Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Ауыл шаруашылығындағы мәселелерді шешу және ауылдағы өмір сапасын арттыру елдің жалпы дамуына оң әсер етеді", - деген болатын. Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев жұмыс сапарымен бірқатар ауылдық округтерді аралап, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көкөніс-бақша бағытындағы жұмыстармен танысты. Сапар барысында аудан басшысы егін, мал азығын дайындау, жеке тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар және "Ауыл аманаты" жобасы бойынша жүзеге асып жатқан жұмыстарды көріп, жауапты тұлғалармен кездесті.

Ең алдымен аудан басшысы Шыңғырлау ауылының тұрғыны П.Рудь еккен көкөніс-бақшасының жұмысымен танысты. Бақша өнімдері бүгінгі күні аудан орталығына сатылымға шығарылуда. Сонымен қатар Шоқтыбай ауылындағы "Андрей" ШҚ жұмысымен танысты. "Андрей" ШҚ 1360 га жері бар, 150га жерге көпжылдық шөп еккен, мал азығын жеткілікті көлемде жинап алғанын жеткізді. Мал басын көбейтіп, шаруа қожалығын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сапар кезінде аудан басшысы Ащысай ауылдық округіндегі "Ирмекбаев" шаруа қожалығында болып, ондағы мал басының көбеюі, жем-шөп қоры және инфрақұрылым мәселелері бойынша шаруа иесімен пікір алмасты. "Жаңа жер" шаруа қожалығы бүгінгі күні 330 га жерге жасымық егіп, жинауда.

Шаруашылық өкілдері күн райы қолайлы болған жағдайда өнім сапасы мен түсімі көңіл көншітетінін жеткізді.
Мұнан соң "Амангелді Агро" ЖШС-нің далалық жұмыстарына барып, егістік алқаптарындағы техникалық жарақтандыру жұмыстарының барысына назар аударды. Мұнда ауылшаруашылығы бағытында ілкімді істер жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Сапар аясында аудан басшысы Шоқтыбай ауыл ішіндегі асхана құрылысы, Ащысай ауылдық округіндегі жаңа салынып жатқан тұрғын үйлер мен де танысып, құрылыс сапасына, абаттандыру жұмыстарына баса назар аударды. Сонымен бірге, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған нысандардың маңызын атап өтті.

Жалпы, бұл іс-сапар ауылдағы тіршілікті, еңбек майданындағы ахуалды өз көзімен бағамдап, нақты ұсыныстар мен тапсырмалар беруге бағытталды. Аудан басшысы ауыл еңбеккерлерінің еңбегін жоғары бағалап, мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану – ауыл дамуының кепілі екенін айтты. Сонымен қатар, мал азығын дайындау жұмыстарының қарқыны мен сапасына, шаруашылықтарын кеңейту мәселесіне назар аударып, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысына, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Светлана Байтенова,
Шыңғырлау ауданы