Өткен аптада Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов жұмыс сапарымен Ақтау және Мереке ауылдық округтерінде болды. Сапар барысында тұрғындармен кездесіп, сауалдарға жауап берді.
Сонымен қатар ауданда өндірістік кооперативтерді құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Оның халық үшін тиімділігінің мол екенін түсіндірді. – Бұл бағытта округ әкімдері жұмыстанып жатыр. Тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарын одан әрі дамытуға ынталандыру, олардың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа бағдарламаның жобасы жасақталды. Оның негізгі бағыттарының бірі – осы өндірістік кооперативтерді дамыту. Сондықтан бағдарлама республикалық деңгейге ұсынылады. Егер ол жоғарғы жақтан қолдау табатын болса, онда аудан тұрғындарына жеке шаруашылықтарын дамыту үшін қолжетімді бағамен, төмен пайызды несиелер және мал басына субсидиялар алу, сондай-ақ тағы басқа да жеңілдіктер берілетін болады, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Сондықтан барлық аудан тұрғындарын осы бағдарлама аясында жұмыстанып, мал басын көбейтуге атсалысулары қажет екенін естеріне саламыз. Кең байтақ жерімізді төрт түлік малға толтырып, өндірістік кооперативтерді көбейтуіміз керек.
Шынтемір Серік
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер