Ана атану, әрине, оңай емес. Тар құрсақты кеңітіп, тоғыз ай, тоғыз күн жүрегіңнің түбінде көтерген сәбиіңді аман-есен бауырыңа басу бірінші Жаратқанның жазуына, екінші ақ халаттыларға байланысты. Сондықтан әр ана дүниеге шыр етіп туған сәбиінің кіндігін кесіп, жөргекке ораған акушердің есімі мен бейнесін мәңгі жадына сақтайды.
Бүгінде аудандағы аналардың есінде қалған акушер маман, зейнеткер Утеева Күләш әжеміз жөнінде сыр шертпекпіз.
Ол 1938 жылы Шыңғырлау ауданында дүниеге келді. Әке-шешесінен ерте айырылған Күләш әжеміз нағашы ата-әжесінің бауырында өскен. Есін білер-білмес шағында мәпелеп өсірген жақын адамдары қайтыс болып, нағашы атасының інісінде бала болмағандықтан, солардың қолында тәрбиеленіп бойжеткен. Сөйтіп, 7-сыныпты бітіріп, Орал қаласындағы медициналық колледжде үш жылдан астам акушер мамандығын оқиды. Акушерлік бөлімді бітіріп, диплом алады. 19 жасында ең алғаш еңбек жолын Шыңғырлау ауданының «Отыз жылдық» ұжымшарынан бастап, үш жыл жұмыс істейді. Сол кезде жолдасы Қыду Аққазиев Алматы қаласынан ауыл шаруашылығы институтын аяқтап, Шыңғырлау ауылына келген екен. Содан 1960 жылы екеуі шаңырақ көтеріп, Жаңақала ауданына қоныс аударған. Жас отбасы мұнда бір жыл тұрып, кейіннен оларды Жаңақазан ауылдық округіне жіберген. Ол жақта 10 жыл тұрған Аққазиевтер жанұясы 1972 жылы аудан құрылғанда ғана көшіп, содан бері Жаңақала ауылы құтты қонысына айналған. Күләш әжеміз сол жылдан бері зейнеткерлік 59 жасына дейін аудандық ауруханада акушер боп адал қызмет атқарған.
- Акушер болу – қиын әрі жауапты жұмыс. Өйткені екі адамның өмірін сақтау – тек сенің қолыңда. Бәрін де көрдік. Осы ауданның көптеген перзенттері – менің «кіндік балаларым». Мен босандырған әйелдердің саны шексіз. Солардан қаншама алғыс алдым. Босандыру кезінде де мені қолымнан бірде-бір нәресте ажал құшып көрмеді. Барлығы аман-сау жарық дүниеге келген еді, - деді анамыз ұзақ жылдар бойы жасаған қызметін еске алып.
Қолы шипалы, аузы дуалы Күләш апайдың 1961 жылы Сәбира атты тұңғыш қызы жарық дүние есігін ашса, 1963 жылы Нұрлан, 1965 жылы Гүлнар, 1969 жылы кенже қызы Шолпан дүниеге келеді. 2013 жылы кенеттен жалғыз тұяғының өмір керуені тоқтап, сұм ажал алып кеткенде ана жүрегі қатты қынжылған. Сөйтіп, қыздары бойжетіп, ұяларынан ұшып, тұрмыс құрған. Қазіргі таңда жалғыз тұрып жатқан Күләш анамыз өз-өзіне қызмет етіп келеді. «Қыздарыма сендерге масыл болмайын, өзімнің жағдайым өзіме жетеді дедім. Тек жалғыз ұлымның қайғысы жаныма бататыны жасырын емес», - деді әжей жанарын жасқа малып әрі ұлын сағынышпен еске алып.
Күләш Сәлімгерейқызынан бала тәрбиесіне қатысты басты қағидаларын сұрағанымызда: «Бала – біздің болашағымыз, біздің қазынамыз. Бар байлығымыз да балалар. Осы кезге дейін Алла Тағала балаларға қиындық көрсетпей, балаларымыз, жастар аман болсын деп дұға тілеп отырамыз. Ал біз үлкендер көретінімізді көрдік. Ендігі біздегі тілек, ұрпақтарымыз аман болсын дейміз. Елді басқаратын да, халыққа жұмыс жасайтын да сендер. Біз көрген қиындықтарды сендер көрмеңдер» деп жүрекжарды бата-тілегін айтты.
Жаны жайсаң, көңілі жас Күләш әжемізбен әңгімелесу барысында керемет әсерге бөленіп қайттық. Себебі 82 жасқа келсе де тың, қайратты әжей бізге көп әңгімесімен бөлісті. Халқына еңбегі сіңген қарияларды құрметтеп, әдептілік көрсету – біздің адами қасиетіміз және басты міндетіміз.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz