Бөкей ордасы аудандық ауруханасының дәрігерлер қатары жас маманмен толықты. Бұл жолы келген жас дәрігер Саралжын дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибе дәрігері болып тағайындалды.
Шалғайдағы ауылдың шипагерін толық таныстыра кетсек, артық болмас. Дәрігеріміздің есім-сойы - Қуат Қылышбеков. Шымкент қаласының тумасы. 1992 жылы туған. Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің «жалпы медицина» факультетінің түлегі. Жалпы тәжірибелі дәрігер. Еңбек өтілі – 5 жыл. Қуат Дәуренұлы тек дәрігер ғана емес, айтары бар ақын. Отыздан енді асқан талантты ұлымыздың “Жасуша ішіндегі Жалғыздық”, “Қарашықтағы күрсінген ғұмыр” атты поэзиялық кітаптары жарыққа шыққан. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Көптеген республикалық әдеби сыйлықтардың лауреаты. Арынды ақын Қуат Қылышбековке дарынды дәрігер ретінде танылуына тілекшіміз.
Анар Артықбай,
Бөкейорда ауданы,
zhaikpress.kz