7.01.2024, 20:00
Оқылды: 52

Ауылдың әлеуеті арта бастады

Өткен жылдың соңында облыс басшылығы, құзырылы құрылым өкілдері Астанаға барып «Ауыл аманаты» жобасы бойынша былтыр атқарылған істер туралы есеп беріп, биылға жоспарланған жобаларды сәтті қорғап келді. Былтыр аталмыш жобаны жүзе асыруға облысымызға республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге бөлінсе, биылға қаралған қаржы 7,9 млрд теңгеге жетті.

IMG-20240107-WA0050

Бұл туралы «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасының Бәйтерек ауданында жүзеге асу барысы туралы Мичурин ауылында өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов мәлімдеді.

Жиында бірінші болып баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменовтің сөзіне қарағанда, Бәйтеректе аталмыш жоба бойынша жұмыстар 2022 жылдың желтоқсан айында басталған. Былтыр бұл жобаға Бәйтеректегі 22 ауылдық округтің 9-ы қатысты. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 174 бәйтеректік 1,159 млрд теңге жеңілдетілген несие алуы үшін «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына құжаттарын тапсырды. Нәтижесінде олардың 135-і 983,1 млн теңге көлемінде несиеге қолжеткізді. Бес бағыт бойынша берілген қажеттың ең көп мал шаруашылығын дамытуға байланысты ұсынылған 92 жобаға (734,1 млн теңге) бөлінді. Ал оның дені сүтті бағыттағы ірі қара малын алуға жұмсалды. 11 жоба аясында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (АШӨК) құрылды. Несие алғандер тек мал мен құс өсіріп, өсімдік шаруашылығына ден қойып отырған жоқ. Арасында жартылай фабрикаттар өндіруге, техникалық қызмет көрсетуге, нан өнімдерін шығаруға, жылыжай шаруашылығына, кілем жууға қажет құрал-жабдықтар алып, кәсіпкерлікке бетбұрғандар да бар. Осылайша қанатқақты жоба аясында былтыр ауданда 135 жеке кәсіпкерлік ашылса, оның 31-ін жұмыссыздар, 102-сін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 2-уін ғана жұмыс істейтіндер құрды. «Бұл іс биыл да жалғасын табарына және былтырғыдан қарқынды боларына сенім зор,-деді Мұрат Болатұлы.-Өткен жыл соңында жүргізілген скрининг нәтижесінде ауданда жоба талаптарына сай келетін ауылдық округ саны екі есеге өсіп, 18-ге жетті. Бұл ауылдық округтердегі жалпы тұрғындар саны 60 мың адамға жуықтайды, оның ішінде, жұмыссыздар – 1018, АӘК алушылар – 151, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған - 2932 адамды құрайды. Мұндағы аула саны 17196 бірлік болса, оның жартысына жуығы, яғни 5871-і мал ұстамайды. Ауылдардағы орташа табыс 80,2 мың теңге шамасында. Қанатқақты жобаның тиімділігін көріп, түсініп, биыл оған қатысуға ниет білдіріп жатқан ауыл тұрғындарының саны артуда. Қазіргі таңда 926,4 млн теңгеге өтінім түсті».

IMG-20240107-WA0048

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов «Ауыл аманаты» – аты айтып тұрғандай, ауылдағы ағайынның жағдайын оңалтуға бағытталған жоба екеніне тоқталды.

- Қанатқақты жобаның басты мақсаты – тұрғындардың табысын арттыру. «Оны қалай арттыру керек?» деген сұрақтың жауабын біздер, яғни атқарушы құрылым өкілдері жақсы білуіміз керек. Мұндай қаржы, осындай мүмкіндік бізге жыл сайын берілмейді. Сол себепті бес жылға есептелген аталмыш жобаны тиімді пайдалануымыз керек. Сөздің шыны керек, мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын, кепілдемесі қолайлы, ұзақ мерзімді қамтитын несие бұрын болған емес. «Ауыл аманатының» алдағы уақытта да сәтті жүзеге асуы үшін ауыл әкімдері белсенді еңбек етулері керек.

Жиында облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов баяндағандай, былтырғы желтоқсанда облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасына орай аудан, ауыл әкімдерімен жиналыс өткізді. Сонда ауыл әкімдеріне аталмыш жоба аясында тұрақты түрде түсінік жұмыстарын жүргізуге, бұл бағытта тұрғындармен тығыз байланыста болуға, әр ауылдық округ жанынан АШӨК қалыптастыру туралы тапсырма берілген. «Сөздің шыны керек, кооперативті айтқанда, көбі шошиды, бұрынғы шағын колхоздар секілді малымызды алып алады деп ойлайды. Бұл – мүлде қате пікір,-деді Алдияр Сансызбайұлы. - Мәселен, АШӨК ауылда сүтті сиыр ұстайтын тұрғындардың такси жалдап қалаға бармауы үшін ол сүтті сатып алу, егер бағбан болса, олардың бақшаларының жерін жырту, суару, алған өнімерін сату мәселелерін шешуді ұйымдастыруы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, бір ауылдан бір кооператив құруға бәріміз де күш салуымыз керек. Жалпы, былтыр облысымызда аталмыш жоба аясында несие алғандардың 90 пайыздан астамы мал шаруашылығына, соның ішінде етті ірі қараға мән берді. Мұндай көрініс әсіресе оңтүстік аудандарда байқалды. Тұрғындармен, атқарушы құрылым өкілдерімен кездескен кезде біз бұл туралы да айттық. Аудан-ауылдың дамуы үшін біз түрлі салаларды өрістетуге үлес қосуымыз керек. Мысалы, Жәнібек ауданына жұмыртқа Ресейден әкелінеді. Яғни осы қанатқақты жоба аясында құс шаруашылығына ден қоюға мүмкіндік бар емес пе?! «Ауыл аманатының» да көздеген түпткі мақсаты – аудан-ауылда сұранысқа ие тағамдарды, әсіресе халықтың күнделікті қолданысындағы азық-түлік тауарларын жергілікті жерде өндіруге жағдай жасау».

IMG-20240107-WA0044

Жиын барысында сондай-ақ, облыстық ауыл шарушылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев, «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жетекшісі Ержан Досмақов да баяндама жасап, аталмыш жобаның ерекшеліктеріне, биылғы өзгерістерге тоқталды.

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале