түлік мал мен кең байтақ дала төсіндегі «сары алтын» - егін шаруашылығы еліміздің күре тамыры десек те болады. Барды бағалап, шама келгенде ысырапсыз өнім өндіріп, малды да, құсты да көбейтудің арқасында ғана дағдарысқа төтеп беретін жағдай туғызу - бүгінгі күннің талабы.

FD840389-64F9-454B-8559-5E9F489C6B26

 Ендігі уақытта еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі үшін ауыл-елдің иығына ауыр жүк, үлкен жауапкершілік артылмақ. Осы мақсатта тиісті тұжырымға келген мемлекет ауылға қолдау қаржыландыруды тағы да еселемек. Бір сөзбен айтсақ, ауылға жан-жақты жағдай туғызбақ. Ынталы адамдардың ендігі кезекте қаладан ауылға қарай көшуіне ықтималдықты көбейтуді ойлауда. Ал ауылдағы ағайын үшін бұл, негізі, жақсы бастама, жүрекке жылылық берер жаңалық!

  Ауыл үшін жақсы хабар - мемлекет ауылда тұрғын үй салу тетігін енгізбек. Нақтырақ айтсақ, ауылда жұмыскерлер үшін тұрғын үй салатын болса, жұмыс берушінің шығындарының 50 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан бойынша 76 ауданда тұрғын үйлер салу қажеттілігі ескерілген. Мал мен ауылдағы шаруаны дөңгелетем дейтіндер үшін кемінде 2 855 тұрғын үйге сұраныс болмақ екен. Барлық шығатын шығындарды есептей отырып, аталмыш үйлер  салынып болғаннан соң субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 14,3 млрд. теңге қажеттігі есептелініп қойылған. Әзірге, тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін жүзеге асыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы пысықталып жатыр.

   Шыңғырлау ауданына қарасты 8 ауылдық округ бойынша әр ауылға кемінде екі-үш үйден тұрғын үйлер қажет-ақ. Олар мал мен егін шаруашылығында күні-түні еңбек жасап жүрген адамдарға пайдалануға берілсе, таңнан қара кешке дейін бел жазбай еңбек етуші малшы мен механизатордың игілігіне берілсе ауылға жұмысқа сұранатындар саны артпай ма? Оның үстіне, шаруашылығында өнім өндіріліп, жұмыссызға жұмыс берілетін болса, көшіп келер отбасылар саны көбейсе, ауылдың бағы жанар ма еді деген үміт оты маздайды. Себебі ауылдық округтерде жер телімдерін пайданауға беру жөніндегі комиссияға көбіне-көп тек қана ауылдықтар ғана емес, қалалықтардың өтініштері көптеп келеді екен. Көпшілігі тек қана инвестиция құю ғана емес, табиғаты таза ауылда еңбек етіп, оны көркейту  болса, енді біреулері мал шаруашылығын дамытып, үлкен кәсіпті осы ауылда бастауға құлықты. Ауылда отырғандардың айтуынша, бұл ауылда үй салатын кәсіпкерлер үшін тамаша мүмкіндік. «Бұрын ауылдан қалаға жүгіргендер енді ауылға қарай көш басын бұратындары түсінікті. Мал шаруашылығымен айналысу үлкен кәсіп, әрі ата-бабамыздан қалған мұра ғой», - дейді Ақтау ауылдық округінің әкімі Мұрат Тасболатов үй салуға қамданған жерлестері туралы. Оның айтуынша, Ақтаудың байырғы тұрғыны Тыныш Иманғалиев ауыл маңынан  шаруашылғына арнап жаңа үлгідегі бір үй салмақ. Ал Ақшат ауылдық округінде заманауи екі үй салынбақ. Сонымен қатар Қарағаштың Ақсуатында ағайынды Алмағамбетовтер (суретте) былтыр жаңа үлгіде екі үй салып, жақын арада қолдануға кіріскен.

«Егер мемлекет салынған үйдің бір бөлігін субсидиялайтын болса, мұның әсері, әрине, зор болмақ. Біріншіден, кәсіпкерлерге кәдімгідей көмек. Екіншіден, ауылда көп үй салынады. Демек, ауылдың тамырына қан жүгіреді. Сондықтан бұл бастама қолдауға лайық»,- дейді басқа да шаруалар.

Айта кету жөн, тұрғын үй құрылысын субсидиялау тетігі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. «Ол үшін құрылыс салушылар мемлекет бекіткен бір типті үйлерді ғана салуы тиіс. Яғни, үйдің жалпы көлемі 80 шаршы метрден аспауы керек. Ал құны 8,4 млн. теңгеден жоғары болмауы шарт. Жергілікті атқарушы органдар аталған жоба бойынша өтініштерді қабылдап, жағдайды бақылауда ұстайды. Түптеп келгенде бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырма болатын. Демек, ауылды ойлаған, кәсібін ауылда дөңгелетуді мақсат тұтқандар үшін ауыл құшағын айқара ашар күн де жақын.

 Иә, ән шумағында айтылғандай, «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпесе» екен.                                                                                                         

А.Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале