5.06.2020, 10:02
Оқылды: 206

...Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді...

Осы бір танымал әнді тыңдағанда ауылда туған әрбір қарадомалақтың жүрегі елжіремей тұра алмас. Қанша алыс жырақта жүрсе де ауылын сағынбайтын жан жоқ шығар әсте. Ауылды сағынғанда көз алдыңа туған жердің табиғаты мен ауылдың көріністері қылаң береді...323C3647-CCF8-4D47-9F2F-B328B589218F

Иә, сол ауылда кіндік қаны тамып, кейін қалаға көшкен азаматтардың бүйрегі әркез ауылға қарай бұрып тұратыны заңды құбылыс. Ауылдың да көркі жыл асқан сайын ажарланып келеді. Қазір қай ауылға барсаң да көгілдір отын мен ауыз су тартылған. Бұрынғыдай құлаған, сәні қашқан үйлердің орнына заманауи құрылыс материалдарынан салынған үйлер бой көтеруде. Бұл өңіріміздегі ауылдардың қазіргі сыңайы. Бір өкініштісі, урбанизация процессі қарқынды түрде жүріп жатыр. Яғни шағын ауылдардың тұрғындары орталыққа шоғырлануы мен ауыл халқының қалаға қарай жаппай көшуі белең алуда. Осы жерде Казталов ауданына қатысты статистикалық мәліметтерге сүйенсек, үш жыл бұрын ауданымызға қарасты 54 елді мекен болса, бүгінде ауылдар саны 48-ге азайып отыр. 2020 жылдың қаңтар айы мен мамыр аралығында ауданымыздан көшкендер саны – 383 адам болса, келгендер саны – 98 адам. Айырмасын өзіңіз есептеп көріңіз. Статистикалық ақпараттар алдамаса аудан халқының саны былтырғы жылға қарағанда едәуір азайған. Ағымдағы жылдың 1 мамыр күні аудан халқы – 28693 адамды құрап отыр. Алаңдайтын жағдай.

66B6997B-A6A9-480F-BA2C-676F680ABB4F

Туған жерге деген сағыныш

Негізінен бұл мақаланы жазуымызға жақында болған бір жағдай себеп болды. Жуырда көп жылдан бері қалада тұратын Айбек есімді туыс інішегім хабарласып: - Аға, мен ауылға көшіп барайын деп жатырмын. Туған жерге барып, мал шаруашылығымен шұғылданғым келеді, -деген болатын. Бұл азаматты да, марқұм әкесін де бұрыннан жақсы танитынмын. Атасы мен әкесі Үкіметтің малын баққан шопандар еді. Заман тоқыраған кезде амалсыздан қалаға көшкен болатын. Ағамыздан тараған 4 ұл ер жетіп, өз алдарына шаңырақ көтерді. Жағдайларын түзеп үй салды, көлік мінді, кәсіптерін ашты. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда: «Адам болды». «Айтты, істеді» демекші, Айбек шаруасын бастап та кетті. Өзінің кіндік қаны тамған Саралжын ауылынан үй сатып алып, шаруа қожалығын құрып жатыр. Өзімен бір жолығып, ауылға келудің сырын сұрағанымызда: - Несін жасырайын, қалада жүргенімізбен ауылды еш ұмытқан емеспіз. Жыл сайын туған топыраққа бір соғып кететінбіз. Сол кезде өзіміз тұрған үйдің құлап, төмпешік болғанын көргенде жүрегіміз қан жылайтын. Отбасымызбен ақылдаса келе, туған ауылымызға қайтып келуді ұйғардық. Басты мақсатымыз – туған елге келіп, қызмет жасау, -деп жауап қатты. Айбектей азаматтың бұл бастамасына риза болдық.

Ауылда жастар жоқтың қасы

Елді мекен тұрғындарының қалаға немесе басқа жаққа көшуінің тағы бір себебі – ауылда жастардың болмауы. Ауылда өсіп-өнген жеткіншектер қолдарына орта білім аттестаты тигеннен кейін «Қала, қайдасың?» деп кетіп қалады. Оларды да түсінуге болады. Басты мәселе – ауылда жастарға жұмыс жоқ. Ауылда жастар болмағасын, шаңырақ көтерген жас жұбайлар да болмайды, бала да туылмайды. Бұл ащы болса да шындық. Ауылда жас жоқ, мектепте бала жоқ. Бұл белгілі формула. Осыдан кейін шағын ауылдардың мектептері жабылып жатыр. Ауданымызда биылдың өзінде Сексенбаев, Бостандық секілді шағын елді мекендерде бастауыш мектептерді жабу туралы мәселе қаралған. Сол секілді Болашақ ауылдық округіне қарасты Көпкүтірде ашылған 9 жылдық мектепті бастауыш қылуға да жоғарыдағы басшылар ойланып отырған секілді. Мәліметтерді аудандық білімі бөлімі мамандарынан алдық. Ауылда мектеп жабылғасын тұрақты жұмыс жасап жүрген тұрғындар жұмыссыздар қатарын толтырмақ. Кезінде дүркіреп тұрған ауылдар, қыстақтар қатарын көбейтіп жатыр. Ал жастардың ауылға баратын ойы жоқ.

Елге оралып, шаруа бастаған

«Ауыл итінің құйрығы қашан да қайқы» дегендей, ауылға бара қалсаң, сыныптастардың өзіңді сөзден сүріндіргісі кеп, түрткілеп қалжыңдасып отыратыны бар. Сондағысы «біз де елміз, сендер бізді, ауылды ұмытып кеттіңдер» деп іштей қажасып отырғаны. Жо-жоқ, мұнысы ешқандай да кекшілдік емес. Тай-құлындай тебісіп бірге өсіп, балалық тәтті күндердің небір сәттерін бірге көріскен достарыңның бір күні қалаға тайып тұратыны елде қалған қыз-жігіттерге оңай емес. Ауылда қалған азаматтардың да жерде қалып, қор болғаны жоқ. Бүгін бірі белді кәсіпкер, бірі шаруасы шалқыған шаруашылықтың жетекшісі. Дегенмен ауылда туып, қалаға кеткен жастардың біраз уақыттан кейін туған жеріне қайтып келіп жатқандары да жоқ емес. Аз болса да кездесіп жатады. Солардың қатарында казталовтық жігерлі жас жігіттер туралы да жазуды жөн көрдік.

73369803-3CED-46FD-831A-446471ED0CBD

Аудан орталығында орналасқан «Әулет» шағын-маркетін басқарып отырған Дулат Рахматуллин мектеп бітіргеннен кейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша оқып, білімін «Экономика және бизнес магистрі» жалғастырған. 2013-2016 жылдары облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламала басқармасында маман болып қызмет атқарады. Жоғары білім алып, керемет жұмысқа орналасқан Дулаттың ауылға қайтып келуіне әкесі себепкер болыпты. -Балам, ауылда дүкен ашуды көздеп отырмын. Осы шаруаны өзің келіп қолға алсаң, жақсы болар еді,- дегесін, - Мен де ауылда тұрамын деп шештім. Шүкір, кәсібіміз алда дамып жатыр,- дейді кейіпкеріміз. Дулат қалада тұрған кезінде де сауда-саттықпен айналысыпты. Енді, міне, бүгінде туған аулына келіп кәсібін дөңгелетуде.

Дулат секілді туған ауылына оралып, кәсіп жасап жатқан Абылайхан Шакуовты да барлық жастарға үлгі етуге болады. Абылайхан да Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын алып шығып, 8 жылдан астам «Еуразиялық банкте» жемісті еңбек еткен. Банкте бөлім басшысы лауазымына дейін көтерілген. Үйленіп, жолдасы да жақсы жерде қызмет жасапты. Қаладағы жарасымды тірлігін бір-ақ күнде ауылға бұрған жас жігіттің таңдауына басында бәрі таңданыпты. Абылайхан Казталов ауылында әкесі Саматпен бірге құрылыс материалдарын сатумен және құрастырмалы үйдің қаңқасын жасаумен айналысуда. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңын салуды да жоспарлап отыр. Мақаламызды жазу барысында Абылайханмен жолығудың да сәті түскен болатын.

3A948FE9-8B3E-4D98-87F2-005F1AFDA7E4

-Мақсатым – ауылға келіп, кәсіп ашу болғанымен, бірақ ауылда туып-өскесін бе, жүрегіміз әркез ауыл деп соғады. Қандай да керемет жерде жүргеніңмен, туған ауылыңдай болмайтынына көзім жетті, - дейді Абылайхан.

Түйін

Міне, біз мақаламыз барысында ауылда туып, түзде қанат жайған азаматтардың түп қазығы ауылға қайтып келуі туралы оқырмандарымызбен бөліскіміз келді. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті. Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейтінін ұмытпайық!

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале