Әрбір ауданда жүзеге асатын көшет отырғызу, көктемгі сенбіліктер дәстүрге сай ауданымызда да іске асырылып жатыр. Көшет отырғызуда алдыңғы қатарда болмағанмен, көштен қалмадық. Індет елді жайлады екен деп тазалық сақтамай отырғанымыз орынсыз болары анық.
Аудан орталығындағы Жымпиты ауылдық округі әкімшілігі де округ маңындағы тұрмыстық қалдықтар шоғырланған жерлерді әр мекеме қызметкерлеріне бөліп қойған.
Жымпиты ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Тұрар Камаловтың айтуынша, өткен апталарда Жымпитыдан 8 тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылса, осы аптадағы сенбілікте қоқыс 2 тоннаны құраған. Қазіргі таңда округ бойынша жалпы 10 тонна қоқыс шығарылған болса, алдағы уақытта да сенбіліктер өз жалғасын таппақ.
Әйтсе де, «әттеген-ай» дейтін тұстарды ел қатарлы сенбілікке шыққан біздер, газет ұжымы да көріп қайттық.
Жерлестеріміздің ішінде ауласынан шыққан қалдықтарды сай-салаға тастап жатырған тұрғындарды да көзіміз шалды.
Тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтамай, қоқысты белгіленген орындарға төкпей, «әйтеуір ауламнан шықса болды ғой» деп маңына, сай-салаға, өзеннің қойын-қонышына толтырып тастайтындығын айтпасқа болмас. Әрине, өзіне тиесілі объектілерді тазалаудан мекеме қызметкерлері қашпайтыны белгілі, бірақ, кей тұрғындардың қоқысты сай-салаға шашпайтынына, қашықтау болса да қоқысқа арналған орынға апарып тастайтынына сенімді болғымыз келеді-ақ. Бірақ, белгіленген аумақтардың өзінде мекеме қызметкерлері көбіне-көп көшелерді емес, жекелеген үйлердің айналасын жинауға мәжбүр болатыны рас.
Ылғи «түймедейді түйедей» қылатын өзіміз, өзге елдер көшенің тазалығын күйттесе, біз қоқыс жәшіктері алыста дегенді алға тартып, ауламыздағы күл-қоқыс пен соғымға сойылған малдың терісін елге жария қылып әлекпіз. Ауылымыз таза болуы үшін ауламызды тазалаудан бастағанымыз жөн.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы